Қоғам • 18 Мамыр, 2020

Жыл басынан бері көпбалалы аналар 73,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алды

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылғы қаңтар-сәуір айларында көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақымен жалпы сомасы 73,5 млрд теңгеге орта есеппен 384,9 мың отбасы қамтылды. Сәуір айында аталған жәрдемақы түрін жалпы сомасы 19 млрд теңгеге 396,5 мың отбасы алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл басынан бері көпбалалы аналар 73,5 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алды

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға табысына қарамастан 4 және одан көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көпбалалы отбасылар үміткер бола алады. Төлем мөлшері балалардың санына байланысты 42,5 мың теңгеден (4 бала) 74,4 мың теңгеге (7 және одан да көп бала) дейін сараланған.

Сонымен қатар бүгінгі күні 8 және одан да көп балалары бар отбасылар үшін жекелеген мөлшерлерді белгілеу жолымен жаңа жәрдемақыны кеңейту қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылдың 13 мамырында Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды.

8 балаға берілетін жәрдемақы 88 896 теңге, 9 балаға – 100 008 теңге, 10 – 111 120 теңге, 11 – 122 232 теңге, 12 – 133 344 теңге, 13 – 144 456 теңге, 14 – 155 568 теңге, 15 – 166 680 теңге, 16 – 177 792 теңге көлемінде белгіленді.

Жәрдемақыны кеңейту 2 451 отбасына әсер етеді, онда қосымша 3 710 бала қамтылатын болады.

Жалпы 2020 жылы көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеуге республикалық бюджеттен 177 млрд теңге бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерімен қарастырылған табысы аз және көпбалалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты аясында енгізілді.