Технология • 13 Мамыр, 2020

Тақырдың мұғалімі танк жасады

311 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Танк макетінің ұзындығы – 30 см, биіктігі – 15 см, ені – 17 см. Қалдық материалдар, темір жинадым. Дөңгелектері мойынтіректен, ал табанына «Жигули» автокөлігінің шынжырын қолдандым. Мұнарасындағы қаңылтыр 360 градусқа бұрылады. Зеңбірегі, тартатын арқаны, күрек, арасы, жарықшам, бак және тағы басқа бөлшектері суреттен көрінеді», дейді Азамат Сүлейменов.

Тақырдың мұғалімі танк жасады

«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран». Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ­талуының 75 жылдығына орай ол өзі жасаған танк жобасын жерлес батыр Әбілқайыр Баймолдиннің рухына арнаған екен.

Жауынгер Әбілқайыр Баймол­дин Тақыр ауылында туған. 1944 жылдың қаңтарында Невель қала­сын жаудан қорғап, ерлікпен қаза тапты. Баймолдин басқарған взвод қатарында Мәншүк Мәметова бол­ған. Невельді жаудан босатқан соң, Ә.Баймолдин қала коменданты болып тағайындалады.

Азамат батырға арнаған танк макетін жасауда әрбір бөлшегіне ерекше көңіл бөліпті.

– Мәңгілік от темір қаңылтырдан 1 мм кесіліп дәнекерленді. Оттың өзі де те­­мірден және бейнесі бейбіт­ші­лік құсы кө­гершінге ұқсас жасалды, – дейді ол.

Танк орналасқан темір тұғырдың айналасындағы мәңгілік оттың жа­нында екі қалампыр гүлі жұқа қа­ңыл­­тырдан, шөп қағаздан кесіліп, жа­сыл түске желімделген. Қоршауы ша­ғын шегемен дәнекерленіп, сары жібек жіппен ілінген.

Ал Азамат ауылдағы Тақыр не­гізгі білім беру мектебінің технология пә­нінің мұғалімі. Мамандығы инженер-педагог, физик-информа­тик. Ауыл мектебінде 17 жылдан бе­рі қызмет етіп келеді. Шағын жи­нақ­­ты ауыл мек­тебінде 39 оқушы ға­на қалыпты.

Төтенше жағдай уақытына дейін оқушыларымен бірге түрлі жобалар құрастыратын. Оларға да қызықты, өздері де ізденіп, түрлі бұйымдар, зат жасайды. Әскери техникалардың макетін жасау – оқу­шыларды мектеп бітірген соң, Отан қорғауға, әс­кер қатарына баруға қы­зықтырады, патриоттық тәрбие береді.

Жуырда аудандық білім бөлі­мінің қашықтан жариялаған бай­қауы барысында Азамат Сүлейме­новтің жасаған танк жобасы 1-орын алды.

 

Павлодар облысы,

Аққулы ауданы