Аймақтар • 18 Мамыр, 2020

Елорда: Санитарлық нормалар сақталмаса автобустар тоқтатылуы мүмкін

337 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда санитарлық нормалар сақталмаған жағдайда қоғамдық көлік қозғалысы тоқтауы мүмкін. Жолаушылар медициналық маска киіп, қатаң санитарлық нормаларды ұстануға міндетті. Қоғамдық көлікке медициналық маскасыз кіруге тыйым салынады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Елорда: Санитарлық нормалар сақталмаса автобустар тоқтатылуы мүмкін

Көліктік бақылау қызметкерлері күнделікті рейд жүргізеді және жүргізушілер мен жолаушылардың санитарлық нормаларды сақтауын тексереді. Естеріңізге сала кетейік, бұрын №1 автобус паркі жүргізушіден коронавирус табылғанына байланысты карантинге жабылды. Covid-19 таралу қаупі әлі сақталады.

Қоғамдық көлік жұмысын 12 мамырдан бастап жандандырды. Автобустар сағат 06:00-ден 22:00-ге дейін жүреді. Желіде барлық қалалық бағыттар бар. Жолаушылар ағыны карантинге дейін 750 мыңнан астам адамды құрады. Қазір жолаушылар ағыны осы көрсеткіштің 30-35%-ын құрайды.

Қала маңындағы бағыттар екінші кезеңде іске қосылады. Бұл туралы қосымша хабарланады. Барлық автобустар бұрынғыша дезинфекциядан өтеді. Автобус жүргізушілері барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды: маскалар, қолғаптар киеді және антисептик пайдаланады.

Жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу қажет. Ол үшін көлік картасы және баламалы тәсілдер қолданылады. Бұл SMS, QR-код және мобильді қосымшалар арқылы төлеу. Қолма-қол ақшасыз төлеу үлесі карантин енгізілгенге дейін 98%-ды құрады. Карантин кезінде сатып алынған айлық жол жүру ақысы автоматты түрде пайдаланушылардың көлік карталарына көшірілген. Айлық жол жүру 2020 жылғы 12 мамырдан 11 маусымға дейін жарамды. Елордада 28 наурыздан бастап 18 жасқа дейінгі балалар көлік картасы болған жағдайда қоғамдық көлікте тегін жүре алады.