Парламент • 14 Мамыр, 2020

Қазына қаржысы тиімді жұмсалуы қажет

155 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізгендігі бәрімізге мәлім. Отырыста Мемлекет басшысы комиссия халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылдап, жүзеге асырғанынан халықты хабардар етті.

Қазына қаржысы тиімді жұмсалуы қажет

Президенттің мәлімдемесі бойын­ша қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шыққан. Елімізде дүкендер, сән салондары, білім орталықтары ашылады, басқа да нысандардың қызметі қайта жандануда. Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келуде.

Бүгінгі күні Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің ақпара­тына сәйкес, жалпы 4 млн 539 мың адам төтенше жағдай енгізілгенге дейін жұмыс істеген, алайда ТЖ енгізілуіне байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін өтемақыны алған, оған барлығы 193 млрд теңге жұмсалған. Үкіметтің хабарлауынша, 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілген. Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілген. Коммуналдық төлемдерді төлеу үшін аса мұқтаж жандардың қосымша көмек алуы жалғасын табуда. Банктер тарапынан 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілгені белгілі болды. Мемлекет тарапынан қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлініп жатыр. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылғаны өте орынды деп санаймын. Үкіметтің жоспары бойынша 2020 жылы 1 млн 200 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл жақсы жаңалықтардың бірі деп санаймын.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев комиссия отырысында білім беру бағ­дар­ламаларының мазмұнын қайта қарап, оларды қолжетімді және интерак­тивті ету қажеттігін, мұғалімдердің дайындығы жаңа талаптарды ескере отырып жүргізілуі керектігін жеткізді. Президенттің айтуынша, білім беру әлдеқайда икемді болуы керек. Мемлекет басшысы балалар мен студенттерді қашықтан оқытудың хаттамалары мен әдістерін жасап, елдегі барлық оқу орындарын нақты цифрландыруды аяқтау қажеттігіне тоқталды.

Президентіміз осы қиын кезең өткеннен кейін де денсаулық сақтау жүйесіне қатысты барлық мәселелерді қайта қарап, алдағы жағдайларға дайын болуымыз керектігіне мән берді, Үкіметке нақты міндеттер қойды. Осы­ған орай Үкімет жанынан беделді ғалым­дар мен сарапшылардан құралған био­ло­гиялық қауіпсіздік бойынша ғы­лы­ми кеңес құрылатыны белгілі болды.

Сонымен қатар Үкімет лайықты еңбек­­ақы төлеу мен қаржы-салық жүйе­сін реттеп, жемқорлықты ауыздық­тауға барынша күш салу керек. Қазына қар­жысын болашағы бұлың­ғыр әлеуметтік бағдар­ламаларды іске асы­руға емес, халықтың тұрмыс деңгейін көтеруге, өмір сүру сапасын арттыруға жұмсау қажет.

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

сенатор, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы