Аймақтар • 13 Мамыр, 2020

Жаһан жанарындағы Жетісу жауһарлары

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жетісу өлкесін жер жәннаты деп бекер атамаса керек. Тұмса табиғаты көз жауын алатын аймақ әлі-ақ әлем туризмінің отанына айналары анық. Қазірше жаһан жұртының назарына Жетісу жауһары жайында жағымды хабар жеткізіп, жарнамалау ісі жүріп жатыр.

Жаһан жанарындағы Жетісу жауһарлары

Мәселен, соңғы 3 жылда әлемдік онлайн-платформаға туристік локацияны жүктеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған екен. Атап айтқанда, GoogleMaps, Yandex карталарында және «TripAdison» сайтындағы Алматы облысының микросайтында өңір туралы 8 мыңнан астам локация пайда болды. Сол сияқты облыстық туризм басқармасы мен «Wikipedia» жалпыға бірдей қолжетімді энциклопедиясы арасында меморандум жасалған. Ал «YouTube» танымал бейнехостингіне қойылған «KZ-дағы демалыс. Жетісуға саяхат» бейнеролигін тамашалаушылар легі көбейіп келеді.

- Биыл аймақтағы кәсіпкерлерді цифрлық құралдарды қолдануға, жүктелген мәліметтерді белсенділендіру мен сараптауға үйрету жұмыстарын қолға алдық. Бұл туризмді дамытып, одан пайда табуға ынталы іскерлердің жұмысын жеңілдетуі тиіс. Сол сияқты сәуір айының соңында Тұңғыш Президент – Елбасы қорының қолдауымен «Most» бизнес-инкубаторының қатысуымен туризм бойынша «Global Online Startup Weekend: Covid-19 Edition» бірінші виртуалды хакатон ұйымдастырдық. Сөйтіп облыстың туристік саласы UNWTO «Healing solutions for tourism challenge» жаһандық бастамасына қосылды. Республиканың әр түкпірінен екі жүздей қатысушы жобаға үн қатып, көз ілеспес жылдамдықпен өзгеретін бүгінгі заманда туризмді дамыту міндетіне ортақ үлес қосуға ниет, - дейді Алматы облысының туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.

Айтпақшы, облыста инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде соңғы 10 жылда Жетісуға келген туристер легі 3,5 есеге өскен, соның ішінде өткен 5 жылда бұл көрсеткіш тіптен көбейіпті.