Экономика • 16 Мамыр, 2020

Сарапшылар Қазақстанның макроэкономикалық жүйесінің иммунитетін нығайту шараларын ұсынды

385 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кеше кешкісін халықаралық деңгейдегі және онлайн форматта өткен жиынды  Whiteshield серіктестерінің Еуразия аймағындағы серіктесі Қаныш Төлеушин жүргізді.

Сарапшылар Қазақстанның макроэкономикалық жүйесінің иммунитетін нығайту шараларын ұсынды

Сарапшылар Қазақстанның макроэкономикалық жүйесінің иммунитетін нығайту шараларын талқылап, үкімет назарына ұсынуға ниет танытып,  елдегі макроэкономикалық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтты.

Баспасөз конференциясында жоба жетекшісі Гүлбану Пазылхирова COVID-19 пандемиясының таралуы жағдайында макроэкономикалық жүйенің әртүрлі күйзелістерге иммунитетін нығайту шараларын талқылау және қабылдау өте маңызды екенін атап өтті.

Whiteshield Partners компаниясының аға менеджері Дмитрий Галицкий елдегі макроэкономикалық ортаның тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі мәселелері мен ұсыныстарымен таныстырды.  Оның айтуынша, экономикалық өсудің қолданыстағы моделі  ескірген. Басқаша айтқанда ІЖӨ-нің құбылмалылығына, макроэкономикалық тұрақтылықтың төмен деңгейіне алып келді.

Баяндамашы макроэкономикалық саясат саласындағы жаңа бастамалардың жиынтығы неғұрлым жоғары және тұрақты өсуге қол жеткізуге бағытталған болуы   және сонымен бірге қазақстандық экономиканың дәстүрлі проблемаларын шешуге көмектесуі керектігін  деп атап өтті.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанда салықтар мен мемлекеттік инвестициялардың ЖІӨ-ге әсері шамалы, ал мемлекеттік шығындар бюджеттің негізгі драйвері болды. Сонымен қатар Қазақстанның фискалдық жүйесі үшін негізгі кедергі және салықтың төмен деңгейі, бұл сәйкесінше бюджеттің шығыстарының ЖІӨ-ге қатысты төмен деңгейіне әкеледі.
Осыны алға тартқан сарапшылар  фискалдық ұсыныстар шығыстардың тиімділігін арттырып,  мемлекеттік кірістерді арттыруға бағытталуы  тиіс екенін ескертті.

Ақша-кредит саясатының трансмиссиялық арнасы және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің жұмысын жақсартуға мүмкіндік беретіні де осы жиында айтылды. «Осыған байланысты ақша-кредит саясаты саласындағы шешімдер Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жақында құрылған Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін күшейтуге бағытталуы керек» дейді сарапшылар.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің бұрынғы бас экономисі және Париждегі Саяси ғылымдар институтының профессоры (Science Po) Сергей Гурьев  сарапшылардың үкімет назарына ұсынып отырған  зерттеудің негізгі тұжырымдары мен ұсыныстарымен келісетінін айтса да  мұнай бағасының құлдырауына және әлемдік құлдырауға байланысты күрделі сынақтарға тап болатын ел екенімізді ұмытпауымыз қажет екенін, қолданыстағы заңдарды алдағы жаңа сынақтарға бейімдеп жүру қажеттігін ескертті.  

Құрылымдық өзгерістердің маңызды аспектілерінің бірі ретінде ол экономиканың бейресми сектордан цифрландыруға бағыт алу керектігін,  Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің функцияларын қайта бөлуді (басты басымдық ақша-кредит саясатының тұрақтылығын қолдау болуы керек), банктердің инвестициялық қызметіне кедергі келтіретін проблемалы несиелер үлесінің азаюын және экономиканың шикізаттық емес секторында  инвестициялардың айтарлықтай өсу қажеттілігін атап өтті.

Tengri Partners серіктестігінің басқарушы серіктесі Әнуар Ушбаев атап өткендей, қазіргі уақытта елдегі қаржы операцияларының үлесі басқа елдермен салыстырғанда өте төмен. Негізгі себептер – экономиканың төмен динамикасы және қаржы секторын басқарудың жеткіліксіз болуы. Басты назар сақтандыру секторы мен бағалы қағаздар секторына емес, банк секторына аударылды.

Басты назар сақтандыру секторы мен бағалы қағаздар секторына емес, банк секторына аударылды. Спикер бағалы қағаздарды тіркеу және нарық қатысушыларын пруденциалдық реттеу процестерін оңтайландыруды қоса алғанда, капитал нарығын дамыту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Маңызды фактор сонымен қатар Астана Халықаралық қаржы орталығы ішінара жүзеге асыратын қажетті инфрақұрылымды құру болып табылады. Ол Қазақстандағы қаржы нарығын тиімді дамыту үшін осы саладағы ең жақсы реттеуші шетелдік тәжірибеге назар аудару қажеттігін айтып өтті. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржылық тұрақтылық және тәуекелдер департаментінің директоры Сәбит Хакімжанов елдің ақша-кредит саясаты туралы пікір білдірді.

Жалпы, сарапшы қаржылық және ақша-кредит саласындағы бастамаларды қолдады. Мәселен, шығындарды үнемдеумен қатар, банк активтерінің сапасын жақсартумен бірге мемлекеттік кірістерді ұлғайтуға арналған ұсынымдар сарапшылардың ойынан шықты.

Осы ретте, Сәбит Хакімжанов мемлекеттік шығыстардың өсу қарқынын шектеу және олардың бейімделуін арттыру бойынша ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар, ол соңғы онжылдықтағы бірқатар девальвациялардың салдарынан ақша-несие саясаты аясында ұлттық валютаға деген сенім төмендегенін атап өтті. Осыған байланысты ұлттық валютаға сұранысты қолдау үшін жоғары пайыздық мөлшерлеме қажет екендігін те ескерте кетуді ұмытпады.

Макроэкономист, PhD докторы, Гарвард университетінің ғылыми қызметкері Сұлтан Оразбаев академиялық тұрғыдан түсінік берді. Оның түсіндіруі бойынша,  макроэкономикалық тұрақтылық маңызды және қызықты аспект. Сарапшы квазимемлекеттік сектордағы компанияларды жекешелендіру,  елдің негізгі активтеріне иелік етудің шоғырлануына байланысты  алдағы уақытта барынша ашықтыққа назар аудару қажеттігін айтып өтті.

Польшаның бұрынғы қаржы министрі және Whiteshield Partners компаниясының директоры Павел Войцеховский экономикадағы қазіргі жағдай алдыңғы дағдарыстардан өте өзгеше екенін атап өтті. Егер мемлекет экономикалық саясатты барынша сауатты жүргізбесе, еңбегіміздің еш кететінін айтты. «Дәл қазір, әлеуметтік фактор тек Қазақстанда ғана емес, әлемде маңызды. Сол себепті әлеуметтік фактор  басымдық беретін маңызды бағыт болуы тиіс» дейді  Павел Войцеховский.

Сарапшы, әсіресе экономиканы әртараптандыруға қомақты үлес қосатын компанияларды қолдауға және жұмыс орындарын сақтауға бюджеттік ынталандыруды жалғастыруды орынды деп санайтынын ескерте кетуді ұмытпады.  Сонымен бірге бюджетті ұлғайтуды жалғастырып, салық жүйесі мен бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру қажет. Атап айтқанда, тікелей емес жанама салық салуға ауысу, ҚҚС-қа назар аудару, сондай-ақ көлеңкелі экономикамен күресу қажет.

Айта кетейік, макроэкономикалық мәселелер бойынша зерттеуге Еуразия аймағындағы Whiteshield серіктестері бөлімінің мамандары қатысқан. Сарапшылар дәл қазір талқылап отырған ұсыныстар әзірге кеңестік сипатта екенін ескертуді де ұмытпады. Демек, мұны мемлекеттік бағдарламалар мен даму тұжырымдамаларына балама деп қабылдаудың қажеті жоқ.

Талқылауға қолдау көрсету үшін сарапшылар тобы ашық диалог алаңын құрды.

АЛМАТЫ