Аймақтар • 12 Мамыр, 2020

Шығыс Қазақстан: «Одесса» Катонға орала ма, оралмай ма?

1050 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мүмкін осында қала береді.

Шығыс Қазақстан: «Одесса» Катонға орала ма, оралмай ма?

Күршім өткелінде екі паром жүретіні белгілі. Бірі «Күршім», екіншісі «Ертіс» деп аталады. Алайда қазір Күршім өткелінде Катонқарағай ауданына қарай өткізетін «Одесса» паромы жолаушыларды әрлі-берлі тасымалдап жатқан көрінеді. Осы ретте катонқарағайлық тұрғындарды «Одесса» паромы қайта орала ма, оралмай ма?» деген сауалдың мазалап жатқаны анық. Біз бұл сұрақты облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қойып, мән-жайды білдік. «Қазір «Одесса» паромының жүріп жатқаны рас. «Күршім» паромы кеше ғана жөнделіп бітті. Бүгін су кемесі мамандары қарап, дайындығын тексереді. Барлығы дұрыс болса ертеңнен жүре бастайды. Ал екінші «Ертіс» паромының двигателі жөнделіп жатыр. Осы айдың аяғына дейін жөнделуге тиіс» дейді басқарма басшысы Нұржан Жұмәділов.

Оның айтуынша, «Одесса» паромының бұрынғы бағытына қайтар-қайтпасы әзірге белгісіз. «Мұны паромның иесі шешеді. Мүмкін осында қала береді. «Одесса» паромының иесі бізге хабарласып: «Бізге «Қызыл ту» өткеліне жүруге рұқсат етіңіздер» деп хат жазып, рұқсат сұрады. Рұқсат бердік. Бұл паром әзірше екінші паромның кестесімен жұмыс істейді» дейді басқарма басшысы.

Шығыс Қазақстан облысы