Аймақтар • 11 Мамыр, 2020

Жамбыл облысында карантиндік шараларды жеңілдетудің екінші кезеңі енгізіледі

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен мемлекеттік комиссия отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағындағы төтенше жағдай режимінің тоқтатылғаны туралы хабарлады. Бірақ карантиндік шектеу шаралары кезең-кезеңімен жеңілдетілетін болады.

Жамбыл облысында карантиндік шараларды жеңілдетудің екінші кезеңі енгізіледі

Жамбыл облысында тұрақты карантин режимі сақталуда. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Ол бірінші кезеңде ағымдағы жылдың 28 сәуірінен бастап бірқатар бизнес субъектілері үшін шектеулер алынғанын, нәтижесінде 18 мыңға жуық адам жұмысын қайта бастағанын айта келе, 11 мамырдан бастап карантиндік шараларды жеңілдетудің екінші кезеңі енгізілетінін, тиісті шешімді облыстық жедел штабтың қабылдайтынын жеткізді. 11 мамырдан бастап санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтай отырып, бірқатар нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат беру ұсынылатын болады. Тұрмыстық және ұйымдастыру техникасын жөндеу бойынша сервис орталықтары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары, ауданы 500 м2 дейін азық-түлік емес дүкендер, тұрмыстық техника дүкендері, оптика дүкендер, фотосалондар, гүл сататын дүкендер және дүңгіршектер, жылжымайтын мүлікпен операциялар бойынша компаниялар, жарнама агенттіктері, сақтандыру компаниялары, медициналық орталықтар таңғы 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. «Жамбылдықтарға, сондай-ақ, көшеде спорттық жаттығулар өткізуге рұқсат етіледі. «Тараз – Нұр-Сұлтан – Тараз» бағыты бойынша авиарейстер қайта іске қосылатын болады. Алдын-ала мәліметтер бойынша, екінші кезеңде

632 бизнес нысаны ашылып, 6470 адам жұмысқа қайта оралады. Жұмысты қайта бастау үшін санитайзерлердің, медициналық маскалардың, қолғаптардың болуы міндетті шарт. Шаштараздар мен сұлулық салондарының, барлардың, түнгі және ойын клубтарының, сауда орталықтары мен кинотеатрлардың, спорт ғимараттарының, монша, мейрамханалардың, кафелердің, базарлардың және қоғамдық көліктердің жұмысына әлі де тыйым салынған. Сондай-ақ, ойын-сауық, спорттық және басқа да қоғамдық іс-шараларды, көпшілік жиналатын отбасылық, естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Тұрғындардың тұрғылықты жерлеріне жақын серуендеуге рұқсат етіледі, бірақ саябақтар мен скверлердің ашылуына тыйым салынады. Облыс аумағында және Тараз қаласы периметрі бойынша автожолдарда, елді мекендерде блок-бекеттер жұмыс істейтін болады. Карантиндік шараларды жеңілдетудің келесі кезеңі бойынша шешімді өңірдегі қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, облыстық жедел штаб қабылдайды», деді Нұржан Каландеров.

Сонымен қатар брифинг барысында Жамбыл облысының бас санитарлық дәрігері Ғазиз Надуев облыс аумағында ағымдағы жылдың 24 наурызы мен 11 мамыры аралығында 143 ошақта коронавирус індетінің 179 жағдайының тіркелгенін, сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 15,5 пайызды құрағаныны жеткізді. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, коронавирустық инфекцияның бірқатар аумақтық жағдайлары анықталған. Тараз қаласында 86 оқиға, Байзақ ауданында 18, Жамбыл ауданында 6, Қордай ауданы 37, Меркі ауданында 4, Мойынқұм ауданы 1 және Шу ауданында 2 жағдай тіркелген. Сондай-ақ, 6 оқиға «Үндістан – Тараз» рейсімен облыс аумағына келген келген жолаушылардан анықталған болса, 20 сәуір күні «Атырау – Шымкент» рейсінен 3 оқиға, «Атырау – Тараз» рейсінен 4 жағдай, 29 сәуір күні «Атырау – Тараз» рейсінен 9 оқиға және   3 мамырда «Атырау – Тараз» рейсінен 3 жағдай анықталған.

 

Жамбыл облысы