Аймақтар • 15 Мамыр, 2020

СҚО: ​Даму қалыпты жағдайда

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің отырысы болып, онда 2020 жылдың алғашқы тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды. Жағдайдың қиын, заманның ауыр екеніне қарамай экономиканың барлық салаларында өсім бар екендігі аталып өтілді.

СҚО: ​Даму қалыпты жағдайда

Ауылшаруашылығында жұмыртқа өндіруде проблема болғанымен ет пен сүт өнімдерін шығаруда ілгерілеушіліктер бар. Әсіресе, тауарлы-сүт фермаларының жұмысы өзінің тиімділігін көрсетуде. Былтыр олардың төртеуі іске қосылған болса биыл тағы 10-ын өндіріске енгізу жоспарлануда. Қазір олардың үшеуіне 801 млн теңге қаражат бөлінген. «Осы жылдың қорытындысы бойынша біз ауылшаруашылығы өнімдерін өндірудің 4 пайыздық өсіміне қол жеткізуіміз керек. Мен мұны осы іске қатысы бар барлық басшылардан талап етемін», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Өнеркәсіп өнімдерінің алғашқы тоқсандағы өсімі 7,2 пайыз болып, республикалық орташа көрсеткіштен жоғары болыпты. Қаланың өнеркәсіп гиганттары арасында ЗИКСТО зауыдының өнім бере бастағаны бұл іске өзінің оң ықпалын тигізген. «Бұл кәсіпорын 1,5 жыл бойы тоқтап қалған еді. Біз оның қайта жандануына 1,8 млрд. теңге инвестиция тарта алдық. Қазір зауыт өзінің бұрынғы жұмысшыларына жұмыс тауып берумен қатар жаңадан 100 жұмыс орнын ашпақшы», деді Қ.Ақсақалов. Сонымен бірге ол ПЗТМ сияқты байырғы кәсіпорындардың қазіргі заман талабына сай бола алмай отырғанын да сынап өтті. Зауыт басшылығы тек мемлекеттік тапсырысты ғана тосып отырады, азаматтық тауарлар өндіруге құлшыныс танытпайды, деді әкім.  

Өңір басшысының сыны әділетті екені көрініп тұр. Өйткені, бұл зауыт былтыр вагон шығару бойынша өте үлкен тапсырыс алған еді. Бірақ соны уақытында орындай алмады.  Алайда зауыт басшысы Азамат Жуаспаевтың айтуына қарағанда тапсырыстың орындалмау себебі қажетті бұйымдардың уақтылы түспеуінен екен.

Облыс әкімі аты жаман індеттің өңірдегі ахуалы туралы да айтып, қазір оның тұрақтанғанына назар аударды. Мамырдың 18-нен бастап полицейлік нарядтар жүрмейтіні, тек көпшілік орындарда адамның ыстығын тексеру ғана жалғасатыны белгілі болды. Сонымен бірге жаздық демалыс орындары да қалыпты жұмыс істеуге көшіп, демалушыларды еркін қарсы алады екен.

Солтүстік Қазақстан облысы