Экономика • 14 Мамыр, 2020

Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдеріне коронавируспен күреске 370 млн доллар бөлді

339 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік банк коронавируспен күресу үшін Орталық Азия елдеріне 370 миллион долларға жуық қаражат аударды. 

Дүниежүзілік банк Орталық Азия елдеріне коронавируспен күреске 370 млн доллар бөлді

Аталған сома төтенше жағдайлардың жаһандық пакеті шеңберінде де, Дүниежүзілік банктің қаржылық көмегімен осы мемлекеттерде қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалар шеңберінде де қайта бөлініп отыр.

«Дүниежүзілік банк COVID-19 пандемиясына қарсы қаражатты тез арада жұмылдыра білді. Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтерімен бірге біз денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, COVID-19 ауруының экономикалық ықпалын азайту мақсатында қосымша қаражат бөлу үшін 9,7 млрд АҚШ долларын құрайтын аймақтағы инвестициялық портфелімізді қайта қарап жатырмыз», - деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы аймақтық директоры Лилия Бурунчук Дүниежүзілік банктің ұйымдастыруымен өткен онлайн-брифингте.

Дүниежүзілік банк тарапынан көрсетіліп жатқан көмек денсаулық сақтау мен алғашқы медициналық көмек көрсетудің ұлттық жүйелерінің тиімділігін арттыру бойынша кең ауқымды шаралар легін жүзеге асыруға, эпидемиологиялық мониторинг пен есептілікті жетілдіруге, инфекция жұқтырған пациенттермен жұмыс істейтін медициналық кадрларды даярлауға мүмкіндік береді.

Ұсынылған қаражат сонымен қатар маңызды медициналық жабдықтарды, соның ішінде тестілеу жиынтықтарын, лабороториялық реагенттерді, реанимация бөлімшелеріне арналған жеке жабдықтарды, медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға жұмсалады.

Сонымен бірге Орталық Азияның жекелеген елдерінің басымдығына қарай қаражат үкіметтерге халықтың әлсіз топтарын әлеуметтік тұрғыда қорғауды қамтамасыз ететін бағдарламаларды кеңейтуге, қашықтықтан білім беру жүйесін ретке келтіруге және пандемия салдарын азайту аясында басқа мәселелерді шешуге жол ашады.

2020 жылдың 14 мамырындағы жағдай бойынша Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы COVID-19 әсерін азайтуға бағытталған шаралар пакеті төмендегі жобаларды қамтиды:

Қазақстанға әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жобаларды қайта қарау (реструктуризация) аясында әртүрлі аймақта COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеу үшін қажетті өкпені жасанды желдететін 236 аппарат (ӨЖЖ) сатып алуға 10 млн доллар бөлінді. Бұған қоса өкпені жасанды желдететін 123 аппарат пен өзге де медициналық жабдықты сатып алуға 17 млн доллар аударылды.

Тәжікстанға аударылған 11.3 млн доллар жеделдетілген процедуралар бойынша төтенше жағдайларда әрекет етудің жаһандық пакеті аясында жедел жәрдем көмегін көрсету мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталады. Қаражат жан сақтау бөлімдеріне арналған медициналық жабдықтарды, медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныс құралдарын, тестілеу жиынтықтары мен лабороториялық реагенттерді сатып алуға, сондай-ақ коронавирустың алдын алу үшін жан сақтау бөлімі мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізетін қызметкерлерді оқытуға жұмсалады. Әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар уақытша әлеуметтік қолдау шаралары арқылы қорғалады.

Қырғыз Республикасына бөлінген 21 млн доллар қаражат эпидемияның алдыңғы шебіндегі медициналық қызметкерлерге медициналық және лабороториялық құрылғыларды, жедел жәрдем көліктерін, жеке қорғаныс құралдарын, сондай-ақ төтенше жағдайларда жедел әрекет ететін топтарды мобильді құрылғыларды сатып алуға бағытталады. 

Өзбекстанға бөлінген 95 млн доллар ұлттық денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға, сондай-ақ пандемиядан туындаған экономикалық дағдарыстан зардап шеккен халықтың аз қамтылған бөлігін қолдауға жұмсалады. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк салық түсімдерінің едәуір қысқарып, үкіметтің пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын жұмсарту бағдарламасы аясында шығыстардың күтпеген жерден ұлғаюы жағдайын ескере отырып, бюджетті қосымша қаржыландыру үшін тағы да 200 млн доллар бөлді. Сонымен қатар, Өзбекстандағы шұғыл медициналық көмек жүйесін жетілдіру жобасы аясында 17 млн доллар аударылды. Осы қаражат өкпені желдету аппараттарын, рентген аппараттарын, инфузиялық сорғыларды, тестілеу жиынтықтарын, вирус жұқтырған науқастардың денсаулығын бақылауға арналған жабдықтарды және тағы басқа керек-жарақты сатып алуға мүмкіндік береді.

Бүкіл әлем, сонымен бірге Орталық Азия да COVID-19 пандемиясының ықпалымен туындаған экономикалық дағдарысты бастан өткеруде. Жұмыссыздықтың өсуі, жалақының төмендеуі, бағаның өсімі және білім мен денсаулық сақтау қызметтерінің қол жетімділігінің төмендеуі байқалады.
 
Орталық Азия елдеріне пандемияның жағымсыз экономикалық салдарын азайтуға көмектесу үшін Дүниежүзілік банк аймақтың үкіметтерімен бірлесіп, жағдайды бағалай отырып, ресурстарды қайта бөлу және қайта ұйымдастыру мақсатында жобалардың бәрін зерттейді. Дүниежүзілік банк ұлттық экономикаларды қалпына келтіру үшін қосымша қаражатты жұмылдыруды жоспарлап отыр. Оның көмегі халықтың табысын қолдауға, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік қорғау қызметтерін көрсетуге, цифрлық экономиканы дамытуға, ақпараттық деректерді басқаруға бағытталады.
 
Бүкіл әлемдегі мемлекеттер COVID-19 таралуын бақылауды жақсартып, пандемияның экономикалық әсерін азайту жұмысын жүргізіп жатқандықтан, Дүниежүзілік банк Тобы дамушы елдерге пандемияға қарсы іс-қимылдарды жетілдіруге көмектесу үшін кең ауқымды әрі жедел шараларды қабылдап отыр. Алдағы 15 айда Дүниежүзілік банк Тобы бүкіл әлемнің мемлекеттерінің экономикаларын қалпына келтіруге көмектесу үшін 160 миллиард доллар қаражат жұмылдырады.