Хоккей • 11 Мамыр, 2020

Жарыс жеңімпазы анықталмайды

149 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) коронавирус пандемиясына байланысты 2019/20 маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болған соң, биыл ҚХЛ-дің және Гагарин кубогының жеңімпазы анықталмайтынын мәлімдеді.

Жарыс жеңімпазы анықталмайды

Гагарин кубогының екінші кезеңіне «Ак Барс», «Барыс», «Сибирь», «Салават Юлаев», ЦСКА, СКА, «Динамо» және «Йокерит» командалары шыққан болатын. Осылайша, аталған 8 команда реттік саны бойынша 1-8 орындарды өзара бөліскен. Сондай-ақ ҚХЛ-дің турнир кестесі бойынша қалған командалар 9-24 орынға жайғасқан.

Айта кетейік, ҚХЛ  карантин уақытында жанкүйерлер арасында Гагарин кубогының виртуалды жарысын өткізген болатын. Бұл сында жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған Уфаның «Салават Юлаев» командасы топ жарды. Ал «Барыс» клубы онлайн бәсекенің екінші кезеңде «Сибирь» командасынан 4:0 есебімен жеңіліп қалды. Жалпы елорда командасы ҚХЛ-дың биылғы маусымында «Шығыс» конференциясында екінші, Чернышев дивизионында бірінші орын иеленді. Лигада аса жоғары төртінші орыннан көрінді.