Ауғанстанның астанасы – Кабул қаласында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) алтыншы мәжілісі болып өтті. ҮАК-тің тең төрағалары ретінде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мен Ауғанстан Сауда және өнеркәсіп министрі Әнуар уль Хака Ахади қатысты.

Мәжіліс шеңберінде В.Божко Ауғанстанның екінші вице-президенті Мохаммад Карим Халилимен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар басым мәселелердің кең ауқымы мен екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың перспективалы бағыттарын талқылады. Әңгіме барысында Қазақстан мен Ауғанстан арасында ауыл шаруашылығы, көлік құрылымдары, білім беру, қорғаныс өнеркәсібі салаларында екіжақты іс-қимылдың айтарлықтай әлеуеті бар екені атап көрсетілді. М.К.Халили Қазақстан Ауғанстанның өңірдегі маңызды әріптесі болып табылатынын атап өтіп, ауған халқына көрсетіліп келе жатқан гуманитарлық көмек үшін ризашылығын білдірді.
Екі ел Сауда-өнеркәсіп палаталарының өкілдері келіссөз қорытындылары бойынша Қазақстан мен Ауғанстан бизнес топтары өкілдері арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге шешім қабылдады. Ауған жағы қазақстандық тараптың Қазақстанда Ауғанстанның Сауда үйін ашу туралы ұсынысына қолдау білдірді. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын одан әрі жетілдіру мәселелері қаралды. Тараптар төтенше жағдайлардың салдарын жою, әуе көлігі, мәдениет және басқа салалардағы үкіметаралық келісім жобаларын өзара үйлестіруді жалғастыру керектігімен келісті.
Мәжіліс қорытындысы бойынша, Қазақстан-Ауғанстан үкіметаралық комиссиясы алтыншы мәжілісінің хаттамасына қол қойылды.
ҮАК-тің келесі мәжілісі 2014 жылы Қазақстанда өтеді.
«Егемен-ақпарат».