Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ
Әрине оқырмандардың «Казправдаға» деген көзқарасы әртүрлі. Кейбіреулері оны тым ресми деп санайды. Басылым беттерінде жарияланған мақалалардан кейін «сынға ілінген» бәзбіреулер газетті тым сыншыл деп санайды. Тағы біреулер оны жаңалықтың ғана емес, білімнің де қайнар көзі деп біледі. Бірақ ешкім де «Казправда» материалдарының әрдайым шынайы, ал журналистерінің жедел және адал екендігіне қарсы дау айта алмайды.
Шын мәнінде, «Жедел, сауатты және адал» ұраны басылымның даму тарихымен қазіргі «Казправданың» бастауы болып саналатын «Известия Киргизского края» газетінің алғашқы саны жарық көрген 1920 жылғы 1 қаңтардан бастап ғасыр бойы жалғасып келеді.
Бейсенбі сайын тек бір баспа табақ көлемінде ғана шығатын апталық өлкеде заңдылықты енгізу және «халықтың өмірі мен қызметін басқаруға арналған» актілерді жариялау арқылы өз міндетін нақты қалыптастырды. Сонымен қатар алғашқы редакторлық мақалада «тек ресми ғана емес, сондай-ақ кең-байтақ қазақ өлкесінің сұраныстары мен қажеттіліктерінің көрсеткіші – ұлт газетіне айналатын баспа органын біртіндеп қалыптастыру» сияқты ұзақ мерзімді мақсаты да жарияланды.
«Известияның» алғашқы редакторы ревком мүшесі Седельников деген адам болды. Бірақ көп ұзамай оны большевик-публицист, Бірінші дүниежүзілік және азамат соғыстарына қатысқан Казревком мүшесі, Алашордамен келіссөздер жүргізумен, Ембі мұнайы және әскери құрылыс мәселелерімен айналысқан Валерий Лежава-Мюрат алмастырды.
Ол кезде, әрине газет жоғары типографиялық сапасы және техникалық әрленуімен ерекшеленген жоқ еді. Азамат соғысы жүріп жатты, елде аштық пен күйреу басталды. Бірақ газет беттерінде саяси өткірлік те, сонымен бірге әртүрлі белгілеуші, реттеуші, бағыттаушы декреттер де жеткілікті болды. Мысалы, революциялық қажеттілік деп түсіндірілген мәжбүрлі тәсілдер арқылы зиялылар еңбекке тартылды.
Бірақ уақыт өтіп жатты. Азаматтық соғыс аяқталды, елде ұжымдастыру және индустрияландыру кезеңі басталды. Ол кезең де басылымда өз ізін қалдырды.
1921 жылдың шілдесінде «Известия Киргизского края» жаңа атаумен – «Степная правда» деген атпен жарық көре бастады. Газет республиканың ОКП және ОСК органына айналды. Басымдылықтар да өзгерді, олардың негізгісі жаңа экономикалық саясатты насихаттау болды. «Халық шаруашылығы» айдары пайда болды, онда өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы жағдай туралы материалдар бүкіл ел, сонымен қатар губерниялар бойынша да жарияланып тұрды. КСРО құрылғанын жариялаған Кеңестердің бірінші съезінің шешімдері кеңінен талқыланды.
Рас, қарапайым адамдарға қабылданатын шешімдердің ерекшеліктерін дұрыс түсіндіре алатын журналистер жетіспеді. Басылымды дамытуға қаражат та мардымсыз болды. Дәл осыған байланысты, 1923 жылы дәл сондай дағдарыста болған «Орынбор жұмысшысы» мен «Степная правданы» біріктіру туралы шешім қабылданды.
Сонымен 1923 жылғы қарашада Қырғыз РКП (б), Бүкілодақтық кәсіподақтар орталық кеңесінің Қырбюро, Орынбор губерниялық комитеті РКП (б), губерниялық атқару комитеті және губерниялық кеңестің органы болған «Советская степь» газеті пайда болды.
Газет аптасына алты рет шыға бастады. Стилі де өзгерді. Құрғақ есептер мен нұсқаулардың орнына публицистика келді. Онда әртүрлі кемшіліктерді, соның ішінде құлықсыздықты, бюрократияны және жатыпішерлікті сынаған очерктер, мақалалар, хат-хабарлар, тіпті фельетондар да жариялана бастады. Айта кетер болсақ, бұл кезеңде Михаил Зощенко, Кукрыниксы, Сергеев-Ценский, Ольга Форш, Константин Симонов, Алексей Толстой, Сергей Михалков, Константин Паустовский газетпен тығыз ынтымақтастық орнатты.
Бірақ газеттің өзінің білікті журналистері әлі де болса жетіспеді. Тарихшылардың айтуы бойынша, сол кезде республикада журналистика саласында жұмыс істейтін 100 адамның тек алтауы ғана жоғары білімді болған.
1929 жылдың тамыз айынан бастап газет БКП(б) Қазақ өлкелік комитеті, Қазақ Орталық Комитеті, Алматы округтік партия комитеті және округтік атқару комитетінің органына айналды. Егер бұған дейін ол Орынборда басылып шықса, енді редакцияның орналасқан жері республиканың жаңа астанасы – Алматы қаласы болды.
Уақыт өткен сайын газет те мол ақпарат бере бастады. Орталық және жергілікті билік органдарының жұмысы туралы хабарламалардан басқа, КСРО-ның басқа республикаларындағы және шетелдердегі өмір туралы жарияланымдар пайда болды. Тақырып та әртүрлі болды, оған мына айдарлар дәлел: «Ауыл шаруашылығы», «Азық-түлік майданы», «Жұмысшы өмірі», «РКП өмірі», «Кәсіподақ өмірі», «Селолар мен ауылдар» және басқалары.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қоршаудағы Ленинградтың символына айналған Ольга Бергольц; Жамбылдың танымал аудармашысы, соғыс жылдарында – «За Родину» Панфилов дивизиялық газетінің редакторы және «Правданың» арнаулы тілшісі болған Павел Кузнецов; кейіннен кеңестік танымал публицистерге айналған Павел Рогозинский мен Сергей Крушинский сияқты талантты журналистер «Советская степь» газетінде өз іздерін қалдырды.
1932 жылы 20 қаңтарда «Советская степь» газетінің соңғы – 2185-нөміріне қол қойылды. Қазақ өлкелік комитеті ІІІ Пленумының шешімімен газет енді «Казахстанская правда» деп аталды.
Осындай атаумен 21 қаңтарда жаңа газеттің алғашқы саны жарық көрді. Сонымен бірге басылымға Алматыдан басқа барлық облыстарға тұрақты штаттық тілшілерді жіберуге рұқсат етілді.
Басылымның негізгі тақырыптары ұжымдастыру және индустрияландыру болып қала берді. Сонымен бірге білім және мәдениет мәселелері белсенді түрде қамтыла бастады. Атап айтқанда, сауатсыздықты жою қозғалысына ерекше назар аударылды.
Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарында баспасөздің басты тақырыбы жауға қарсы күштерді жұмылдыру болды. Алайда соғыс уақытында және қаражаттың жетіспеуінен көптеген басылым жабылып қалған еді. Республикалық газеттердің ішінде екеуі – «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» ғана қалды, оларда Комсомол өмірі бөлімі пайда болды.
Көптеген казправдалық майданға кетті. Өкінішке қарай, олардың кейбіреуі соғыстан қайтып оралмады. Редакциядағы мемориалдық тақта көптеген жыл бойы қаза болғандарды еске алуды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Бұлар Евгений Бард, Анатолий Власенко, Борис Линов, Борис Мегорский, Иван Остапец, Арсентий Петрашко, Иван Юферев, Василий Якушкин.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап газет қазақстандық журналист және жазушы майдангерлермен тығыз байланыс орнатты. Оның беттерінде Бауыржан Момышұлы, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Сырбай Мәуленов, Жұмағали Саин және басқа да көптеген қазақстандық майдангер-қаламгерлердің шығармалары жарияланды.
Қысқалық, нақтылық, патриоттық сезім сол кездегі газет стилінің маңызды ерекшелігіне айналды. «Казахстанская правда» беттерінен қазақ әдебиеті мен ғылымының алдыңғы қатарлы қайраткерлері: Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Жамбыл Жабаевтардың асқақ пікірлері жарияланып тұрды...
Елдің бейбіт өмірге көшуіне байланысты басылымның міндеттері біртіндеп өзгере бастады. Бірінші кезекте өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы жағдай туралы жарияланымдар болды. Газеттің таралымы едәуір ұлғайды. Оқырмандармен кері байланыс жақсарды. Айтпақшы, дәл осы кезде редакцияда социалистік жарыстың көшбасшыларымен жарысуға немесе тың және тыңайған жерлерді игеруге баруға ниет білдіргендердің хаттар легі мол болды.
Басылымның кадрлық құрамы айтарлықтай жақсарды. Газетке Федор Боярский, Федор Михайлов, Павел Косенко, Николай Анов, Олег Мацкевич, Федор Игнатов, Николай Шевцов, Иван Держиев, Константин Ким, Михаил Полторанин, Юрий Кукушкин сияқты және басқа да кәсібилер келді.
1958 жылғы 23 наурызда «Казахстанская правданың» 10 мыңыншы нөмірі жарық көрді. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен газет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Өкінішке қарай, тоқырау жылдарындағы құбылыс та «Казахстанская правданы» айналып өте алмады. КОКП-ның жалпы идеологиялық монополиясы жағдайында барлық бұқаралық ақпарат құралдарына өзгеше көзқарастардың жолын кесу, қатаң бақылау орнатылды.
Дегенмен, осы жылдары да «Казахстанская правда» газетінде өткір материалдар жарияланды, атап айтқанда, нақты өндіріс орындарындағы жағдай, ауылдардағы кедейшілік, бюрократия, парақорлық... тағысын тағылар.
Бірақ редакция үшін нағыз өркендеу кезеңі 1985 жылы – қайта құру жарияланғаннан кейін ғана басталды. Цензура біртіндеп азайды, жариялылық жалауы желбіреді. КОКП бұрынғы күшінен айырылды, жаңа партиялар мен қозғалыстар пайда бола бастады.
1990 жылы Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылдануы бүкіл қазақстандық журналистика үшін басты оқиға болды. Рас, содан кейін қиындықтар, оның ішінде қаржылық қиындықтар басталды.
Бүкіл ел қиын кезеңдерді бастан өткеріп жатты. Дүкендерде сөрелер бос. Тауар талонмен беріледі. Зейнетақы мен жалақы беруге қаражат жоқ. Өндірістер жаппай жабылуда.
«Казправдаға» келетін болсақ, бұл кезеңде коммерциялық басылымдар түріндегі күшті бәсекелестер пайда болды, олар онсыз да мардымсыз «жарнама жыртысына» ортақтасып, өзіне тартты.
Кешегі барлық саладағы мамандар «ұсақ-түйек сатушыларға» айналды, осы жағдайда ұжымды сақтап қалу үшін бірінші басшылардың жаңаша ойлауын қалыптастыру қажет болды. «Казправданың» жолы болды деуге болады: газетті басқарған Вячеслав Срыбных редакция жұмысын жедел түрде нарықтық қалыпқа қайта құра алды.
Газет тұрақты шығуын жалғастырды. Сонымен қатар бұл шын мәнінде өткір бола түсті, жергілікті ғана емес, орталық органдардың қызметін де сынға алды.
1998 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1050 қаулысымен сол кезде мемлекеттік кәсіпорын болған редакция «Казахстанская правда» республикалық газеті» ашық акционерлік қоғамы болып қайта құрылды.
1999 жылы басылымның бас кеңсесі Қазақстанның жаңа астанасына көшірілді, ал Алматыда тілшілер қосыны қалды.
«Казахстанская правда» жалпыұлттық газеті ресми және іскерлік ақпараттың маңызды көзі болып қала береді. Оның беттерінде Мемлекет басшысының Жарлықтары мен Өкімдері, Парламент пен Үкімет басшысының қаулылары, республиканың жаңа заңдары, жоғарғы билік органдарында қайта тағайындаулар туралы хабарламалар жарияланады.
Тәуелсіздік жылдары «Казахстанская правда» үшін өзін республика тарихының шынайы шежірешісі рөлінде толық танытқан кезең болды. Бұл аспектіні Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ерекше атап өтті.
Елбасы: «Біздің еліміз тарихының даңқты және қайғылы кезеңдері бұрыннан келе жатқан және шынайы халықтық газет «Казахстанская правда» беттерінде көрініс тапқан. Менің «Казахстанская правдамен» достығым осыдан 37 жыл бұрын, алғашқы жазбамды жариялаған кезде басталды. Бүгінгі таңда да газет жаңа демократиялық Қазақстанды құруға белсенді атсалысуда», – деп атап өтті.
Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдары басылымды басқарған басшылар да газеттің дамуына айтарлықтай үлес қосты. Олардың арасында Григорий Дильдяев, Валерий Михайлов, Анатолий Гурский, Олег Червинский, Олег Квятковский, Александр Тараков, Жанай Омаров бар еді. Бас редактор ретінде Татьяна Костина газетте 14 жыл қызмет етті.
Әр уақыт кезеңі өз талаптарын белгілейді. Одан тыс қалмас үшін өзгерістердің басталу сәтін жіберіп алмауымыз керек. Мұны «Казправда» да әрдайым жақсы түсінген және түсінеді. Мысалы, 1999 жылы интернет енді дамып келе жатқан кезде www.kazpravda.kz веб-сайты құрылды. Егер алғашында ол тек баспа нұсқаны қайталаған болса, жақында ол толығымен дербес әрі айтарлықтай табысты бөлімшеге айналды, кірушілерге қатысты статистика осының дәлелі болып табылады.
Еліміз цифрландыруға бет алды. «Казправда» бұл мәселеде де алғашқылардың бірі болды. 2013 жылдың ақпан айынан бастап газет AxioCat редакциялық-баспа жүйесін енгізді және жұмыс істей бастады, бұл газетті басып шығарудың барлық процесін нақты уақыт режімінде бақылауға мүмкіндік беретін қағазсыз құжат айналымының тиімді технологиясын білдіреді. Материалдарды басып шығару процестері, оларды сатылар бойынша «қолмен қайта ауыстыру», мәтіндерді қолмен қайта теру... өткен күннің еншісінде қалды. Жүйе мүлдем ашық және әр қолданушыға нөмірді дайындаудың бүкіл процесін көруге, уақытында түзетулер енгізуге мүмкіндік береді.
Газет шығарумен қатар акционерлік қоғам ұзақ уақыт бойы «Бәйтерек» республикалық қоғамдық-саяси журналын шығарды, «Нива» журналына қолдау білдіріп отырды. Өнімнің тағы бір түрін – «Казахстанская правда» кітапханасы» сериясымен шығатын кітап өндірісі игерілді.
Іссапармен жүрген басылымның журналистері оқырманды әлемнің әртүрлі елдерінің өмірімен, мәдениетімен, дәстүрімен үнемі таныстырып отырады. Айтпақшы, «Казправда» жер шарының барлық құрлығында, соның ішінде Антарктидада да болды, онда арнайы науқан аясында газет туы көтерілді.
Елімізде «Казахстанская правда» көшелері бар. Сонымен қатар газетпен аттас шың да бар және редакция көптеген жыл бойы альпинистер мен саламатты өмір салтын ұстанушылардың, соның ішінде, казправдалықтардың осы шыңды бағындыруын ұйымдастырып келеді.
«Казправда» – бұл журналистік шеберліктің керемет мектебі. Газетте жұмыс істегендердің көпшілігі кейіннен ірі мемлекет қайраткерлеріне айналды, бірқатар әлемдік бұқаралық ақпарат құралының филиалдарын басқарды және өздерін дипломатия және мәдениет саласында көрсете білді.
2008 жылдың қарашасында Қазақстан Журналистика академиясы тарихта тұңғыш рет ұлттық журналистикаға қосқан зор үлесі үшін «Казправда» ұжымын «Алтын Самұрық» жоғары жалпыұлттық журналистика сыйлығымен марапаттады.
...Газеттің өмірі уақытқа бағынбайды. Керісінше ол жасара түсуде. Және бұл процесс көбіне казправдалықтар қатарына талантты жас журналистердің келуімен байланысты.
Газеттің шығармашылық бояуы да «жасарды». Бұл ретте «Тұтынушы», «Проблемалық аймақ», «Сарапшы-кеңес», «Журналистік зерттеу», «Қала өмірі», «Талдау», «Заң және тәртіп» және басқа да көптеген мақсатты баған оқырмандардың ыстық ілтипатына ие болды.
Экономикалық бағыттағы материалдардың ақпараттық мазмұны мен оқылымы қазіргі қазақстандық қоғамды толғандыратын тақырыптардың кеңінен қамтылуына байланысты арта түсті: бұл – баға саясаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық проблемалары, қылмыс деңгейінің төмендеуі.
Пікір алуандығының өсуі де маңызды: қазіргі «Казправда» белгілі бір оқиға, проблема бойынша әртүрлі көзқарастарды жариялауға тырысады. Әңгімеге белгілі сарапшыларды тартады.
«Жасару» басылымның сыртқы келбетіне де қатысты деуге болады. Атап айтқанда, беттеудің жаңа элементтерін енгізу арқасында материалдарды ұсыну әдістері жақсарды, фотосуреттер мен инфографика көлемі артты. Бұл ретте карикатуралар мен бірегей коллаждар газеттің айрықша мақтанышы болып табылады.
Қазіргі уақытта газет еліміздің барлық өңіріне бөлшек саудада да, жазылым бойынша да таралады. Сонымен қатар оның таралымы жылдар бойы 100 мың данадан асып отыр.
«Казправда» хронометрі секундтарды, минуттарды, сағаттарды, күндерді есептеуді жалғастыруда... Ал жүз жылдық мерейтой – бұл газет үшін тек ұшқыр уақыттың бір сәті ғана. Уақыт сынынан ол республикамен және өз оқырмандарымен бірге сүрінбей өтетініне кәміл сенеміз.
Асыл САҒЫМБЕКОВ,
«Казахстанская правда» газетінің бас редакторы