«Таудан құлаған көшкіндей дүр етіп өте шығар» өмірде әр нәрсенің парқын білуге, бағалауға, қастер тұтуға, сол арқылы ғасырлар бойы ұлтымыздың құнды үрдістерін сақтауға тәрбиеледі. Бүгінде сол ата-бабамыздың рухани қазынасы қайта жаңғырып, олар түйіп кеткен тұжырым-ойлар ұлттық құндылығымызға айналды. Ғажап тәлімгер халқымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі бұл мұрасы халық педагогикасы ретінде ең адамгершіл, ең ізгі таным-тағылым болып тарихта қалды. Ұрпақ сабақтастығымен бізге жетті. Бүгінде оған дәлел-дәйек болар тағылымының бірі, кең өрісті, келісті бір көрінісі – қазақтың мақал-мәтелдері мен шешендік сөздері, әдеби мол мұрасы. Отбасынан басталған бала тәрбиесінің өзі бесік жырымен басталып, осындай небір зергер сөзбен ақылдан салынған алтын баспалдақпен болашаққа жол салады. Адам тағдырына, оның болашағына ықпал етер тәрбие бастауы отбасы болғандықтан ондағы әке мен ананың орны басты рөл атқаратыны белгілі.
«Уызына жарымаған ұлдан ұлағат күтпе», «Ұлыңды басқа үйден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деп басталатын көптеген тәлімді сөздер болашақ отбасын құрып, әке болар ұлды, ана болар қызды тәрбиелеген. Ізгілік қайнары – отбасынан алған тәрбиенің жемісі мен нәтижесі жақсы әке, мейірімді ана атанғанда белгілі болған. Ажырамас ынтымақты отбасының кепілі де жасынан тәлімді тәрбие алған ұл мен қыздың одағынан құралатыны да бүгінде айқын дәлелін тапқан. Қазақ отбасы негізінен үш ұрпақтан тұрады Ол әрине бабалар салған ізбен ата, әке, бала. Аталар ұлағатымен қалыптасқан дәстүр бойынша әке – әулет басшысы, отбасының тірегі, отбасының асырап-сақтаушысы, қамқоршысы болып саналған. Және бала тәрбиесіндегі әке орны ерекше.
Қазақ әке деген ұғымды шаңырақ тірегі, отбасы киесі деп түсінген. Әкенің адамдық болмыс-бітімі, мінез-құлқы, істеген ісі, өзгелермен қарым-қатынасы, білім-біліктілігі балаларының көз алдында көрініс тауып, олар соған қарап үлгі-өнеге алатын болған. Қазақта адамшылығы мен кісілігі келіскен ер-азаматты көрсе: «Оның әкесі жақсы адам еді, өнегелі жерден шыққан», деп оның тектілігін тергеп, көргенділігін әкесінен алған тәрбие екенін меңзеп отырған. «Жігітке жеті өнер де аз» деп ұлдарын жасынан аталарының ерлік қасиеттері мен өнеріне баулыған. Жеті атасынан жеткен өнердің бір түрін меңгерсе де «Әке көрген оқ жонар», «Әкеге қарап ұл өсер» деген тәмсілдермен әкенің көрсетер жолын насихат ететін болған. Заманның қай кезеңінде болмасын әкелердің отбасы алдындағы жауапкершілігі жеңілдеп көрген емес. Оған өмірлік тәжірибесі уақыт кестесі әрдайым өз орнын білуге бағыттап келеді.
Биыл туғанына 175 жыл толып отырған ұлы ақын, кемеңгер Абайдың әкеге деген құрметі, ішкі перзенттік махаббаты осыған дәлел. Тап тартысы мен күресінен тұрған заманда өзінің ел ішіндегі сан қилы іс-әрекетімен суреттеліп баяндалған Құнанбай Абай үшін әке ғана емес, өз заманының үлкен қайраткері әрі ірі тұлғасы болып биікте тұрды. Қазіргі қоғамда сол әкелер беделі өз биігінен аласарып қалды ма деген алаңдаушылық және әкенің бет-беделін қайтсек көтереміз деген ойлар да жоқ емес. Оған себеп отбасының көптеп шырқы бұзылуы, ажырасу, басқа да жат әдеттің белең алуы екені жасырын емес. Өмірлік тәжірибелерін, күш-жігерін, ақыл- кеңесін аямай, отбасыларды ынтымаққа шақырып, береке-бірлікке үндеген ақсақалдар – талай тағдырдың сынбай, ажырамай қалуына себепкер болып, адалдықты, адамдықты насихаттаған үлкендеріміз неке бұзу, ажырасудың алдын алып, нәтижелі бітімге келтірер ақылдың алтын қазығы.
Хадисте «Сенің жақсылығың – өз әйеліңмен, бала-шаға, отбасыңмен ізгілікті қарым-қатынаста болып, оларға әкелік қамқорлығыңды көрсету», деп түйіндейді екен. Ендеше, бізде алтын діңгек әкелердің алтын бастары әрдайым сый-құрметтің төрінде болып, ұрпағына ұлағатты тәрбие берер биік тұлға болып қала берсе екен дейміз.
Екеуіңе айтайын, менде де
бар бір ақыл,
Біреуіңе-біреуің боп
жүрмеңдер сұрапыл.
Өмір күрес тынымсыз, той
екен деп жүрмеңдер,
Күн мен жердей біріңсіз бірің
өмір сүрмеңдер,
деп Тұманбай Молдағалиев ақын жырлағандай, отбасы деген –құнды қазының алтын көмбесі. Отбасы мерейі – әке деген асқар таумен биіктеп асқақтай берсін демекпіз! Өйткені әке құрметі – отбасы мерейі! Мерейлеріңіз үстем, мәртебелеріңіз биік болсын, әкелер! Сіздер қорғаны, сақтаушысы болар отбасылар тек бақыттың бесігінде тербелсін.
Бану Мұқашева,
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі