Бұл мектеп оқушылары үшін де, білім жүйесі үшін де ең тиімді шешім. Тиісті министрлік төтенше жағдай енгізілген күннен бастап еліміздегі білім ұяларын қашықтан оқуға көшіруді жедел жоспарлап, қызу дайындыққа кірісті. Әрине алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жүйені енгізуде күтпеген кедергілер мен қиындықтар болды. Мұны Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің өзі де жасырған жоқ. «Біз бұл жүйеге төтенше жағдай салдарынан көшіп отырмыз. Еліміздің орта білім жүйесінде қашықтан оқыту бұрын-соңды болмаған, тіпті «Білім туралы» Заңда да қарастырылмаған. Ол ол ма, интернет платформасы да дайын емес. Сондықтан бұл уақытша қиындыққа түсіністік танытыңыздар», деді министр.
Әуелде сынама сабақ болып, республиканың түкпір-түкпіріндегі оқушылардың қашықтан білім алуға қатысуын қадағалаған мамандарда сан түрлі сауал туындады. Кейбір отбасында компьютер жетіспеушілігі, енді бірінде интернеттің жоқтығы көзге көрініп тұрды. Осы түйткілді ескерген министрлік 800 мыңнан астам компьютер, планшет, айпад құрылғысын сатып алып, тұрмысы төмен отбасы балаларына беретінін де айтты. Одан бөлек өңірдегі жергілікті кәсіпкерлер де жомарттық танытып, оқушылардың білім алуына мүмкіндік сыйлады.
Ал Алматы қаласының оқушылары бұл жүйеге оңай төселіп алды. Әсіресе, Алатау ауданына қарасты №178 лицейінің ұстаз қауымы
IV тоқсан басталған сәттен-ақ ата-ана мен оқушыға қолдау білдіріп, өзара ауызбірлікте жұмыс істеді. Білім берудің барлық платформасын пайдаланып, ұтымды жерін алуға тырысты.
№178 лицей директоры Қайратбек Шадиевтің айтуынша, қашықтан білім беру жүйесінде көп нәрсе кері байланыс жасайтын мұғалімге, мұғалімді қолдайтын ата-анаға байланысты. «Егер олар өзара ауызбірлікте жұмыс істесе, нәтижелі көрсеткішке қол жеткізуге болады», дейді мектеп директоры. Ал лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Сауытқызының айтуынша, әлемдегі 167 мемлекеттің тәжірибесіне сүйеніп, қашықтық жүйеде білім алып жатқан мектеп оқушылары кері байланыс орнатуда Kundelik платформасын кеңінен пайдаланған. Бұл тұрғыда мектеп ұжымы арнайы сауалдама да жүргізді. «Нәтижесіне қарасақ, оқушылар мұғалімдердің сабақ беру нәтижесін 67,4 пайызбен жоғары бағалады. Мұғалімдер мен оқушылар өзара кері байланыс жасағаны қуантты. Демек, ұстаз қауымы да, оқушылар да цифрлы сауатын арттырып, білім беру ресурстарын тиімді пайдалануды үйренді деген сөз», дейді Гүлжан Шажабаева.
Әрине биылғы оқу жылы мектеп түлектеріне күтпеген «тосынсый» жасады. Алда ҰБТ сынағы күтіп тұр. Қазір 11-сынып оқушылары шама-шарқынша өздері дайындалуда. Аз күннен соң алтын ұядан ұшқалы отырған түлектер мектеп ұжымы мен сынып жетекшісінің қолдауына зәру екені түсінікті.
№178 лицейінің 11 «Е» сынып жетекшісі, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Таня Ерназарқызы Бекболатова: «Әрине балалар мектеп бітіретін сәттен тәтті естелік қалғанын қалады. Соңғы қоңырау салтанатында көз алдымда өскен ұл-қыздарымды қолымнан ұшырамын деген менің де арманым болды. Бірақ әр нәрсенің қайыры бар. Біз ғана емес, әлемдегі миллиондаған оқушы қашықтан оқу жүйесіне көшіп, соңғы қоңырауды жылдағыдан өзгеше өткізгені отыр. Осы жағдайға байланысты министрліктің мемлекеттік емтиханды алып тастауы да үлкен жеңілдік. Сондықтан түлектер жаңа өмірге қадам басар алдында сабырлы болып, ҰБТ сынағынан сүрінбей өтсе деген тілегім бар», деп ағынан жарылды.
Қашықтан білім беру жүйесін енгізбес бұрын әлемдегі 167 мемлекеттің тәжірибесіне сүйендік. Қазір осы жүйемен еліміздегі
5 млн-нан астам оқушы мен студент білім алуда. Қашықтан білім беру – оқушыны жаңашылдыққа, тың ізденіске жетелейтінін көрсетті. Ал осындай қысылтаяң шақта жан-жақты білім беруге бар күш-жігерін салған ұстаз қауымына ата-аналар тарапынан алғысы зор.
Динара Мыңжасарқызы,
журналист
Алматы қаласы