Қоғам • 15 Мамыр, 2020

Әлемдік тәжірибе назарға алынады

339 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасын талқылап, бірқатар өзгерістер енгізді. Жалпы, бұл құжат еліміздегі саяси процестерді либералдауға бағытталған.

Әлемдік тәжірибе назарға алынады

Ел ішіндегі қоғамдық тал­қы­лаулар барысында, халық­ара­лық ұйымдар тарапынан түс­кен ұсыныстарды ескеріп, заң жо­ба­сының кей нормасын әлі де пысықтау керек екенін бай­қадық. Осы бағытта Парламенттің жо­ғарғы палатасы белсенді жұ­мыстар атқарды.

Заң жобасының ерекшелігінің бірі – бейбіт жиындарға арналған арнайы орындардың нақты са­ны қаланың әрбір ауданында, қала­ның орталық бөлігінде үштен кем болмауы керек деп белгіленуі. Осылайша бейбіт шерулерге рұқсат етілген арнайы орындар саны Нұр-Сұлтанда 12-ден, ірі мегаполис Алматыда 24-тен кем болмайды.

Бұл бейбіт жиналыстар өткізу жөніндегі конституциялық құ­қық­ты қамтамасыз етеді, мемле­кет­тік органдармен тығыз қарым-қатынас орнатуға септес­еді. Яғ­ни азаматтардың көтерген мәсе­лесіне байланысты конс­трук­тивті шешімдер қабылдауға септігін тигізеді.

Сонымен қатар ұйым­дас­тырушы міндетінің тізбесін 10-ға дейін қысқарту да маңызды тармақ. Бейбіт жиналыстарға қатысушылардың өз бет-әлпетін жасырмауын, оның ішінде адамды тануға кедергі келтіретін киімді, өзге де құралдарды пайдаланбауын талап ету міндетін то­лық алып тастау ұсынылды. Өйт­­кені қоғамдық тәртіпті қамта­масыз ету мәселесі ішкі істер органдарының құзыретіне жатады.

Германияда митинг ұйым­дас­тырушысы заңды тұлға рөлінде тәр­тіптің қамтамасыз етілуіне, рег­ламенттің сақталуына, жан­жалға жол бермеуге жауап береді. Осы міндеттерді ұйымдастырушы өз бетінше шешеді. Алайда құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуі қажет, сондай-ақ азаматтардың шеру өткізу құқығын қорғауы тиіс.

Нидерландтың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс осы заң жобасына қатысты өз пікірімен бөлісті. «Митингілерге байланысты мәсе­лелер әмбебап. Барлық мемлекет осы жолды жүріп өтті. Басқа мемлекеттер тәжірибесінен сабақ алып, қандай мәселелер туғанын, қандай қателіктер жіберілгенін ескеруге мүмкіндік бар. Бұл процесс өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Қазақстан жақсы заң жобасын жасайтынына сенімдімін», деп ағынан жарылды.

Қорыта айтқанда, жалпы бейбіт жиналыстарды ұйым­дас­тыру және өткізу туралы заң жобасы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде жүзеге асырылуын, құжаттың либералдана түскенін, осы саладағы әлемдік тәжірибенің жағымды тұстары ескерілгенін көрсетеді. 

 

Әсел НАЗАРБЕТОВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы