Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

Петропавлда 10 қабатты үйден өрт шықты

256 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Петропавлдың шетіндегі Жамбыл көшесіндегі 10 қабатты №1«а» үйден үлкен өрт шықты. Отпен арпалысқандар қызыл тажалдан алты адамды құтқарып, 45 адамды басқа жерге көшіріп үлгерді.

Петропавлда 10 қабатты үйден өрт шықты

Өртсөндіргіштерге дабыл кешкі сағат 17.00-де түскен. Өртке қаладағы №1 және №3 бөлімдердің қызметкерлері тартылған. Жалынға оранған 10-шы қабаттағы 3 бөлмелі пәтер екен. Түтін барлық жоғарғы қабатты шарпыған.

Өртсөндіргіштер пәтерге автосатымен жетіп, отқа оранған үйден алдымен 2006 жылы туған егіз қызды құтқарды. Көрші пәтерден де төрт адам, оның үшеуі бала осы әдіспен құтқарылған. Сонымен қатар түтін шарпыған басқа үйлерден 45 адам эвакуацияланған. Осының нәтижесінде өрттен жапа шеккендер мен қаза болғандар болған жоқ.

Айналасы 25 минуттың ішінде өрттің таралуы тоқталып, 11 минуттан кейін толығымен өшірілді. Оны өшіруге 7 техника мен 23 өотсөндіруші қатысты. Олардың жанқиярлық еңбегі адамдардың өмірін сақтап қалды. Әрине үй ішінің заттары мен мүліктерге айтарлықтай зақым келген. Өрттің шарпыған аумағы 40 шаршы метрді алады.

Қазір өрттің шығу себептері анықталуда.

ПЕТРОПАВЛ