«Бүгінде көпшілігі шетелде білім алуда немесе шетелдік білімге ие. Сондықтан бұл көрсетілетін қызмет кеңінен танымал деуге болады. Жүргізілген интеграцияның және процесті автоматтандырудың нәтижесінде енді құжаттарды онлайн режімінде заңдастыруға болады. Сіздің өтініміңіз тікелей Білім және ғылым министрлігінің Болон процесі және академиялық мобильдік орталығына қарауға жіберіледі», деп түсіндірді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов.
Көрсетілетін қызметті алу үшін eGov.kz порталына кіру, содан соң «Білім» қосымшасын таңдау қажет. «Жоғары оқу орнынан кейінгі білім» бөлімінде қажетті қызметті таңдаған соң одан әрі порталда авторлану және «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасы бойынша өту керек. Содан соң құжат иесі туралы негізгі мәліметтерді енгізіп, «Білім туралы құжаттарды тану/нострификациялау», «Білім туралы құжаттарды тану/нострификациялау туралы куәліктің телнұсқасы» қызметінің бір түрін таңдау, барлық қажетті құжаттардың көшірмелерін бекіту, қызметті төлеу және бір реттік пароль немесе ЭЦҚ көмегімен қол қою қажет.