Аймақтар • 18 Мамыр, 2020

Жамбыл облысында бірқатар нысандардың жұмысы қайта жанданады

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, ағымдағы жылы 19 мамыр күні  өңірде карантин талаптарын жеңілдетудің үшінші кезеңі күшіне енеді. Еліміздің бірқатар облыстарында коронавирус індетін жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты және аймақтағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды тек ішінара жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Жамбыл облысында бірқатар нысандардың жұмысы қайта жанданады

Монша кешендерінен тыс шаштараздар мен сұлулық салондары алдын-ала жазылу бойынша 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Жазғы алаңы бар, ашық аспан астында орналасқан сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын қоғамдық тамақтану орындары 10.00-ден 20.00-ге дейін, ал құрылыс материалдары мен тұрмыстық тауарларды сату базарлары 7.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істейді.

Сондай-ақ 19 мамырдан бастап түлектерді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау бойынша Тараз қаласы аумағында орналасқан оқу орталықтарының қызметіне рұқсат етіледі. Жоғарыда аталған кәсіп түрлерінің жұмысын қалпына келтірудің міндетті шарты – санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау болып табылады. Мұны арнайы мобильді топтар қадағалайтын болады.

Ал, облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ инфекцияның таралу қаупінің жоғары болуына байланысты қоғамдық көліктер тоқтатылған болатын. Бүгінгі таңда қалыптасып отырған эпидемиялық жағдай қоғамдық көліктердің жұмысын қайта жандандыруға мүмкіндік бермей отыр.

Аталған жеңілдіктер коронавирустың таралу ошақтары бар Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарынан басқа барлық ауданда қолданылады. Облыстың аудандары мен Тараз қаласының периметрі бойынша автожолдарда, коронавирус ауруы анықталған елдімекендерде карантиндік шаралар алынып тасталғанша блок-бекеттер өз жұмысын жалғастыратын болады. Тұрғындардың қозғалысы да шектеулі күйінде қала береді.

 

Жамбыл облысы

 

Соңғы жаңалықтар