Біздің қолымызға қалам ұстатып, осы мақаланы жазуға түрткі болған «Егемен Қазақстан» газетіне осы жылдың 31 мамыр күні шыққан «Осы жұрт Нұрлыбек ақынды біле ме екен?» деген Шығыс Қазақстандық Дәулет Сейсенұлы деген азаматтың шағын мақаласы еді. Нұрлыбекті айтқанда оның Нартай, Үмбетәлі сынды замандастары да еске түсетіні бар. Сондықтан сөзімізді бастамас бұрын олардың кім екендерін айтып өтсек. Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққарғалы елді мекенінде дүниеге келген, Жамбылдың сүйікті шәкірті, жырдың «Қара жорғасы» атанған, атақты ақын.
Біздің қолымызға қалам ұстатып, осы мақаланы жазуға түрткі болған «Егемен Қазақстан» газетіне осы жылдың 31 мамыр күні шыққан «Осы жұрт Нұрлыбек ақынды біле ме екен?» деген Шығыс Қазақстандық Дәулет Сейсенұлы деген азаматтың шағын мақаласы еді. Нұрлыбекті айтқанда оның Нартай, Үмбетәлі сынды замандастары да еске түсетіні бар. Сондықтан сөзімізді бастамас бұрын олардың кім екендерін айтып өтсек. Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаев 1889 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Шолаққарғалы елді мекенінде дүниеге келген, Жамбылдың сүйікті шәкірті, жырдың «Қара жорғасы» атанған, атақты ақын.
«Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге Кенен,
Су жорға Үмбетәлі қара дөнен» - деп кезінде Ілияс Жансүгіров оған өз бағасын берген екен. Ал Нартай Қызылордадан, Нұрлыбек Шығыс Қазақстан облысынан шыққан мықты ақындар екенін білеміз. Жоғарыда аталған мақаланы оқи отырып, Үмбетәлі ақынның 100 жылдығына орай шыққан «Шапағат» атты кітаптан Нартай, Нұрлыбек, Үмбетәлі және Орынбай ақындардың Абайдың 100 жылдығына барғанындағы әзіл айтыстарын көзіміз шалғаны еске түсті.
Нартай: Төрт-бес күн жаттық Семей қаласында,
Ертістің салған қала жағасында.
Қажымұқан балуан барды бізбен бірге,
Жасы бар жетпіс бестің шамасында. – деп жырлай келе Нұрлыбек ақынға: «Біз сенің еліңде қонақ болып отырмыз. Қазақтан қалған дәстүр бойынша бізді жөндеп қарсы алу сенің міндетің. Егер мал сойып қарсы алмасаң, өзіміз сатып алып жеп отырған асхананың тамағына ортақтас, бізбен бірге колбаса же», – деп әзілдейді. Сонда Нұрлыбек:
Күйдіргі, Нартай, сенің тіліңде шоқ,
Сүйектен сөзің өтті тигендей оқ.
Өзің біл, бізге келген қонақсың ғой,
Колбаса өмірімде жеп көргем жоқ – деп жауап береді. Жалпы айтыстың мағынасы – қонақ болып келген Үмбетәлі мен Нартайды, Орынбай ақынды Нұрлыбектің жөндеп қарсы алмауына айтылған замандастар әзілі. Айтысты Үмбетәлі былай деп жалғайды:
«Бұл елге бұдан бұрын келгеміз жоқ,
Дәм татып, қонақ асы жегеміз жоқ.
Деп айттың: «Малым жырақ алдыруға»,
Қой сойып, қол қусырғын дегеміз жоқ».
Осындай әдемі әзілмен үш замандас ақын Семейдің бір асханасында отырып қағысады. Ал енді бұл айтыстың тарихы былай. Үмбетәлі Кәрібаев Ұлы Абайдың 100 жылдығын жырмен ашуға сол кездегі Жазушылар одағының нұсқауымен жіберілген екен. Бұл жайлы көне көз қариялар – халық ақыны Әсімхан Қосбасаровтан, белгілі ақын, Үмбетәлі музейінің бұрынғы директоры Надежда Лушниковадан естіп білгенбіз. Жалпы, Үмбетәлі жыр алыбы Жамбылдың өлең-жыр, дастандарын жетпіс пайыз жатқа біліп, осы заманға жеткізіп кеткен көзі ашық, көкірегі ояу, ескіше хат таныған адам болған. Заманында қазақтың майталмандары Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Иса Байзақов, Кенен Әзірбаевтармен етене жақын арласқан, күш атасы Қажымұқанмен әзілдері жарасқан кісілер болған екен.
Абайдың 100 жылдығына барғанда айтқан Үмбетәлінің «Абай жиынында» атты ұзақ толғауы бар. Ол толғау ақынның барлық кітаптарында басылған. 1943 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде Мұхтар Әуезовтің ұйымдастыруымен Алматыда өткен ақындар айтысының бел ортасында Үмбетәлі де жүрген. Ол жайлы музейде тарихи суреттер мен деректер бар. Яғни, Үмбетәлі мен Нұрлыбек сол айтыста да, кейіннен Абайдың 100 жылдығында да кездескен деуге толық негіз бар. Жалпы, Үмбетәлінің Нүриләмен айтысы Біржан мен Сараның айтысы сияқты тарихта қалған теңдесі жоқ айтыс. Кезінде Үмбетәлінің Жамбылмен, Кененмен, Нұрсапанмен, қырғыз, қарақалпақ ақындарымен айтысқандығы белгілі. Әрі айтыстары сақталып, осы күнге жеткен. Тіпті, атақты Жамбыл мен Құлманбеттің айтысын Ғани Орманов Үмбекеңнің аузынан жазып алғаны белгілі. Бұл орайда, Үмбетәлінің есте сақтау қабілетінің өте жоғары екендігін, замандас ақындарға деген көзқарасының жақсы екенін көреміз. Ал енді Нұрлыбек пен Үмбетәлінің кейін кездескендігі жайлы деректер жоқ. Мақала авторына Үмбетәлі ақынның ұрпағы ретінде былай деп әзілдеп жауап берейін.
Үш ақын бір зам анның түлегі екен,
Жарасып қалжыңдары жүреді екен.
Нұрлыбек, Нартай, Үмбет қосылғанда,
Айтыстың жон таспасын тіледі екен.
Сіздің жұрт білер, білмес, біздің жақта,
Нұрлыбектей ақынды біледі екен.
Үмбетәлі ақынның музейінің,
Төріне суретін де іледі екен – деп Нұрлыбек ақынның айтыстары мен суреті музейде тұрғанын, оны келген елге шамамыздың жеткенінше таныстыратынымызды айтқым келеді. Сөз орайы келгенде айтарымыз, Үмбетәлі, Нұрлыбек, Нартай сенікі, менікі деп бөлуге келмейтін, бар қазақтың маңдайына біткен атақты ақындар. 2014 жылы Үмбетәлі ақынның 125 жылдығы жер-жерде аталып өтіледі деп күтілуде. Ақынның көзі тірісінде бірнеше жыр жинақтары шыққан. Кейіннен туғанына 100,120 жыл толуына байланысты ұрпақтарының қолдауымен толық жинағы, екі томдық кітабы жарық көрді. Енді алда келе жатқан мерей тойына байланысты тағы да бір кітабын шығарсақ деген ойдамыз. Егер Үмбекең жайлы білетін көне көз қариялар болса бізге хабарлассын. Мақала авторы Дәулет Сейсенұлына Нұрлыбек Баймұратов атамыздың жоғын жоқтағанға алғыс айта отырып, өзі білетін тың деректер болса бізге жіберуін өтінеміз. Үш ақынның айтысында аты аталған Орынбай ақын туралы деректер тіптен аз, табылып жатса Үмбекеңнің замандастары ретінде музейге қоюға болар еді. Қазір Үмбетәлінің туып өскен жерінде республикалық дәрежедегі музейі жұмыс істейді. Ақынның Зейнеп, Дәмегүл атты екі қызынан тараған ұрпақтары ата мұрасын қорғап, қамқор болып отыр. Сол ұрпақтың бірі біз боламыз. Осы мақаланы пайдалана отырып, Нартай, Нұрлыбек, Үмбетәлінің айтысының толық нұсқасын жіберіп отырмыз. Болашақта да еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» Үмбетәлі ақынның 125 жылдығы қарсаңында мақалалар жариялап тұрамыз деген ойдамыз. Үмбетәлі мен оның замандастары жайлы қызықты деректер білетін адамдар болса бізге хабарлассын.
Мекен жайымыз: Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Үмбетәлі ауылы, Үмбетәлі музейі. Байланыс телефондары: 8(72770)69-5-12, ұ.т. 87756831784
Әуелбек ИСҚАҚОВ,
Үмбетәлі музейінің директоры.
Алматы облысы.