Жүк көліктеріне тиелген 20 тоннадан астам азық-түлік Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасындағы апат салдарынан қиындыққа тап болған отандастарымызға таратылады.
Қайырымдылық акциясы «Ауыл» партиясының төрағасы, Парламент сенатының депутаты Әли Бектаевтың бастамасы бойынша қолға алынды. «Ауыл» партиясының барлық аймақтардағы филиалдары партия төрағасының бастамасын қолдап, осындай сын сағатта мақтааралдықтарға көмек қолын созуға шешім қабылдап, қайырымдылық автокеруенін ұйымдастырып, жедел түрде зардап шеккен аймақтарға ең қажетті азық-түлік түрлерін жіберді.
Партияның Шымкент қаласындағы филиал төрағасы Қанат Досалиев: «Ауыл» партиясы – нағыз патриоттардың партиясы. Дәл бүгінгідей сәтте барлық аймақтардағы филиалдарымыз жұдырықтай жұмылып, осы шараға атсалысуда. Қиындыққа ел болып қарсы тұру, зардап шеккендерге жәрдемдесу – біздің атадан келе жатқан игі салтымыз, Қазақстан халқының ең асыл қасиеттерінің бірі деп есептеймін» деді.