Қоғам • 13 Мамыр, 2020

Қазақ балалары Microsoft ұйымдастырған байқаудың финалына өтті

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Таныстырып отыруды қажет етпейтін әлемге мәшһүр Microsoft корпорациясының «The next AI Guardians» халықаралық байқауы биылғы қаңтарда басталған еді.

Қазақ балалары Microsoft ұйымдастырған байқаудың финалына өтті

Сонымен Қазақстандағы Сулеймен Демирел Университетінің студенттері мен магистранттарынан құралған команда байқауға қатысып, екінші іріктеу кезеңінен кейін финалға шықты.

4 адамнан құралған команда «Емтихандарды басқарудың жетілдірілген жүйесі» («Advanced Examination Management System») веб-қосымшасын әзірлеген. Қосымша арқылы педагогтар емтихан үдерісін басқара алады (кеңейтілген редакторы бар сұрақтар мен жауаптар қызметін қолданып) және онлайн-емтихандар қабылдай алады. Емтихан кезінде веб-қосымша арқылы терезелер арасында ауысу, көшіру және кірістіру сияқты браузердің қолдану белсенділігін қадағалауға болады. Сондай-ақ фокусты, эмоциялар мен қызығушылықты бақылауға болады. Сонымен қатар, жүйе оқытушыға емтихан кезінде студенттің іс-әрекеті тұралы хабардар болуға мүмкіндік береді. Жүйе плагиатты анықтау және онлайн емтихан кезінде басқа күдікті әрекеттерді болдырмау үшін арнайы қызметімен жабдықталған. Қосымша арқылы емтихан аяқталғаннан кейін жиналған мәліметтерді (трекерлерден) машинамен оқыту алгоритмдерін пайдалана отырып талдауға, ұсынымдарды дайындауға және оқушылардың үлгерімін қадағалауға болады.

«Жоба идеясы маған нұсқаушының көмекшісі болып жүрген кезде, онлайн-викторина ұйымдастыру барысында келді. Сол кезде мен ақылы плагинді қолданған едім, бірақ үмітім ақталмады, онлайн емтихандармен менің экспериментім сәтсіз болып шықты. Сондықтан мен үшін емтиханды бағалауға байланысты қағаз жұмысын азайтуға және көшіруді анықтай алатын платформаны әзірлеу өте қызықты болды. Осы байқауда біз командамен «The next AI Guardians» байқауына өз концепциямызды ұсынып, финалға өттік», -деп команданың мүшесі Құрманғазы Конгратбаев өз әсерімен бөлісті.

Іріктеу кезеңінде қазақстандық команда Норвегиялық қатысушыларға кеңес берген Microsoft-тың тәлімгерімен үздіксіз жұмыс істеген. Оның көмегімен команда жобаның техникалық бөлімін дайындап, тиімді бизнес-модельді құрып, өзінің бәсекелестік артықшылықтарын бағалап, нарыққа шығу стратегиясын қалыптастырды. Microsoft-тың қазылар алқасын концепциямен таныстыру онлайн режимде өтті, нәтижесінде команда финалға шыққан алты үздік команда қатарына кірді.

Қазір команда мүшелері финалға дайындалып жатыр, тәлімгермен апта сайын онлайн кеңесіп, байқаудың финалында жеңіске жетуді жоспарлап отыр.

AI University Virtual Bootcamp финалы 2020 жылдың 18 маусымында өтуі тиіс еді. Алайда, қазіргі жағдайларға байланысты іс-шара онлайн форматқа көшіріледі. Финалдың күні мен уақыты белгіленгенде,  барлық 6 команда жобаларын онлайн режимде қорғайды.

«Қазақстандықтардың осы байқаудағы жетістіктерін мақтан тұтамыз. Біз қорытынды кезеңнің бір бөлігі ретінде жоспарланған екі күндік хакатонды әлі де өткізе аламыз деп үміттенеміз, қазір ол жағдай жақсарғанға дейін белгісіз мерзімге кейінге қалдырылды. Сол кезде барлық алты команда Мажарстанда, Будапешт қаласында өтетін финалға қатыса алады. Ұйымдастырушылар барлық қатысу шығындарын өз мойнына алады», – дейді «Microsoft Қазақстан» компаниясының білім беру секторының жетекшісі Нұрлан Жәнібек.

Байқаудың негізгі мақсаты – 29 елмен бірге Қазақстан Республикасының университеттері студенттерінің, зерттеушілерінің және оқытушыларының шығармашылық шешімдерін жасанды интеллект (ЖИ) негізінде білім беру саласына енгізу.

 

 

АЛМАТЫ