Руханият • 12 Мамыр, 2020

Орыс келін немесе «бақша қарақшылары»

1021 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық базарда жолыққан. Бір кезде Есілдің құба талындай солқылдайтын, бергі жағынан қарасаң, арғы жағындағы күннің көзі көрінетін жұп-жұқа бала еді. Қазір жауырыны қақпақтай, жұ­ды­рығы тоқпақтай жігіт. Ба­зар­дағы қырғыздар айыр-кү­ректің сабын сататын қаға берісте тұр екен. Бұл жерде не жоқ дейсіз, балтаның сабы, ші­лік­тен буған сыпырғыш, ағаш күрек, моншаға қажетті қайың жапырақтарынан буылған сыпырғыш. Кезек те қа­ра­құрым. Сатушы қырғыз алушы қазаққа «асықпаңдар, бәріңе жетеді» деп қояды.

Орыс келін немесе «бақша қарақшылары»

Әуелі ауыл-елдің амандығын сұрастық. Бойына қарап едім, таралып өсіпті.

– Баяғы ұрлап жеген қия­рың­ның пайдасы-ау, – дедім мен, – қай­да бара жатырсың?..

– Ауылдан келдім ғой, аға!

– Жоқ, оны айтпаймын, бойың қай­да бара жатыр?

Күмілжіп қалды.

– Қара жұмыс істемегесін шы­ғар, балалар өсіп қалды ғой. Қо­ра­дағы бірер сиыр, екі-үш тоқ­ты­ны өздері-ақ жайлайды. Анада айырдың сабы сынып қалып, көршілерге күніміз түсіп жүр еді, базардан сап сатып ала кетейін деп келдім.

– Айырға сап алғаны несі, ауыл толған ағаш емес пе? Өзде­рің жонып алсаңдар қайтеді.

– Тәйір-ай, оны кім жонады, аға? Мында қырғыздардың жонып қойғаны дайын тұрғанда. Осыдан-ақ ала саламыз.

Осы бала, Бижігіт кішкентай кез­інде тентек болды. Таң ат­қан­нан кешке дейін ауылдың қотанын ала шаң қылып ит қуып жүретін. Бір жылы өзімізбен ата­лас ағайын келін түсірді. Келін болғанда қандай?! Тек орыс­тардың арасында өскен соң қазақшасы шамалы. Той өткен соң келесі күні төңірекке көз салыпты. Біздің ауыл көлді жиек­тей қонған елді мекен. Бүйір­де Борлық өзені мөлдіреп ағып жатыр. Құнарлы топырағы қандай?! Әлгі келіннің көзі нешеме жылдан бері тау-теңіз болып үйіліп жатқан көңге түсіпті. Біздің жақтағы ауылдар мал қиын жыл сайын трактормен ысырып, ел шетіне үйе береді ғой. Көң өз-өзінен жылда күйеді. Кейін тыңайтқышқа айналады. Күнде көріп жүргендіктен оған ешкім көңіл аудармайды. Кейін орысша сөйлегені үшін, бақша еккені үшін «орыс келін» атанған әлгі келіннің көзіне көгілжім мұнар тұмшалаған Қарағаштың қалың орманы, мөлт-мөлт етіп жатқан Жарқамыс көлі, ерке өзен Борлық түспей, жан адамға керегі жоқ көң түскен ғой. «О, боже» депті орыс келін, не деген байлық?! Абысындары жас келіннің ақыл-есінің бүтіндігіне күмән келтірген. Көң мен қиды да кісі байлық деп есептейді ме екен. Жас келін бірден іске кіріскен. Арамшөптен басқа ештеңе өспейтін бақшаның ішін тазалап, біздің ағайға арба-арба көң тасытып, қияр мен қызанақ егіп­ті. Ол кезде біздің ауыл қияр мен қызанақты көрші орыс по­сел­­кесінен сатып алып жейтін. Тұң­ғыш қадам сәтті болып, «орыс» келіннің еңбегі жанса керек, өнімі де жойқын. Бірақ, ауыл­дың тентектері тыныштық бер­меген. Әлі жеуге жарамайтын көк кезінде жұлып тастайтын. Жоқ жұлып тастамайды, жемекші болып сабағын шайнайды. Әлгі тентек қайныларына жас келін бақша қарақшылары деп ат қойыпты. Әрине, орысша. Кейін бақша қарақшыларының қолы жетпеген жерге өскен өнімді шелек-шелек қылып жинап, тентек қайныларын қарық қылса керек. Соның бірі жаңағы Бижігіт.

Содан бері қаншама уақыт өтті. Біздің ауыл қияр мен қы­за­наққа тісін тигізген «орыс» келіннің ісін ерсі көріп, күс­тә­на­лап жүргенде, ол да көшіп кет­кен. Өнегесі өріс жаймады. Көкөністі көгермей жатып жей­тін Бижігіттер қазір айырға сап іздеп жүр.