Астана қаласындағы Успен кафедралы соборының аға священнигі Дмитрий Байдекпен әңгіме
– Дмитрий әкей, еліміз Президентінің бастамасымен Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съезі өткеніне он жыл толып отыр. Одан кейін де тағы үш съезд шақырылды. Әлемдік деңгейдегі осы жиындар несімен ерекшеленеді?
– Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші съезінде сөйлеген сөзінде: «Ең бастысы – үнқатысу бейбітшілік пен келісім аумағын, үйлесім мен айқындық уақытын қалыптастырады. Мен діни үнқатысудың сөзсіз құндылығын осыдан көремін. Осыған байланысты барлық діндер мен конфессиялардың өкілдеріне діндер форумын тұрақты негізде өткізу ұсынысымен қайырылып отырмын. Мұндай институттың құрылуы дінаралық үнқатысудың негіздерін нығайтады, діни қайраткерлер мен діндарлардың өздерінің арасындағы сындарлы байланыстарға жүйелілік сипат береді», – деген болатын.
Арада өткен он жыл ішінде Елбасымыздың осы айтқандары жүзеге асты, әлемдік қоғамдастықтан зор қолдауға ие болды. Діндер қайраткерлері мен өкілдері қайырымдылық пен бітімгершілік мақсаты үшін, келісім мен ынтымақтың игілігі үшін дінді құрметтеу негізінде өзара ықпалдастықтың нақты жолдарын талқылауға бір емес, төрт рет жиналды.
– Дінаралық үнқатысулардың алатын орны мен маңызы қандай деп ойлайсыз?
– Жалпы, дінаралық үнқатысулар мен конфессияаралық ынтымақтың алатын орны және оның маңызы зор екені елімізде өткен діндер съездерінде мүмкіндігінше айтылды, жан-жақты талқыланған. Бұл – бірден-бір дұрыс жол, бағыт-бағдар. Өйткені, дінаралық үнқатысу адамзатты бейбіт қатар өмір сүруге, соңғы жылдары жиі бой көрсете бастаған экстремизм мен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін болдырмауға негіз қалайды. Бүгінде әлемде дін мен сенім-нанымның атын жамылу арқылы жасалатын кикілжіңдер мен жанжалдардың жиі көрініс беретіні жасырын емес. Олар осындай жымысқы әрекеттерін дінмен бүркемелегісі келеді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бір шаңырақ астында бас қосып, өзара үнқатысуы, өзара пікірлер алмасуы сол жымысқы да теріс әрекеттерге қарсы тұрып, тосқауыл қоюдың бастамасы болып табылады.
Әртүрлі діндерді ұстанатын адамдарда ортақ мүдде көп екені белгілі. Дәлірек айтқанда, адамдарды түр-түсіне, нәсіліне, шыққан тегіне байланысты кемсітушілікке ешқашан жол берілмейді. Себебі, әділеттілік пен ізгілік, мейірімділік пен құрмет көрсетушілік сияқты адами қағидалар әлемдегі барлық діндер үшін ортақ. Міне, адамзаттың барлығына ортақ осындай адами қағидалардың Астанада өтіп келе жатқан діндер көшбасшылары съездерінің биік мінберінен айтылуы біздің еліміз үшін, Елбасымыз үшін үлкен мәртебе деп білемін.
– Қазақстандағы дінаралық және конфессияаралық ынтымақтастық жөнінде не айтар едіңіз?
– Тарихи дамуының ерекшеліктері тұрғысынан біздің еліміз көп этносты, көп мәдениетті және көп конфессиялы болып келеді. Өркениеттер тоғысында тұрған Қазақстан Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны байланыстырып, түрлі мәдениеттер мен діндерді жақындастыруда ерекше маңызды рөл атқарады. Қазақстанды «өркениеттер тоғысқан жер» деп жайдан-жай атамаса керек. Бұл мәселеде еуразиялық кеңістік бойынша аса ірі әлемдік екі дін – ислам мен христиандық шекарасының өтуі болып табылады. Өйткені, ислам мен православие Еуразия құрлығындағы екі ірі ұлттың діни нанымын танытады. Бүгінде бұл екі діннің қатар өмір сүруі Қазақстанның әлеуметтік және рухани өміріндегі тұрақтылықтың тиімді кепілі болып отыр.
Мешіттермен қатар, православие шіркеуі Қазақстан халқы мен діндерін топтастыру үдерістеріне белсене қатысып келеді. Ол – діндер үнқатысуының тұрақты қатысушысы. Қазақстандық православиенің исламмен, католикпен, басқа да дәстүрлі діндермен бітімгершілік және әлеуметтік қызметтестік саласындағы ынтымақтастықта тәжірибесі жетерлік. Осы арқылы біздер елімізде этносаралық, дінаралы