Қоғам • 12 Мамыр, 2020

Құрсақтағы бала қай елдің азаматы болады?

971 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ойланып көріңізші, анасының құрсағындағы бала қай елдің азаматы болуы тиіс? Бұл Өзбекстаннан атамекенге келіп, Рудный қаласының әкімшілік аумағына қарайтын Қашар кентін қоныс еткен Телібаевтар отбасының бас ауруына айналған мәселе болып тұр. Осы «бас аурудан» Ерекең не күлерін, не жыларын білмейді. Ерлан Телібаевтың тұңғышы Айтымбек биыл ақпан айының 18-і күні 16 жасқа толды.

Құрсақтағы бала қай елдің азаматы болады?

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Баласының ержеткені әр отбасы үшін үлкен қуаныш. Анасы Клара ұлымен кенттегі халыққа қызмет көрсету орталығына ба­рып, оның басты құжаты – жеке басының куәлігін алуға өтініш жазады. Мерзімді он бес күннен кейін құжатты алуға барғанда, халыққа қызмет көр­сету орталығының қызметкері С.Жантілесова: «Сіздің өтінішіңіз бойынша ұлыңызға жеке басты куәландыратын куәлік берілмейді деген жауап келді» дейді де, бұл жөнінде Рудный қалалық полиция басқармасы көші-қон бөлімшесіне баруға кеңес береді. Бұған аң-таң болған Ерлан Рудный қалалық полициясы көші-қон бөлімшесінің бастығы Біржан Аманбаевқа барады.

Ерлан өзінің тумысынан тез сөйлейтін мәнерімен бір-екі минуттың ішінде Қазақстанға 2003 жылы көшіп келіп, Қа­­зақ­­­­стан Республикасының аза­маттығына сол жылы қараша айын­да өтініш бергенін, ол кезде әйелі Клара Арғынбаеваның аяғы ауыр болғанын және 2004 жылдың 18 ақпанында аман-есен босанып, Айтымбек есімді ұлды болып, оған 25.02.2004 жылы №0465790 санды тууы туралы куәлігін алғандығын, енді сол бала 16 жасқа толғанда оның жеке басының куәлігін алу үшін неге Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайтындығын айтып-айтып тастап, зорға тоқтады. Ерланды тыңдап болған соң, Біржан да көп ойланбапты.

– «Өздерің Қазақстан аза­маттығына өтініш бересіңдер, неге іштегі баланы сол кезде тізімге қоспадыңдар?» деді қа­ла­лық көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы Біржан Аманбаев. «Ойбай-ау, ол кезде әйелімнің аяғы ауыр, 5-6 ай болған деп тұрмын ғой?! Әйелімнің құрсағында жатқан шарананы Қазақстан азаматтығын алу тізі­міне қалай қосамын? Ол бала жарық дүние көре ме, көрмей ме, мен оны қайдан білемін? Іштегі бала түгіл, сырттағы өзіміз алдағы күніміздің қалай боларын білмей жүрдік ғой!» десем, «Бала туды ғой, туған соң неге қоспадыңдар тізімге? Азаматтықты өздерің алсаңдар болды деп ойладыңдар ма?» дейді. «Ойбай-ау, ол бала тумаса, мына төбемнен қарап тұрған жанымдағы еңгезердей ұлым қайдан келді?! Біз азаматтыққа өтінішті бұл құрсақта жатқанда беріп қойдық ғой?» деп, күйін­генімнен буынып қала жаздадым сол жерде, – дейді Ерлан шоқ уыс­тап тұрғандай шырылдап.

Ерланның «буынатындай» да, шырылдайтындай да жөні бар. Әйелі екеуі ұлы 16 жасқа толғанша оның «Қазақстанның азаматы еместігін» білген де жоқ. Себебі Айтымбек туғанда сол жыл­дардағы уәкілетті органдар мен Рудный қалалық ішкі істер басқармасынан «Оралмандардың Қазақстанда туған баласы осы елдің азаматы болады» дегенді естіген соң, жас ата-ана күнделікті қамсыз тіршілікпен кеткен еді.

Рудный қалалық көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы Біржан Аманбаев Ерланға мұндай жағдайдың өзіне бірінші рет кездесіп отырғанын жасырмапты. Ол Ерланға «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңының «Ата-анасы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын баланың азаматтығы» деп аталатын 11-1-бабындағы «Бала туған кезде ата-анасының екеуі де шет мемлекеттің азаматы болса, ол туған жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайды» деген мәтінді көрсетеді. 2003 жылдың қараша айында Ерлан мен Клара Телібаевтар Қазақстан Республикасының азаматтығына өтініш береді, ал ұлы 2004 жылы ақпанның 18-і күні дүниеге кел­ді. 2004 жылы шілденің 21-і күні ерлі-зайыптылар Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Демек, бала ата-анасы елдің азаматтығын алуға өтініш берген және алған уақыттың аралығында өмірге келді, яғни нәрестелі бол­ғанда олардың азаматтығы әлі қолға тимеген болатын. Бір­жан Аманбаев Ерланнан Өзбек­станның Қазақстандағы елші­лігінен Айтымбектің Өзбекстан Республикасының азаматтығын қабылдамағаны жөнінде анықтама алып келуіне кеңес береді. Сонан соң баланы азаматтығы жоқ тұлға деп таныған соң, Қазақстан Республикасының азаматтығына өтініш бере алатынын түсіндіреді. Ерлан «Менің ұлым Қазақстанда туды, осында өсті. Өзбекстанда анасының бойына біткені болмаса, ол елдің шетін де көрген емес қой?!» деп тағы шыр-пыр болып, көңілі тартпаса да, сәті түсіп қалар деген дәмемен Өзбекстан елшілігі жанындағы консулдық бөліміне хабарласып, Дилшот есімді жауапты қызметкермен сөйлеседі.

– Консулдық бөлімінің Дил­шот есімді қызметкері менен Өзбекстанның төлқұжатын талап етіп, «сендер-ақ басымды қатырдыңдар» дегендей, тіпті дөрекі сөйледі. «Өзбекстанның паспортын қандай қоқыс жәшігіне тастадың?» деді. Мен ешқандай қоқысқа тастамағанымды, сол уа­қыттағы тәртіп бойынша Өз­бекстан төлқұжатын ішкі істер басқармасына өткізіп, сол жерден Қазақстан азаматтығын куә­лан­дыратын жеке бас куәлігін алғанымызды айттым. Консул қызметкері: «Онда сол паспортты тапсырған полициядан анықтама алып кел!» деді де, сөзімнің соңына қарамастан телефон тұт­қасын тастап жіберді. Елшілік қызметкерінің дөрекілігі мені одан сайын жерге тыққандай жасытты, – дейді Ерлан Өтеуұлы.

Атамекенім, қазағым деп, алып-ұшқан жүрегін қолына ұстап жеткен бір отбасын сер­гелдеңге салып отырған осы жағ­дайды реттейтін еліміздің заңдары не дейді? Еліміз Тәуел­сіздігін алғаннан кейін іле-ша­ла қабылданған Қазақстан Рес­публикасының 1991 жылы 20 желтоқсандағы «Қазақстан Рес­пуб­ликасының азаматтығы туралы» заңының 10-бабы Қазақстан Президентінің 1995 жылы 03 қазандағы № 2477 Жарлығына сәйкес өзгертіледі. Онда «10-бап. Азаматтық алу негіздері. Қазақстан Республикасының азаматтығы:

1)тууы бойынша;» деп әрі қарай жалғасады. Демек, бұл бала Қазақстанда туса, еліміздің азаматы болады деген емес пе бұл? Заңның 10-бабы өзгертілген 1995 жылы Айтымбек түгіл оның әкесі Ерлан әлі мұрты тебіндемеген жасөпірім еді. Ал Рудный қалалық көші-қон полициясы бөлімшесінің бастығы Біржан Аманбаевтың Ерлан Телібаевқа көлденең тартқаны – «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның 2011 жылы 22 шілдеде 11-1-баппен толықтырылған нұсқасы болатын. Заңға бұл өзгеріс енгенде Қазақстанда туған Айтымбек 7 жасқа толып, Қашардағы қа­зақ мектебінің партасында отыр­ған еді. Заңдағы осы толық­ты­ры­­лымның Айтымбекке қан­шалық­ты қатысы бар? Заңға то­лық­тыру 2011 жылы енгізілді, ал Айтымбек 2004 жылы туды. Құзыр­лы органдар мына заңның кейінгі толықтырылым екенін біле тұра, адамдарды неге сарсаңға салады?

Жалпы, Қостанай облысы­на келген қандастар осындай құжат «хикаяларынан» жиі зар­­дап шегеді, таусылмайтын анық­тамалардың соңында сабылатын кезі көп. Заңға берілген түсі­ніктемеде «Оралман» мәрте­бесi азаматтықты алғанға дейін Қазақстан Республикасы азаматтарымен барлық салада тең құқыққа ие болу үшін берiледi» деген сөз заңды жүзеге асыру механизміне келгенде теріс айналып кетеді. Ең қиыны, 9-сыныпты бітірейін деп отырған Айтымбек биыл колледжге түскісі келеді. Жеке басының куәлігінсіз ол қайда бармақ? Соның салдарынан оқу орнына құжат тапсыруға үлгермей қаламыз ба деген уа­йымы бар. Коронавирус карантині жарияланғалы олар Қашар кен­тінен аттап тағы шыға алмайды. Ал Айтымбек Өтеуов мектепте үз­дік оқиды, спортшы, домбырашы. Қазақстанның, халқының мақтанышы болуды армандап өсіп келеді. Алайда Айтымбектің арманына керенау кеңселердегі қабылданған шешімдер тұсау болатын түрі бар...

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

журналист

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы