Аймақтар • 14 Мамыр, 2020

Алмалыда арақ-шарап атымен жоқ

975 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлтымызда ежелден бір рулы елдің басын біріктіріп, қандай да дау-дамайлар болса, сол ауылдың бетке ұстар аузы дуалы, от тілді, сөзінің салмағы бар ақсақалының өзі шешіп, бәрін орын-орнымен жайғастырып отырғанын жақсы білеміз.

Алмалыда арақ-шарап атымен жоқ

Сөзі өтімді, тұтас елді аузына қарата алатын ақсақал-билеріміз қазір де жоқ емес. Жуырда бір ауылдың ұйытқысы болып отырған осындай ақсақалдың дерегін естіп, іздеп барған едік. Жетісай ауданында Мақталы ауылдық округіне қарасты 2000-ға жуық тұрғыны бар Алмалы деген ауыл бар. Бұл ауыл осы төңірекке кейінгі кезде «арақ-шарапсыз ауыл» деп танылып жүр. Дүкендерінде тентек су сатылмайды, той-жиындарда қойылмайды. Әрине, Кеңес дәуірінің құдіретімен қанымызға сіңіп, бойымызды билеп алған мұндай ішімдіктен бір ауыл жұрты бірден бас тартуы қиын шаруа. Тойыңның сәнін кіргізіп, қонақтарыңды жадыраңқы көңіл күймен шығарып салып жүрген ащы суды той мәзірінен алып тастау дегенімізді ерлік деуге келер. Алайда ауыл ақсақалы Елеусін Жастаевтың ауылдастарына айтар өсиеті мен талабы осы. Елеусін ақсақал – Алмалы ауылындағы «Хазіреті Біләл» меші­тінің имамы. Бір елді мекеннің тұр­ғындарын бір ауыз сөзімен-ақ бірік­тіріп, ұйымшылдықты, тату­лық­ты, туып-өскен жердің киелі топырағын құр­меттеп, ауылдың атын жақсы жа­ғы­нан шығаруды дәріптеп жүрген жана­шыр қария.

Алмалы аудан орталығынан едәуір қашықта орналасқан. Тұрғындар үшін аудан орталығына келіп сауда-саттық жасау оңай емес. Сондықтан болар ауыл­ды азық-түлікпен қам­та­ма­сыз етіп отырған дүкендер қа­та­ры жеткілікті. Басында арақ сатуды да көздеген дүкен иелері болды. Елеусін ақсақал мұндай харам жолмен табыс табу берекесіз болатынын түсіндіріп, кәсіпкерлерді райынан қайтарған. Имандылық жолында жүрген ақсақалдың сөзін ауыл­дық­тар да қоштағандықтан ба, әлде бәтуалы сөздің құдіреті ме әйтеуір «шай­тан су» сатып нәпақа табамын деген­дер бүгінде дүкен сөрелеріне арақ қоймайды.

Бұдан бөлек, ел болған соң ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жекжат, келін мен ененің арасында түсініс­пеу­шілік болып тұратыны белгілі. Мұндайда үлкен дауға айналдырып, ушықтырмай, ақсақалдар келісімге шақырып отырады. Бұл жайында ауылдағы «Достық» мектебінің директоры Рахмет Тілеубеков былай дейді:

– Елеусін ақсақалдың ауыл тұр­ғындары үшін беделі өте жоғары, бәріміз де құрметтейміз. Жуырда өзім басшылық жасап отырған мектебімізде ерлі-зайыпты әріптестерім отбасылық жағ­­дайға байланысты араздасып қал­­ды. Алдында да бір ұрсысып қал­ған жерінде құдалардың алдынан өтіп, «Бір ашуыңызды беріңіз. Енді қайталанбайды», деп өзіміз тату­ластырған болатынбыз. Енді қайтадан құдалардың алдына баруға бетіміз жоқ. Өйткені құда «Енді ұрсысатын болса, қайта алдыма келуші болмаңдар», деп нықтап айтқан болатын. Бір күні Елеусін көкеміз мені шақырып, бұл жағдайдан хабары бар екенін айтты. Мен қалай шешетінімізді білмей амалым құрып тұрғанын айтып едім, онда бұл іске өзім араласайын деп Асықата кентіне барып, барлығының тігісін жатқызып шешіп келді. Тіпті, құдалар сотқа да беріп қойған екен. Сотты да тоқтатып, ерлі-зайып­тыларды қайта жарастырды. Бүгінде ауылда қандай дау болса да осы ақса­қалдарымыздың арқасында сотқа дейін жетпей, өзімізде шешімін тауып келеді. Ауылымызда ұрлық, тонау секілді қылмыстың түрлері де азайды.

Тағы бір жағдайды айта кетейін. Был­тыр Ораза айында ауылдықтар бірі­нен соң бірі ауыз бекіткендерге ауызашар беріп жатты. Сонда есігінің алдында дүкені бар бір ағайын: «Ертең біз­дің үйге ауызашарға келіңіздер», деп жиналған көпшілікке хабар берді. Елеу­сін ақсақал: «Сенің үйіңе бармай­мын», деп көктен жай түскендей етіп кесіп айтты. Әлгі ағайын: «Неге бар­май­сыз? Бәрінің үйіне барасыз да, менің үйіме келмейсіз бе?» деп қыза­раңдап ашуланып қалды. Сонда Елеусін көкеміз: «Сен арақ сатып, ауыл азаматтарын улап, күнәһар болдың. Енді келіп бізге ауызашар бермексің бе? Мұндай жолмен берілген ауызашарға барып мен де күнәһар болмайын?» деді. Әлгі ағайын осы сөзден кейін ұнжырғасы түсіп кетті. Үйіне барып дүкендегі арақтың бәрін алдырып тастап, одан кейін сатпайтын болды.

– Ауылда харам су сатып, тойға қою мәселесінің тыйылғанына қан­ша уақыт болды?

– Бес-алты жылдың көлемі болды десем қателеспеспін. Елеусін көкеміз Меккеге қажылыққа барып кел­ген соң ауылдың рухани ты­ныс-тіршілігін қолға ала бастады. Оған дейін арақ ішу де, жанжалдасу да, ұрлық-қарлық дегендер өзге ауылдардағыдай бізде де орын алып тұратын. Қазір ол кезбен салыстыруға келмейді. Бұрындары түнгі сағат 2-3-тер шамасында да бірін-бірі сүйреген мастар құлаққа түрпідей тиетін сөздер айтып, айқайласып, жаға жыртысып көшеде кетіп бара жататын. Қазір ондай жоқ. Ауылда имандылыққа бет бұрып, намазға жығылғандардың да саны артып келеді.

Ендігі жерде Елеусін көкеміз өзі бастамашы болып, ауылдан жастарға арнап шағын футбол алаңын ашсақ деп жүр. Бұйыртса, ауыл жастары қолы бос кезінде сонда барып футбол ойнап, денсаулықтарын шы­нықтыратын болады. Жалпы айт­қанда, жастарымыздың да тәртібі жа­ман емес.

Ал осы ауылдан ашылған «Туған жерге мың алғыс!» қайырымдылық қорының жетекшісі Азамат Қожабаев та Рахмет ағаның сөзін қоштады.

– Өзім су шаруашылығында жұмыс істейтін болған соң өзге де ауыл­дарға барып, аралас-құралас жүре­міз. Сонда өз ауылым мен өзге ауылдарды салыстырып байқаймын. Адам­дарының пейілі қандай, күнкө­рістері дұрыс па дегендей. Айтайын дегенім, біздің ауыл өзге ауылдар­мен салыстырғанда әлдеқайда ынты­мақты, тұрғындары еңбекқор екені көрініп тұрады. Мәселен, бір ауылдарда қараусыз пайдаланылмай сора басып жатқан жерлер бар. Біздің ауылда ондайды көрмейсің. Көптеген жастар қалаға, шетелге жұмыс істеуге кетіп жатады. Ал бізде жастарымыз өз ауылымызда да еңбектеніп, диқаншылығын жасап, мал бағып, күндерін көруде. Ауылымызда 230 отбасы түтін түтетіп отыр. Мақталы ауылдық округі деп аты айтып тұрғандай, біздің өңір ауданның өзге жерлеріне қарағанда мақтаны көп өсіреді. Біздің ауылдың өзінде 3-4 мақта қабылдайтын пункт бар. Сондай-ақ бау-бақша дақылдарын өсіруді де жақсы меңгеруде.

– Ауылдан «Туған жерге мың алғыс!» деген атаумен қайы­рым­ды­лық қорын ашыпсыздар. Қорды ашуға не түрткі болды?

Қорымыздың ашылғанына биыл екінші жыл. Әрине, мұның өзіндік себебі бар. Қасиетті Рамазан айында мал басын құрбандыққа шалған азаматтар етін таратайын десе, кімге берерін білмейді. Жағдайы жоқ-ау деп біреуге апарып берсе, олар намыстанып, дау шығарыпты. Содан мешітке келіп ақсақалдармен, ауылдық округ әкімімен ақылдаса келіп, округіміздің орталығындағы әкімшілік ғимаратына осындай «Туған жерге мың алғыс!» деген қор ашылғанын жазып қойдық. Расымен де, көмекке мұқтаж жандар бар екен. Қорға жиналған қаржылай болса да, азық-түлік, киім-кешек болса да әйтеуір керегін алып жатады. Сондай мұқтаж жандардың бүгінде тізімін жасап, қорға не түссе, бөліп беріп отырамыз. Жалпы, округіміз бойынша 21 мұқтаж отбасы бар екен. Ал біздің Алмалыда 2 отбасының жағдайы қиын еді, жақында біреуі жұмысқа орналасып, түзелді. Енді қалған біреуін аяққа тұрғызсақ, біздің азаматтық парызымыз орындалады деп ойлаймын.

Елеусін ақсақал әлі де тың, ауы­лы­ның ынтымағы мен көркеюі үшін әлі талай істерді қолға алсам деген жоспарлары да жоқ емес. Ең бастысы, ақсақал деген мәртебелі атқа дақ түсірмесем дейді. Ендігі жерде Алмалы ауылының тыныс-тіршілігі өзге де ауылдарға үлгі болып, игі бастаманың жалғасына куә боламыз деп сенейік.

 

Эльмира ӨСЕРБЕКОВА

 

Түркістан облысы,

Жетісай ауданы