Таным • 12 Мамыр, 2020

Соғыс сомдаған суреткер

551 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Аз ба, көп пе, қазақ әдебиетінде соғыс туралы біршама шығарма жазылды. Соғысты басынан өткергені бар, естігеніне ептілікпен сендіруге тырысқаны бар біраз қаламгер осы тақырып төңірегінде ақ қағазға қара сиямен майдан ашыпты. Бірі естелік жазса, бірі деректі, бірі көркем шығармаға құлаш ұрып дегендей әркім өз қолайына жаққан жанрда қалам ізін қалдырыпты. Шынын айтқанда көп шығарманың бағыты Кеңес әскерінің ерлігін баяндау болғанымен өзегі шынайы драмаға толы не бір көркем шығармалар да дүниеге келді. Оған аса ауыр тағдырының бұралаң жолы соғыс өрті тұтанған сәттен ғана емес, сонау ұжымдастырудың кесірлі кезеңінен басталған қалам иесінің соғыс тақырыбында жазылған шығармаларына тереңірек үңілгенде тағы да бір көз жеткізген едік.

Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті», «Замандастар сыры» атты шығармалары жайында жазылған «Майдан тудырған сөз» атты мақаламызда оқырманға айрықша әсер ететін және тек соғыс майданында ғана көкейге оралар қадау-қадау ойларға тоқталып едік, бұл жолы оқушы назарын мың қатпарлы адам жанының қалтарыс-бұлтарыстарының нағыз көркем әдебиетке тән біраз суреттеулеріне аудартқымыз келді.

 

Соғыс сомдаған суреткер

Көңіл күй және табиғат

Кәсіби прозаның кәнігі тарланы Әкім Тарази «Біздің көп жазушылар қажеті болсын, болмасын көркем табиғатты же­рі­­не жеткізе суреттеп отырып алады. Ол жай ғана шығармадағы орта ғой. Ал орта­ны қажетіне қарай ғана пайда­лану керек емес пе? Табиғат көбіне кейіп­кер­дің көңіл күйін білдіруге байланысты су­рет­телінеді. Мысалы, көңілді шағыңда «қан­дай ғажап жарқыраған ашық аспан», салың суға кеткен күні «мынау неткен ша­қы­райған күн» болады», дейді.

Әрине тосын, қызық ой. Енді осы жай­дың көркем шығармада қалай орын­дал­­ғанына «Солдат соғысқа кетті» ро­ма­­­нынан мынадай бір мысал келтіріп кө­ре­йік.

Капитан Колодкин шығармадағы бас кейіп­кер Мұхамедтің жолдастар арасында беделді болып бара жатқанын көре ал­май­тын. Әрі өзінің бір қылмысын Мұ­ха­мед сезіп қалғанын да білетін. Сол үшін оның көзі құрыса деп армандайды. Ор­ай­лы бір сәтте Мұхамедті «жара­лы жолдасқа көмектесуіміз керек» деп қа­раң­­ғы түнде құжынаған немістің ортасына жұмсайды. Оны көрген лейтенант Мас­лов қатты қиналады. Ал енді әрі қа­рай автордың «қарауылына» іліккен адам мен табиғат құбылысына қарай бері­ңіз.

«Колодкин осы бір минуттарда өзіне дән риза еді. Автоматын иығына асып түн қараңғылығына сіңіп ұзап бара жатқан Мұхамедтің соңынан екі ұртын бұлтыңдатып күлімдей қарап тұрды. Командирін құтқаруға, қорғауға шыққан солдат әрқилы оқиғаға ұшырап қалуы мүм­кін. Соғыстың аты – соғыс. Оған ешкім жауап бермейді. Мұнда адам өмір­дің өз заңы секілді өшіп те, өсіп те жа­та­ды...

Дәл осы жолы Колодкин өзіне төн­ген қатер біржола сейілді деп ойлады. Бойын қуаныш кернеп орнынан атып тұрды. Құлашын жайды, керілді. Кеу­де­сін көте­ре көкке көз тікті. Сансыз жұл­дыз­дар түп­сіз тұңғиық аспан көгінде мөл­тілдеп, жы­лт­ылдап өткір, салқын сәу­ле шашады. Түн жылы. Аз ғана самал есіп тұр. Колодкин қуанышты көңілін баса алмай:

– Лейтенант, түн өзінше әсем де әде­мі екен-ау! – деді.

Маслов аяқ астынан Мұхамедтің қа­лың немістің ортасына кеткеніне қат­ты уа­йым­дап, қапаланып, қайғырып отыр­ған.

Колодкиннің сөзін жөнді ұқпай:

– Қандай түн? Әсем деп тұрғаның не? – деді.

– Немене, ұйықтап отырсың ба? М­ы­на түнді қарасаңшы! Ғажап қой! Мау­жырап тұрған жоқ па?

Маслов әлгінде ғана қалжырап, дің­ке­сі құрып жер сүзіп отырған Ко­лод­кин­­нің лезде құбыла түсіп көңілден­ге­ні­нің мәнісін түсіне алмады».

Міне, бұл тіпті ұқсас табиғат құ­бы­лы­сын бір адамның түрлі көңіл күйде түрлі қа­­­был­­дауы ғана емес, ұқсас табиғатты екі түрлі көңіл күйдегі қатар отырған екі адам­ның екі түрлі қабылдауын көр­се­­­тетін ерекше көрініс. Автор бір оқпен екі қоян атқандай. Мұны әрине көркем шы­­­­­ғар­маларда сирек кездесер жай десек те ар­­тық айтқандық болмас!

Осыған ұқсас тағы бір жағдай. Кемел То­­қаевтың осы романын жоғары баға­ла­ған ға­­лым, сыншы Шерияздан Елеукенов шы­ғар­ма­дағы солдат күнделігінен: «Үштен-төрттен сап түзеген неміс тұт­қын­дарының ұшы-қиыры жоқ. Ап­пақ қар басқан жазық даланың үс­тіне ирелеңдеген қара жыландай шұба­ты­ла­ды. Күн сондай ашық, шуақты, жылы боп тұр» деген үзіндіні ала отырып: Ста­­линград шайқасының жеңіспен аяқ­тал­ған қуанышын өстіп табиғат құбы­лысы арқылы шым-шымдап қана жет­кіз­ген» дейді.

Міне, бұл табиғат құбылысындағы адам­ның көңіл күйі емес пе? Романды оқып отырып сол жылы шуаққа сен де шо­мылғандай ғажайып әсерде боласың. Су­реткерлік дегеннің сырлы сиқыры да ос­ында болса керек.

 «Сынақтан өткен адам»

Жазушының «Замандастар сыры» де­ректі повесі Украина жерінде болған пар­тизандық соғыс жайында жазылған шы­ғарма. Киевті, Днепр өзенінің жаға­сын­дағы деревняларды немістер басып алған. Қызық, деревняны басып алған немістер жергілікті тұрғындармен дү­кенде нанға кезекке тұрып, бір-бірі­нен сіріңке сұрап, темекі тұтатып дегендей қатар өмір сүріп жатады. Міне, май­дан­ның көкесі! Ал жазушы енді осы тір­ліктің ішек-қарнын аяусыз ақтарады дей­сің.

Жергілікті тұрғындардың кейбірі жау­­­ға сатылып үлгерген. Бір-біріне мүл­­де сенбейді. Кейбіреуі неміске са­тыл­­­ған болып олардан ақпарат алып, өзде­­рінің партизандық құпия ұйым­да­ры­на жеткізеді. Оларды көрген кейбір шал-кемпірлер «сатқын неме!» деп беттеріне түкіреді. Алайда олар «біз неміс­­терге өтірік беріліп құпия ұйымға қыз­мет етіп жүрміз» деп айта алмайды ғой. Амалсыз тісін тісіне басып шыдап бағады, тіпті оларға қол жұмсап, көкала қойдай қылып сабауға мәжбүр болады. Әйтпесе жаудың сеніміне кіре алмайды ғой. Бір құпия ұйымда адам саны үштен аспауы керек. Енді кім неміске, кім қызыл армияға қызмет етіп жүр? Айырып болмайды. Бүкіл адам күмәнді. Мұндай сәт алдыңда тұрған белгілі жаумен соғысудан да қиын. Ықы демін ішіне тартып, өз деміне өзі тұншыққан жұрт. Адамдар тек аңдысып сөйлеседі.

Шығарма оқиғасын баяндап отырған партизандық соғыста құпия ұйым мү­ше­сі болған, дәрігер Крячек Алексей Василье­вич. Оның басынан өткен мына бір оқиға былай баяндалады.

Алексей бірде қаладан дәрі алуға келіп, астыртын ұйымның адамдарымен кез­деспек болады. Ол жолықпақ бол­ған адамын таба алмай, әбден кеште көне та­нысы Тик дегеннің үйіне келеді. Тик неміске сатылған адам. Алайда оны қазір­ше Алексей Васильевич білмейді. Енді екеуінің диалогын қараңыз.

« – Бұл соғыс сансыз ажалмен бірге әр­қилы дерт те ала келді. Бұл өңірде бұ­рын ұшыраспаған жұқпалы аурулар шық­ты, – дедім, Тик түсіне ме деген ниет­пен...

– Солай де, – деп шегіне түсіп, шал­қая отырды.

– Кімдерді емдейтінің мәлім болды, фрицтерге жағынып та үлгеріпсің! Мұ­ның тым ерте емес пе? Кейін Совет кел­ген­де қайтесің? Мұныңа кешірім бермес.

– Көппен бірге көрерміз.

– Көпті қайтесің, өз басыңа салмақ түсіп жүрмесін!

– Қор­қытайын дедіңіз бе?

– Неге, қорқатын сен бала емессің. Әйткенмен көргені бар кісінің ақылын ал­ған жөн.

– Жөні келмейтін істі болдырам деп қыз­­баланып қайтесіз, – дедім орнымнан т­ұрып. – Совет келгенше сізді куәға қал­дыр­мауыма болады, жандармерия бұл жер­ден алыс емес. Оларға бір ауыз сөз айт­сам жетіп жатыр.

– Ха-ха-ха! – Тик басын шалқайта тас­тап, қызыл көмейін көрсетіп, қар­қыл­дап күлді. Күлкісі суық. Шүңірек көк көздерін быртиған күс бармағымен ба­тыра сүртті:

– Жігітім, басың піспеген екен. Не­міс­ке қызмет көрсетіп жүрген жалғыз өзім дейсің бе?! Сен жалғыз емессің, Өйт­пейінше бұл күні күн көру қиын. Қа­ласаң, гестапоның өзіне апар мені. Олар сенен гөрі маған көбірек сене ме деп ойлаймын. Жұрт секілді бүркеншек ат­пен бұғынбаймын. «Тик» – десең болды, олар түсінеді!

Жаудың тыңшыларынан қашып ке­ліп ты­ғылған жерімнің жансыздың ұя­сы еке­нін енді ғана аңғардым».

Осылайша, сыр бермей Тикпен пікір­лес болып шыққан Васильевич оның үйінен шығып өзінің уәделі бір үйінің алдына барғанда немістердің нысанасына ілі­ніп, тұтқынға түседі. Жандармерия бас­тығы мұны жан алқымға алып тергегенде бұл Тиктің үйіне қонып шыққанын ай­тады. Сол кезде әлгі жерге Тиктің өзі де пайда бола қалып, «бұл сынақтан өткен адам» дейді, сөйтіп аман қалады.

Бұл шығармада мұндай диалогтар өте көп. Ешкім ештеңені ашып айтпай­ды. Ал бұл уақытта, бұл маңда еш­кім еш­кімге ештеңені ашып, жарып айтпай­тын­дығын автор да айрықшалап айтып жатпайды. Тек баяндалған оқиғаның өн бойында шет-шегі жоқ сайқалдық та, сат­қындық та, атылып кетсе де аузын аш­паған қалпы аттанып кете барған қай­сарлық та бәрі, бәрі көрініп тұрады.

 Иринаны іздеу

Дәл осы жерде айта кетуге тура келіп тұр, Кемел Тоқаев 7-гвардияшылар танк полкымен Белоруссияда, Украина мен Польша жерінде болған. Повестің «Жол­да» деп аталатын алғашқы бөлімі: «Соғыс жүріп жатыр. 1943 жыл. Біздің әскерлер батысқа қарай жылжып барады. Қараша айы­ның алғашқы күнінің бірінде әскери эше­лон шағын стансаға келіп тоқтады», деп тура өзінің Украинаға соғысқа келген жерінен басталады.

Сонда дәл сол стансада Ирина дей­тін бір партизан қыздың ерлігі жайлы ес­тиді. Тіпті «бір жолы танктері Днепр өз­е­ніне қамалып тұрғанда қуыршақтай қыз бастаған бір топ партизан бұ­ларды өзеннен өткел тауып арғы жа­ға­ға өт­кізіп жібереді. «Шақар қызды Ири­на­ға ұқсатқым келеді. Ынтыға, тесіле қараймын. Топтың басшысы да осы қыз екен...» дейді автор. Сол Ирина есімі ойы­нан кетпейді.

Кейін аттай жиырма жылдан соң әй­гі­лі партизан Қасым Қайсеновпен бірге Киевке барады. Кілең майдангер­лер күні-түні соғыстың әңгімесін айтады. Сөйтіп дәл сол Днепрдің бойын­да астыртын ұйымда қызмет еткен Крячек Алексей Васильевичпен жолығады. Ири­на жайлы сұрасам ба екен, сұрамасам ба екен деп әрі-сәрі күй кешеді автор. Егер «білмеймін» десе Иринаны бір­жо­ла жоғалтып алардай күй кешеді. Алек­сей әрине әңгімелей жөнеледі, үн­сіз ғана ерлік жасап, үнсіз ғана ғайып болған Ирина жайлы. Жоғарыда айт­қа­нымыздай бұл повестің соғыс ке­зін­­дегі оқи­ғалары осы Алексейдің әңгі­ме­ле­уі­мен баяндалады.

Сол Ирина тұрмысқа шыға сала кү­йеуі соғысқа аттанады. Жалындап тұр­ған өжет қыз, жай жүре ала ма? Ас­тыр­тын ұйымға кіріп, ақыры неміске са­тыл­ған болып жау жаққа өтеді. Жау да мұны әбден сынап бағады. Түн ішінде немістің бір әскерін үйіне ертіп келіп шай береді. Ұлы соғысқа кеткен, ал келі­ні сол жауды үйге ертіп келіп отыр. Ұзын қара пышақпен помидор турап тұр­ған енесі пышақты помидорға салсам ба, Иринаға салсам ба деп екіұдай күй кешеді. Астыртын ұйымның шарты бо­йынша әрі аздап орыс тілін білетін неміс әскерінің көзінше Ирина оған «мен әде­йі іс­теп жүрмін» деп айта алмайды. Бұл сірә қандай қорлық?

Алексей Иринаның одан кейін де талай реткі аянышты және ерлік істерінің куәсі болғанын да тарқата баяндайды. Ала киімді адамдармен байланысты тағы бір оқиғасын еске алады.

 Өлім шекарасына дейін

Киевті басып алған немістер жер­гі­лік­ті тұрғындарды, қолға түскен солдат­тар­ды тұтқынға алады. Оларды әкеп қа­ма­ған лагерь нағыз «өлім үйі» еді. Се­бебі ол үйге қамалғанның қайтып шы­ға­тыны болмайды. Тас үйде бір түне­тіп шығарғаннан кейін тұтқындарға ала киім кигізіп, айдап биік жардың басы­на апарады. Сол жерде тізіп қойып атад­ы. Сөйтеді де, әлгілердің үстіне бензин құйып өртейді. Шала-жансар тыпырлап жатқандар денесіне от тигенде ыршып, секіріп әл­денеше аунап түседі. Содан соң аз бүл­кілдеп жатып, бүрісе бас­тай­ды, бір­тіндеп күйеге, күлге айналады. Ең ауыры, соны ертеңгі атылатын тұт­қын­дарға көрсетеді.

Міне, осы «өлім үйіне» кіріп, содан бі­рінші рет аман шыққан Переценко         деген жауынгердің таң атып, өлім жа­­қын­­да­ғанын сезген кездегі күйін әңгі­ме­леуі: «Өлім алдында кісінің ойы келте болады. Өт­кендегі көріністер лезде ойыңа түседі де, оны сол сәтте ұмытып, екін­шісіне көше­­сің, сөйтіп ұшы-қиырсыз ой тіз­бек­­теле береді. Өзіміздің селоның қасындағы жалпақ көк саз екен деймін. Оның ортасын кесіп өзен ағатын, суы терең емес, тайыз. Біз, топ бала сазда көбелек қуып, асыр салып ойнап жүр­міз. Бұл ойын зеріктірді білем, артынан алысқан боп, жұдырықтасып, жұлысып та қаламыз. Байғұс анам: «Ей, балам, тен­тек болма, тиыш жүр», деп ақылын айтып тұрған секілді. Бұл тәтті елес жоқ боп кетеді де, енді көз алдыңа туға­ның, дос-жараның аса сағынышпен келе қалады. Кәдуілгідей өзіңмен жүз­де­сіп, сырласып тұрған сықылды. Ой әрмен жетелейді. Осы бір шақта біреуді са­ғы­нып, аңсағандай боласың, «жаным» деп қана елжіреп үн қатасың. Ол да икем­деліп бауырыңа кіре түскендей, құ­ша­ғыңды жаясың, сол сәт түс көрген кісі секілденіп шошып кетесің. Жан-жа­ғы­ңа қарайсың. Айналаңның бәрі ала ки­імд­і адамдар... Әлгі асқан көңіл адыра қалады, өзегің өртеніп, езіліп, бір-ақ уыс боп қаласың. Енді бір-екі сағаттан кейін өмірмен, жарық дүниемен қоштасасың, қайтып мәңгі оралмайсың... Кәдімгі үлкен күн сенсіз шапағын төгіп, сенсіз ататын болады. Аспанда ай сен жоқта қалқиды. Айдын көлде құстар ұшады, өзі­міз­дің ауылдың тұсындағы көк саздан жем іздейді, даланы құлпыртып қыз­ғалдақ өседі, жұрт шулап егін оруға шы­ға­ды, бәрінен де бұрқыраған жас сабанның исін айтсаңшы! Одан соң күз келеді, одан әрі қыс, көктем, тағы жаз басталады. Осының бәрін сен көре алмайсың! Сені әзәзіл күш қорлықпен өлімге желкелеп тұр, амалсыз мойынсындырғандай, қарсыласайын десең дәрмен жоқ, байғұс жан секілдісің. Осы халің есіңе түскенде ішің өртеніп күйіп кетесің, есіңнен танып, аласұрасың... Біреумен арада кикілжің, бақастық, өштескендік болғаны есіңе түскенде ойпыр-ау, адам неткен қатал, неткен мейірімсіз, неткен надан еді деп ойлай­сың, осының бәрі білместік екен-ау, деп қынжыласың. Шіркін, жарық дү­ние­ні тағы бір сығалатса, кісіге қиянат қыл­май, жолына шырақ жағып өтер едім, адамды жан тәніммен сүйер едім дейсің... Бәріне де кешірім берер жомарт көңілде қалғың келеді.

...Тұтқындарды таң ата ататынын бі­ле­міз. Ақындар жырға қосқан таң ша­па­­ғын енді бұлар қас көріп, безіп тұр, күн шықпаса екен деп тілеу тілейді, қу тіршілік адамға не жасатпады дейсіз! Түрме іші осылай дүрлігіп тұрған кезде:

– Жолдастар! Қашыңдар, құ­ты­лың­дар! – деген біреудің сабырлы даусы шық­ты да, темір есік шалқасынан ашылды...».

Мұндай алмағайып, тылсым хәлді өзгенің тұла бойы тұтанып кетердей сезін­діре жеткізу үшін соғыста әлденеше рет жараланған автордың өзі де сол күйді, өлім шекарасына дейінгі күйді өзегінен өткізген болса керек.

Міне, сондағы қалың топқа қақпаны ашып құтқаруға атсалысқан Иринаның ісі екен дейді әңгімелеуші. Одан кейін оны ешкім көрмепті...

 Днепрге тіл бітсе...

Міне бұлар – Алексей, Қасым, Кемел... жиырма жылдан кейін сол Дне­пр­ге келіп тұр. «Батып бара жатқан күннің сарғыш мұнар сәулесі төңіректі түр­лендіріп, қалың қабақ астында ағып жатқан Днепрге қиықшалай түседі. Өзен суы тұп-тұнық, беті бұйраланып, жол-жол боп жатыр, ағысы қатты секілді... Бұл жердің адамдары да, селосы да ежелден маған таныс секілді, көкірегімде жатталып қалған. Соғыс жылдарында өзім де осы маңда болған едім», дейді Кемел  автор. Сол арада тұрып олар барлық жауынгер серіктерін еске алды.

«Cол Днепріміз, қасиетті өзеніміз осы, – деді Алексей Васильевич жамбас­тай жайланып жатып. – Осы жерде Пе­ре­ценко, Николай Петухов қаза тапты, осы жерде біздің Вася ауыр кон­ту­зия­ға ұшырады, Попов ауыр жараланды. Көптеген жолдас­тар құрбан болды. Үн­сіз ғана кете барды. Шіркін, Днепрге тіл біт­­се, шындық сырларын жыр ғып айтып берер еді...»

Біз романның бір ғана сәтін, повестің бір ғана қырын сөз еттік. Сұмдық – мың, шындық – жалғыз. Днепрдің қос жағасын мекен еткен осынау жұрттың ішінде, соғыстың өзге де майдандарында Ирина секілді өз шындығын өзінен басқа ешкім білмес жүздеген, мыңдаған адам жұмған аузын ашпаған жұмбақ қалпында өмірден көшіп кете барды. Ол мың сан жұмбақ «Замандастар сыры» арқылы жұлмаланбай сол сырлы қалпында жан жүректі сыздата бізге жетіпті. «Шіркін, Днепрге тіл бітсе...» деген кейіпкер арманы бұдан артық қалай орындалсын!?.

 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ