Экономика • 15 Мамыр, 2020

Самұрық-Қазына: Экономиканы жандандыру және жұмыс орындарын құру

305 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ең алдымен ел экономикасының нақты секторын қолдауға бағытталған сатып алу тетіктерін жетіл­діру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Соның бірі – Қор бастамасы­мен іске асып жатқан импортты алмастыру бағдарламасы және дағдарыс жағдайындағы «оффтейк-келісімшарттар» механизмі. Қазақстан экономикасын қалпына келтіру жөніндегі шаралар бойынша онлайн баспасөз мәслихаты барысында бұл туралы Қор Басқарма төрағасының орынбасары Әлішер Пірметов мәлімдеді.

Самұрық-Қазына: Экономиканы жандандыру және жұмыс орындарын құру

– Сатып алу жүйесі бүгінде компа­ния­лардың ағымдағы опера­ци­я­лық қызметінің элементі ғана емес. Қазіргі жағдайда оның рөлі едәуір артып келеді Прези­дент атап өткендей, бұл эконо­мика­­лық белсенділікті қалпына келтіру­дің құралы ретінде қарас­ты­рылады, – деген Әлішер Пірметов бағдарламаның негізгі кезеңдеріне тоқталды.

Ол Қордың импортты алмастыру бағдарламасы­ның және дағ­дарыс жағдайындағы «оффтейк-келісімшарттар» меха­низмі­нің тиімділігін шығаруға жос­пар­ланған өнімдерге ұзақмер­зім­ді тап­сырыс беруді қамта­ма­сыз ете­тін құрал ретінде атап өтті. Қор ком­па­ниялар тобында тұрақты сұра­ныс­қа ие, бірақ елде өндірісі жоқ тауарлардың пулын құрайды.

Төраға орынбасарының айтуын­ша, 2018 жылдан бастап сатып алу стандартында іс­ке асырылып келе жатқан «оффтейк-келісімшарттар» меха­низмі – бұл отандық кәсіп­кер­лердің дамуын жоспарлаған им­портты алмастыратын өнім­дерді сатып алу бойынша компа­ниялардың кепілдендірілген тапсырыс құралы. Сонымен қатар олар дағдарыс кезінде бизнесті дамытудың ең жақсы нұсқасына айналған келісімшарттарды бір жылдан астам мерзімге алуға мүмкіндік береді.

– Бағдарлама 3 негізгі кезеңде жүзеге асырылады. Біріншіден, біз тұрақты және тұрақты сұраныс­қа ие, бірақ біздің елімізде өндіріл­мейтін тауарлар пулын қалып­тастырамыз. Бүгінгі таңда мұндай тауарлардың тізіміне жалпы көлемі 200 млрд теңгеден асатын 1200-ден астам тауар кіреді. Бұдан соң арнайы құрылған комиссия біздің кәсіпкерлердің жаңа, импортты алмастыратын өндірістер құруды ұсынатын жобаларын қарастырады. Яғни бүгінде бізді бизнес емес, біз бизнесті іздейміз, – деді Әлішер Пірметов.

Бағдарлама аясында 71 компаниядан 110 жоба қарауға ұсынылған. Оның ішінде машина жасау, химия және телекоммуникация салаларында 37 жоба мақұлданып үлгерген. Жобаларға жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 218 млрд теңге және шамамен 2 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылып отырған көрінеді. Ал қолдау көрсетілетін жобалар үшін Қордың еншілес ұйымдарымен «оффтейк-келісім-шарттар» жасалады.

 – Бүгінде 22 млрд теңгеге 35 келісімшарт жасалды, оның 5-уіне, яғни биыл 13,5 млрд теңгеге қол қойылды. Мәселен, Қор инвес­тициясы 65 млрд теңге болатын метанол зауытын салу жобасын қолдады, – деп нақтылаған ол аталған механизмнің арқасында Қор елдегі өндірістің жаңа түрлерін құруға қолдау болғанын айтты. – Яғни егер бұрын компания­лар­дың қаражаты шетелге кеткен болса, бүгінде олар біздің елдің эко­­номикасы үшін жұмыс істей­ді және жаңа жұмыс орындарын сақ­­тауға және құруға өз үлес­терін қо­са­­ды деп айта аламыз. Соны­мен қатар бұл шаралар ішкі инвести­ция­­лық белсенділікті ынталандырады.

Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығымен, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Bank RBK» АҚ-мен бірлесіп, екінші деңгейлі банк­тердің сенімді тұрақты кепілі ретін­де қабылдауы үшін келісім-шарт­тың стандартты түрі келісілді. Со­нымен қатар қазіргі қиын жағ­дайда отандық кәсіпкерлерді қол­дау мақсатында қабалданған қо­сым­ша шаралар кешенін баяндады.

Атап айтқанда, тауар өндіру­шілер тендерге өтінімді және келі­сім шарттарды енгізуден боса­тыл­ды, сатып алу мерзімі 41 күн­нен 31 күнге қысқартылды және баға ұсы­ныстарын сұрату кезінде 20 күн­нен 16 күнге  дейін береді. Тен­дер бойынша құжаттар көлемі 12 күн­нен 9 күнге дейін, баға ұсы­ныс­тарын сұрату 6 күнге дейін қыс­қартылды.

Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін төтенше жағ­дай талаптарына байланысты айып­пұл санкциялары мен бизнес­пен шарттық міндеттемелерді орын­да­мағаны үшін сенімсіз жеткізушілер тізіміне енгізу тоқтатылды.

Сатып алу стандартында қазақ­стан­дық материалдар мен жабдық­тарды жобалау-сметалық құжат­таманы жасау кезінде қол­дану­ға міндеттелді. Осы нормаларды бұз­ғаны үшін айыппұл санкциялары қарастырылған.

Ә.Пірметов атап өткендей, Қор компанияларына 500 млн теңгеге дейін сатып алу кезінде жұмыс орындарын сақтау жөніндегі меморандумдар, келісімдер жасау­ды пысықтау тапсырылды. Бүгінгі таңда қызметкерлердің қыс­қаруына жол бермеу бойынша биз­нес міндеттемелері бар 800-ге жуық келісімге қол қойылды. Са­тып алу жеңімпаздары 163 компа­­ния жаңа жұмыс орындарын құру б­ойынша міндеттемелер қабылдады.

– Қор үшінші жыл отандық бизнесмендер үшін сатып алу шарттарын жақсартып жатыр. Бүгінде, ел үшін дағдарысты сәтте бизнес жауапты қадам жасауға тиіс уақыт келді. Яғни бұрынғыдай келісім-шарттық шарттарды орындау ғана емес, сонымен қатар жұмыс орындарын да сақтау», – деп атап өтті Ә.Пірметов.

Компаниялардың бірінші басшыларының барлық орынбасарларына қазақстандық қамту­ды қамтамасыз ету жөнінде KPI орнатылды. Оның ішінде «қара­пайым заттар экономикасы» салалары бойынша отандық тауар шығарушыларды қолдау да бар. Ағымдағы жылда олардың үлесі 2019 жылы 75%-дан 94%-ға дейін өсті.

Сөз соңында Ә.Пірметов компания тобының сатып алу жоспары 2020 жылы 2,8 трлн теңгені құрап, 78%-ға немесе 2,2 трлн теңгеге орындалғанын атап өтті. Өткізілген сатып алу қорытындысы бойынша үнем 98 млрд теңгені құрады.

Айта кеткен жөн, төтеннен кел­ген індет отандық экономика бағы­тында жаңашыл қадамдар жа­сауы­мызға түрткі болғаны анық. Қауіп­сіздік кеңесінің отырысында Тұң­ғыш Президент – Елбасы эконо­ми­ка­ны қалпына келтіруге бағыт­тал­ған бағдарламаны іске асыру жөнін­де тапсырма берген болатын. Пре­з­идент Қасым-Жомарт Тоқаев төтен­ше жағдай жөніндегі мемле­кет­тік комиссияның қорытын­ды оты­ры­сында экономикалық бел­сен­­ді­лікті қалпына келтіру құралы ретін­де сатып алуды сауатты пайдалану қажеттігін тапсырды.