Естеріңізге сала кетейік, өткен аптада «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қаупінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынды, оған сәйкес азаматтар ХҚО-дан тек «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен онлайн түрде ресімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады.
Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған броньдау арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz
порталы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілей аласыз.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрайымы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, кезекке тапсырыс беру – ең алдымен қызмет алушы үшін өте ыңғайлы. Ол ХҚО-ға бірден қызмет алу үшін немесе құжатын алып кету үшін ғана барады. «Бірінші күні біз кезекке тапсырыс бермеген клиенттердің өзінен жағымды пікір естідік. Олар қызметтерді тез алуға болатынын көріп, келесі жолы тек броньдау арқылы келуге уәде берді», деді Ә.Балташева.
Ол сондай-ақ кезекке тапсырыс берген клиенттердің белгіленген уақыт аралығында келу керектігін айтты, себебі бронь уақыты өтіп кетсе, қайта брондау рәсімін жасау керек. Сонымен қатар бронь барысында тіркелген ЖСН иесі ғана электронды кезекті пайдалана алады.
Естеріңізге сала кетейік, 4 мамырдан бастап төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі штабтардың шешімімен бірқатар аймақта халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды.
Атап айтқанда, Қарағанды, Ақтау және Орал қалаларында жеке тұлғаларға қызмет көрсету үшін алдын ала брондау арқылы ХҚО-лар ашылды, ал Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында ХҚО-лар шағын және орта бизнеске қызмет көрсету үшін ашылды.