Сұхбат • 15 Мамыр, 2020

Асанәлі ӘШІМОВ: «Бекежан-Асанәлі қартайса, Төлегендерді кім ширықтырады?»

4717 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Жанқадай «таланттар» су бетінде қалықтап өмір сүріп жүрген кезде, киелі өнер-өмірдің текті болмысын қайтару үшін, қайта атқа қонғысы келетін үркердей топтың басында Асанәлі аға барын бұрыннан сезетінбіз. Әңгіме барысында кинодағы тарихты өзінен бастағысы келетіндер «Шәкен кім? Қожықов кім?» деген соң, армандап, жанын жауратпай жүрген кейіпкерлері өнердің тұнығын лайлап жатқан дүлей диірменге түсіп, өзін адастырып кеткеніне жаны жабырқайтынын жасыра алмады. «Кинодағы сұлулық пен тазалық мемлекеттік деңгейде талқыланатын мәселе екенін, экранның қоқысқа толып кеткенін, жалғаса берсе қарынның ғана қамын ойлап, табақ пен ішті босатумен шектеліп қалатын дәлдүріш ұрпақты қалыптастыратынымызды» сары майдан қыл суырғандай тігісін жатқызып отырып жеткізіп берді...

Асанәлі ӘШІМОВ: «Бекежан-Асанәлі қартайса, Төлегендерді кім ширықтырады?»

– Аға, адамның ғұмыры жасымен өлшенбейді. Сізді Бекежан мен Қа­сым­ханның шекпенінен шығарғысы келмей­тін жастар көп.

– Оны түсінемін. Бекежан-Асанәлі қартайса, Төлегендерді кім ширық­тырады? Бұл өмірдің заңы ғой. Қара түс болмаса, ақтың қасиетін біле ме адам. Өлім болмаса, өмірдің қадірін кім түсінеді. Бекежан болмаса, Төлеген Төле­ген болар ма еді? Қыз Жібек – Төлеген – Бекежан арасындағы драма болмаса, кино кино емес, тек тәтті кәм­пит болып шығар еді.

Төлеген сымбатты, Қыз Жібек те өмір­де соншалықты сұлу болмаған шығар. Бірақ тарихтың жүрегінде қалып, сұлулық пен махаббаттың шыңына көтерілді. Халық кем-кетіктерін ықы­ласымен то­лық­тырып, қиялындағы сұлу­лықтың өлшеміне айналдырып жіберді.

– Сізбен бұған дейінгі әңгімеде Қасым­хан Шадияровты елге алып келгіңіз келетінін, онсыз ана дүниеге тыныш кете алмайтыныңызды айтқан едіңіз. Ре­жис­сер Хуат Ахметовтің «Аруақ» филь­мінде сіз басты рөлде сомдаған фило­соф Ағатайдың жұм­бақтығы мен мі­незін Қасымханға ұқса­тамыз. Бұл жо­лы Қасымхан елге Ағатай болып кел­ді ме?

– Есіңде болса, «Сіз кімсіз Ка мырза?» фильмінде Қасымхан кеңістікті бетке алып, кетіп бара жатуымен аяқта­латын еді ғой. «Аруақтағы» Ағатай сол кеңістіктен елге оралады. Оның есімінің өзі де – символикалық есім. Ұзақ жылдар шетелде болған, жапондық, қытайлық достарымен хат-хабар алмасып тұрады. Сүйген жары босанып жатып қайтыс болған. Ағайын-туысқандары да қал­маған. Фильмге өз ортасынан безіп, томаға-тұйық, далаға барып тұруды көздеген қарт кісінің өмірі арқау болған.

– Негізі біз өткен әңгімемізде Қасым­­ханның елге оралуын басқаша елес­теткен едік. «Оны әуежайдан қар­сы аламыз, сый-сыяпатқа бөлейміз. Ел жұр­тының алақанында, ақтық сапарына да сол құрметпен шығарып саламыз».

– Түсінгенім Қасымханды ешкім жалғыздыққа қимайтын сияқты. Алайда, бұл өмір ғой. Орыстар «Человек предполагает, а Бог располагает» демеуші ме еді. «Жаным кеудемде қонақтап тұрғанда сүйегімді атамекенге табыстайын» деп елге оралған данагөй, пәлсапашының жо­лында балалар үйінен қашып шыққан кішкентай, елгезек бала кезігіп, оның бастапқы жоспарын бұзып кетеді. Үмітін үкілеп, өмірін ұлына бағыштайды. Кейін, шығармашылық топ, ойлана келе 80 жастағы Қасымхан Шадияровтың елдегі тұрмысын талқылап, қазіргі қа­лып­қа сыйдыра алмады да, жұмбақ болып қалсын деп шешті. Әуежайдан күтіп алып, Мемлекет басшысының қабыл­дауына кіргізсек, кешегі Шәкен жасап кеткен киноның табиғатын бүлдіріп аламыз.

Бір қызығы, бұл жолы да Ағатайдың табиғатымен өзімнің болмысымдағы ұқ­сас­тықты таптым. «Аруақ» Ағатай «Ұзақ өмір сүрдім, ұлымды жоғалттым, жо­ғалтқаным басымдағы шашымнан да көп. Қайғырмаймын. Құдайда өл­гендер болмайды. Құдайдың алдында бәрі – тірі. Демек, алдағы өмірде ұлым­мен қауышамын», деп кеңістікті бетке алып, сағыммен араласып кетуімен аяқталады. Мен де Сағиым мен Мәдиім, Майрам қайтыс болғанда да «Өмір мені жеңді, мен жеңілдім», демедім. Алға жылжыдым. Ажалдан кім қашып құтыла алған? Кинодағы Ағатай да – жалғыз. Өткенін сағынады, алдан үміт күтеді. Сондай сағыныш менде де бар. Адам жаратылғаннан кейін, пендеге тән қуанышы, реніші, қайғысы болады. Соңғы жылдары көңілім кішкене құлазыңқырап, кинодағы кейіпкерімнен, күнделігімнен дауа іздейтін болдым. Майрамнан, қос құлынымнан айырылған қаралы күндерімде достарым қайғымды жеңілдетті. Қазір олардың қатары сиреді. Бала-шағалары, басқалары көкелеп, аталап жүгіріп жүреді. Бірақ бұрынғы ит көй­лекті бір киген, аш кезде де, тоқ кезде де қасыңнан табылған достың орнын ешкім баса алмайды. «Тағдыр мені достарымның артында қалғандардың шырақшысы болып жүрсін деген шығар» деп өзімді жұбаттым. Бірақ бұл да көңілімді тыныштандыра алмады. Өмір өтіп барады. Партнер жоқ десем, басқалар өкпелеуі мүмкін. Бірақ шындығында солай. Бір-ақ спектаклім бар, соны ойнаймын. Балалармен спектакль қоямын. Академияда актерлік курсым, тәрбиелеп, болашағынан үміт күтіп отырған шәкірттерім бар. Үйде баламмен, немерелеріммен жұмыс істеймін. Гүл өсіремін. Ағаш егемін. Соларды суа­ра­мын. Жұмыс жетеді және бұл өмір бізбен бітпейді. Ең бастысы, тұлғаларға деген құрмет ортаймауы қажет. Бірде Әнуардың мен көрмеген суретін тауып алғанда бірге жүрген күндер еске түсіп, қатты толқыдым. Әнуар, Есболған, Райым­бек, қайсыбірін айтайын, шетінен бағылан, шетінен биік еді ғой. Енді өмір солай, басқа амал жоқ.

– Аға, адамның өмірін өлшеп-пі­шіп, пешенеге мөрлеп қойған құді­рет бар. Біз асықпасақ та...      

– Ойыңды түсініп отырмын. Ресейде КСРО кезінен бірге жұмыс істеп келе жатқан Кончаловский-Михалковтар бар. Алайда сауатты сценарийстер бізде де, Ре­сейде де саусақпен санарлық қой. Ер­мек Тұрсынов, Рүстем Әбдірашев, Ақан Сатаев­тардан үміт күтемін. Ки­но деген фугу балығы тәрізді. Бабы келісу керек. Бір мыс­қалы кем болса, ке­йіп­кердің жанын жаралап аламыз. Кейіпкердің көмейіне кесек-кесек сөз салып, көрерменді тұщындырып отыр­маса, кино кино бола ма? Бұл жағы да қолды байлап тұр. Үкіметтің киноға бөлген қаржысы жыл сайын азайып келеді. Енді екі-үш жылға дейін жағдайдың жақсара қоймасын сеземіз. Бірақ кино деген бекзат өнер табалдырықта қалмасына да сенеміз. Өнердің тұнығынан ауызданып үйренген қайран көңіл тазалықтан аттап кетуге дәті бармайды.

– Жарты ғасырдан бері Қасым­хан­ның елесімен өмір сүріп келе жат­қа­ныңызды білемін. Ел ішінде Қасым­хан мен Дінмұхамед Қонаев жақсы таныс болған, Димекеңнің тапсырысымен дайын­далған дүние деген пікір бар. Осы­ған келісесіз бе?

– «Атаманның ақыры» да, «Транссібір экспресі» де Димекеңнің идеясымен түсі­рілгені рас. «Известия» газетінен Қасым­хан Шадияров туралы тілдей хабарды оқып қалып, Шәкен Аймановқа осыны қолға алсаңыз деп кеңес берген. Содан бас­талды. «Транссібір экс­пресін» түсіруге дайындық кезінде Қа­сымхан жайлы деректер іздеп, архив ақтарғаным бар. Алайда қолыма бірде-бір дерек түспеді. Қашып кеткенін де, атылып кеткенін де айғақтайтын жазба жоқ. Тіпті қайда кеткенін туыстары да білмейді. Өнердегі Қасымханның тұлғасы режиссердің еркіндегі қиялымен бірге дамитын құбылысқа айналып кетті.

– Аға, кино бекзат өнер, сұлулық. «Қыз Жібектің» орнын алмастыра алатын кино келген жоқ. Кино фено­менінің өзі де тазалық пен сұлу­лықтан бастау алып тұр. Сол сұлулық қазір кинодан алыстап кеткен жоқ па?

– Кезінде «Қыз Жібекті» сынаушылар да көп болды. Бірақ уақыт өте келе өсек, көре алмаушылық деген шөп-шалам қурап кетті де сұлулық қалды. Заман өзгерді, көзқарас өзгерді, құн­дылықтар өзгерді. Бірақ «Қыз Жі­бекке» деген көзқарас өзгерген жоқ. Бә­рі мөлдіреп, кино деген саф өнердің ай­бынын асқақтатып тұр. Кененбай – Сырлыбай қандай, Шеге – Әнуар қандай, Жібек – Меруерт қандай. Тіпті Бекежанның өзінен бекзаттықтың лебі есіп тұр. Ермек Тұрсынов түсірген «Келін» «қазақтардың намысына» тигені есіңде болар. Мен де мазмұны жағынан қабылдай алмағанмын. Бірақ маған кино ретінде ұнайды. Сұлулық «мен сұлумын» деп айғайламай-ақ экранды билеп-төстеп тұр. «Келін» фильмі АҚШ-тағы «Оскар» байқауының жартылай финалына шықты. Әлемдік өркениет әйел денесінің сұлулығына және тұмса таби­ғаттың сұлулығына назар аударды. Содан кейін түсірген киноларында да қан лыпып соғып тұр. Қазір киногер мен көрерменнің талғамы арасында гармония жоқ, күрес жүріп жатыр. Соңғы нүктені көрермен қояды. Бұл процестің қаншаға дейін созылатынын мен білмеймін.

– 1970-1980 жылдарда Қазақ­стан­ның халық әртісі атағын, КСРО-ның ха­лық әртісі атағын, екі сый­лық­ты – рес­публи­каның Мемлекеттік сый­лы­­ғын, КСРО-ның Мемлекеттік сый­лығын алдыңыз. Қалай көтердіңіз? Атақ-даңқтың бір ұрты қан болса, бір ұрты май болады деуші еді ғой?..

– «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақы­­рынан» кейін ақыл-есімнен қалай айырылмағаныма, қалай ішіп кет­пе­геніме, отбасын қалай сақтай алғаныма өзім таңғаламын деп бұрын да бір айт­қанмын. Көшеде келе жатқанымда кө­рермендерімнің топ-тобымен со­ңым­нан еріп жүретін күндері де болды. Так­сиге отырғанда ешқандай жүргізуші менен ақша алмайтын. Қазір сол кездері бір құдіреттің панасына алып сақтағанын енді сезіп жүрмін.

– Айтпақшы, «Қыз Жібекке» биыл – жарты ғасыр. Шығармашылық топтан Меруерт Өтекешова мен сіз қал­дыңыз...

– Мерейтойға дайындық қалай де­мексіз ғой. Оны сіздер ойламасаңыздар, Жібек – Меруерт екеуміздің қолымыздан не келеді? Ел бар, жұрт бар, Мемлекет бар, ескерусіз қалмас деп ойлаймын.

– Аға, біздің таңдайымызда кешегі Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев жасап кеткен керемет киноның тәтті дәмі қалды. Сіз­дер жасаған киноның табиғаты сұлу­лықпен үндесіп жататын. Қазір ше?

– Кинодағы сұлулық пен тазалық мемлекеттік деңгейде талқыланатын мәселе. Жоғарыда айтып өткендей, уа­қыт бәріне төреші. Шөп-шалам қу­рай­ды. Сұлу­лық пен адалдық қана – мәңгілік тақырып. Қазір экшн жанры­ның өркендеген, кино­ның азған-тозған уақытында тұрмыз. Аме­рика одан бая­ғыда өтіп кетті. Франция, Ан­глия, Италия өзінің дәстүрін тастамай, бұзбай киноның классикалық үлгісін көр­сетіп отыр. Бұларда біздегідей жеңіл-желпі өнімдер жоқ десе де болады. Кадр-ма­мандардың тарихқа үңілуінде кем­шілік басым. Кино­дағы тарихтан өзге та­қырып­тың бәрі Голливудтан артылған жоқ.

Бірде Америкадан киногерлер келді. Олар таңғалып, «Сіздерде кино жанрын­дағы материалдарыңыз мол екен, біз қызғанышпен қараймыз, бізде материалдар бітті, таусылды», дейді. Міне, көрдіңіз бе? Барлық елдің Шыңғыс хан туралы кино­ға жабыса беретіні – сол. Өйт­кені ол материал бай және тың. Сон­дықтан біз төл туындыларымызға келуіміз керек. Бізде еліктеп, солық­тау­шылық көп. Телеарналардың бар­лығы Мәскеудің телеарналарының кө­шірмесі ғана екенін жасырмауымыз керек. Қазақтың киносы өзінің саясатынан, экономикасынан, халықтық мәдениетінен асып кете алмайды. Арзан күлкіге құмар халықтың мәдениеті өскен кезде ғана кинода даму басталады. Біздің жастардың бү­гінгі талғамы да осы болып тұр. Олар­ды кинотеатрға алып барып «Қыз Жі­бекті» көрсетші, біраздан соң залдан шығып кетеді. Ал басы жоқ, аяғы жоқ фильм­дерді көрсетсек отыра береді. Ар­зан кино бөтелкеге құйып қойған, тек солқылдатып сора беретін сүт сияқты. Бөтелкеден сүт ішкен бала анасының омырауынан тез бас тартатын еді ғой. Ал тамырыңмен қиюласып жатқан шедевр – ананың ақ сүті. Оны ему үшін бала бұлшық етін қаршылдатып тұрып күш жұмсайды. Кино да сол сияқты те­реңге бой­латады, жауап іздетеді. Адам да, қо­ғам да тарихтан дем алып, алға жыл­жиды.

«Жаужүрек мың бала» фильмі сол экшннің аздаған тарихы бар нұсқасы. Әй­­теуір, сол болса да, оның шыққанына қуанып жатырмыз. Ортадан сәл жоғары фильм деуге болады, бірақ шедевр емес. Үл­кен салмақты фильмдерге көп қара­жат керек.

– Қырғыз бен қазақ, өзбек – түбіміз бір. Еуропадағы түріктер де бір кезде Орта­лық Азиядан кеттік деп қазақты жақын тұтып, бізден алыстағысы кел­мейді. Бірақ кинода интеграциялана алмай жүрміз. Мүмкін, әзірге, тарихи тақы­рыптарға ағайын­дармен бас қоссақ, бір нәрсе шыға­ратын шығар­мыз?

– О­йыңызды түсіндім. Қасиетті өнер­ді тарының қауызына сыйдырғысы келетіндер көбейіп барады. Ол мүмкін емес қой. Өнер – құдірет, өнер – шек­сіздік. Киноның өрісі кеңіген сайын оның тынысы да ашылады. Қырғыздар Айтматовтың шығармаларынан 12 кино түсіріпті. Әуезовті де өкпелеткен жоқ. Күні кеше ғана дүниеден өткен қырғыз режиссері Болат Шәмшиев түсірген «Қараш-Қа­рашты», «Қасқырдың апа­нын» немесе Төлеміш Өкеевтің тас­палаған «Көксерегін» алып қарашы. Осыдан кейін қазақ пен қыр­ғызды бір-бірінен қалай бөлесің? 1960 жылдарды қазақ-қырғыз киносының алтын ғасыры деп атайды. Алтын ғасырдың бастауы болып Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов тұрды. Оның алдында Төреқұл Айтматов пен Тұрар Рыс­құлов арасындағы сыйластық бар. Әуезовтен кейін де Айтматовтың қазақ халқына деген ықыласы ала-бөтен болды. Ол кезде жыл аралатып болса да кино форумдар өтетін, бүкіл одақтың киногерлері бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласып жататын. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Бір-бірімен араласпаса, өнердегі достық қалай қалыптасады? Ішкі ойым, қазақ өнері сияқты, қырғыз, өзбек өнері де өзін өзі іздеу, қалыптасу кезеңінде жүрген шығар деп дәмеленеді. Өзін өзі таныған күні өзгелерден өзіне ұқсастық іздеп, екі жағалауда қалса да бір-біріне қол созуға жарауы мүмкін. Бұл табиғаттың заңы...

– Қос ұлыңыз Сағи мен Мәдидің қайғысы жүрегіңіздің түбіне шөгіп, сүйе­гіңізге сіңіп қалғанын сезіп отырмын. Сағи жиырма жасында Шо­­қанды сомдап шыққан тұлға ретін­де тарихта қалды. Миллионнан бір адамның пешенесіне жазылатын ғұмыр кешті...

– Сол күндерден аман шыққаныма әлі күнге дейін таңғаламын. Алғашқы жылдары таңғы сағат алтыларда Медеу жақтағы шатқалдарға барып, тау-құзды жаңғыртып, жыласам да іштегі шерім сыртқа шықпады. Егілдім. Таусылдым. «Сағиды Құдай – өзі берді, өзі – алды» деп жанымды қамшы­ласам да жұбана алмай, басымды тасқа соқ­тым. «Іздеп табар жалғаннан, Бала берген пенде едім. Пенде өлмейді арманнан, Мінеки, мен де өлмедім» деген Абай жұбатты мені.

Сол Сағиым «Аға, сізбен тағы бір кино­­ға түссем» деп армандайтын. Әже­сі­нің бауырында өсіп, мені «аға» дейтін. Анамның көңіліне қарап, балам деп бауырыма басып, мауқымды баса алмадым. Сценарий де дайын еді. Мен теңіз тартылса да, Аралды тастамай, қаңтарылған кеменің қарауылы болып қалған қартпын. Ал Сағи балам болса – ғарышкер. Жердегі қарт капитан көктегі перзентінен үміт күтеді. Бұл картинада әке мен бала арасындағы сағыныш құс жолындай болып тартылып жатыр. Кейде мұны да Құдайдың өзі үйлестіріп қойған тәрізді. Сағиым мәңгілік сағынышқа айналып, құс жолымен аспанға ұшып, жердегі менің белімді үзіп кетті. Кейде Сағиымды Шоқанның жолында тым ерте құрбандыққа қидым ба, өнердегі жолының тым ерте кесілуіне өзім себепкер болдым ба деп қорқамын. Шоқанға дайындық кезінде от пен суға салдым. Соңында қалада әжесінің, анасының бар дәмдісін таңдап жеп жүрген балпанақтай баламның жағы суалып, көзі мен мұрны ғана қалғанда Шоқанды түсіруге кірістім. Көз бар, сөз бар. Ойласам, көп сауал са­нам­ды сансыратып, миымды алмас қы­лыш­­пен осып, тұз сепкендей, жүрегім кеу­дедегі бекіністі бұзып жіберетіндей күн кешемін.

 Сағиымның о дүниелік бол­ғанына алдағы күзде 21 жыл болады. Аз уақыт емес, бейнесі көмескіленіп, даусы құ­ла­ғым­нан алыстап барады. Сен айт­қандай сағыныш жүректің түбіне шөгіп, сүйегіме сіңіп кетті. Бұл енді, өзіммен бірге кететін сезім. Әнебір жылдары өзі оқыған мектепке атын бермек болып құжат туралағаным бар. Түрлі кедергі алдымнан шықты. Әуелі «5 жыл болсын» деді. Со­дан кейін тағы бір сылтау­ларды алға тартты. Сырттай қара­саң, кедергі жоқ: ол мектепке ешкімнің аты да берілмеген. Сағидың атына сұранып-ақ тұр. Мектепке ұлымның аты берілсе, бар жиғанымды салсам да, ескерткішін орнатуды өз мін­детіме алар едім. Қазақ киносы тарихында жиырмадан асқан жасында Шоқанды сомдап, Мемлекеттік сыйлық алған адам жайлы әлі естіген жоқпын.

– Аға, өмірде жолы болған азамат­тар­дың тасасында мық­ты әйелдер тұ­рады екен.

– Бұл – барлық еркектің арманы. Сіз сипаттаған әйелге қолы жеткен еркек­тің жолының болмауы мүмкін емес. Менің Майрам сондай еді. Өмірімнің темір­қазығы – Сағиым мен Мә­диімнің анасы, менің жарым – жартым Майрама деген са­ғыны­шым шексіздікке айналып кеткелі қашан... Таланты, дарыны болса да менің жұлдызымды жар­қыратып, тасада қалды. Жа­сым жет­піске жақындағанда маған тағдыр Бағдат сияқты асыл жар жолық­тырды. Өмі­рімді жал­ғастыратын перзент сыйлады. Осы жайлар мені он жылғы үзіліс­тен кейін сахнаға қайта оралтты. Қазір Сағиымнан, Мәдиімнен тараған не­мере-шөберелеріме бас-көз болып, Әші­мовтер әулетінің бас қолбасшысы болып отырған жайым бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

 «Еgemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ