Қазір қауіпті індетке байланысты тұтынушылардың көбісі онлайн төлемге көшкені белгілі. Карантин кезінде мешіттерге кіруге рұқсат жоқ болғанымен, үйінде дұға еткен жамағат «Пітір садақасы», «Зекет», «Підия» және «Ауызашар» секілді қайырымдылықты Kaspi Bank, Halyk Bank немесе Qiwi мобильді қосымшалары арқылы көрсете алады. Мәселен, қайырымдылық жасауға ниет еткен адам Kaspi Bank қосымшасындағы Қайырымдылық (Блоготворительность) бөлімін таңдап, өзі тұратын аумақтағы мешітке арнайы төлем жібере алады. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласына қарасты 13 мешіт, сондай-ақ Алматы және Алматы облысында – 45, Шымкентте – 40, Батыс Қазақстан облысында – 62, Солтүстік Қазақстан облысында – 53, Шығыс Қазақстан облысында – 24, Оңтүстік Қазақстан облысында 22 мешіт осы жүйеге тіркеліп үлгеріпті. Сондай-ақ «ЗЕКЕТ», «Харекет», «Дара», «Қасиетті жол», «Подари Детям Жизнь» сияқты қайырымдылық қорларына да ақшалай көмек ретінде төлем жібере аласыз.
Шариғат бойынша әр мұсылманға пітір садақасын беру парыз. Хадисте: «Пітір садақасы ауыздан шыққан ұнамсыз сөздерден және (абайсызда істеп қойған) жағымсыз әрекеттерден тазартушы әрі кедейлерге ішер ас болсын», деп айтылған. Осыған байланысты Алматы облысы, Ұйғыр ауданының бас имамы Данияр Қалмақбайұлымен әңгімелесудің сәті түсті. «Асыға күткен он екі айдың сұлтаны Рамазан айында біздің аудан тұрғындарының да пітірлерін онлайн төлем арқылы жіберуге мүмкіндігі бар. Интернет арқылы жіберуге мүмкіндігі жоқ жандар үшін мешіттің сыртына жәшік қойып қойғанбыз. Күнделікті тәртіп бойынша мешітке имам, көмекшісі және азаншы ғана келеді. Індеттен тезірек құтылу үшін Бас мүфтиіміздің үндеуіне біз де қосылып, күнде үздіксіз хатым Құран оқудамыз. Мүфтияттың тапсырмасымен жамағаттың атынан әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға 100-ден астам азық-түлік пакеттері таратылды. Сауабы мол ізгі айды барша мұсылман қауым игі істерге жұмсауы тиіс! Рамазан айында тілеген тілек қабыл болады дейді. Шынын айту керек, жамағат мешітті сағынып жүр, Алла тағалам сабыр берсін», дейді Д.Қалмақбайұлы.
Қазір онлайн тапсырыспен ағайын, туыс, дос-жаран, мүмкіндігі шектеулі жандарға қайырымдылық ретінде ауызашарлар беріп жатқандар көп. Мысалы, белгілі психолог Құралай ханым жолдасы екеуі Hantalapai_Nursultan мейрамханасынан онлайн тапсырыспен тағам алдырып, ораза тұтқан 100 адамға жеткізіп беріп, ауыз аштырыпты. Осындай сауапты істердің басы-қасында жүрген Iftar_kafe мейрамханасының әкімшілік жетекшісі Табиғат Жұмашевамен телефон арқылы тілдескенімізде «Біздің мейрамханадағы ауызашарға келетін болсақ, тек online сауда жасаудамыз. Әрине, бұл әдеттегі саудадан сәл қиынға соғуда. Дегенмен де фирмалық тағамдарымызға жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, 5 түрлі кәуапқа тапсырыс беретін болса, таба нан және өзіміз дайындаған 3 литрлік компот, каркаде, кисель сусындарын сыйға тартамыз. Одан да көп тапсырыс беретін болса осы сыйлықтарға қоса қымыз беріледі. Аллаға шүкір, ауызашар тағамдарына тапсырыс берушілердің қатары күннен күнге артып келеді», деді.
Ендеше Оразада тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болып, барша әлем жұрты аман болсын, ағайын. Жақсы амалдарымыз көбейе берсін.
Айым БОЛАТҚЫЗЫ
НҰР-СҰЛТАН