Тарих • 19 Мамыр, 2020

Азаттық жолындағы арпалыс – Иса-Досан көтерілісі

4090 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

«...Ол көтеріліс патша үкіметінің бір жарым ғасыр әзірленген Каспийден арғы аймақтарды жаулап алудың кең қарымды жорығына ең бірінші болып қарсылық көрсетті. Тек Қазақстанның ғана емес, іргедегі Хиуаның, күллі Орта Азияның отарлануына бөгесін болғысы келді. Қазақ даласындағы барлық көтерілістің ішінде бұл көтерілісті басып-жаншуға патшалы Ресей ерекше көп күш салды. Күллі Кавказдан, Еділ бойынан әкеліп әскерлер төкті. Қуатты империяны соншама дүрліктірген бұл оқиға мен оның орталық тұлғалары, әрине жаңа тарихи санамызда айрықша мазмұнға ие болмақ».

                                Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

 

Азаттық жолындағы арпалыс – Иса-Досан көтерілісі

Суретті түсірген Темір Құсайын

Елінің азаттығы, жерінің тұ­тас­тығы жолында атқа қонған ер­лер­дің бас көтерулері – қа­зақ тарихының құнарлы, қы­зық­ты һәм қайғылы-қасіретті бет­­тері. Көтерілістер қам­тыған аума­ғы, қатысқан сарбаздар са­ны, созыл­ған жылдары, адам шы­­­ғыны, ұйымдасуы-ұйым­дас­пауы, жетістік-жеңісі сынды өл­шем­дерге қарап, ірілі-ұсақты деп сипатталуы мүмкін, алайда олардың ең басты мақсаты мен мүддесі бодандыққа түспеу, еге­мендікті сақтау, ел мен жерді қор­ғау болғандықтан, бәрібір – ірі, бәрібір – ұлы! Өйткені ауыл ара­сындағы әлдебір ерегістен туған есерсоқтық емес, қара бас­­тың қа­мын ойлаған мерездік емес, отбасы-бала-шағаның ғана күйін күйттеген пысықайлық емес, ел үшін тәуекелге бел буып, жанынан баз кешу – ер­лер­­дің ісі. Қазақ даласындағы орыс отаршылдығына қарсы көте­рілістер мейлі ірі болсын-бол­масын жеңіске жетіп, жауды бір­жолата күйретіп, қазақтың ба­сы­нан бодандық қамытын сыпырып тастай алған жоқ, жеңілді, жанышталды, батырлары соттал­ды, атылды. Мұның себебі елдің немесе ердің әлсіздігінде емес, қарудың күшінде! Мұздай қару­лана сап түзеген әскердің алдында даланың есіл ерлері соңғы қа­ны сарқылып, соңғы күші тау­сылғанша айқасты, қазақтың қа­былан жүректі халық екенін дәлелдей түсті.

Азаттықты аңсап, озбырлыққа көнбеген көтерілістің бірі – Маң­ғыстаудағы Иса-Досан көтерілісі. Биыл аталған ұлт-азаттық көтері­лісіне – 150 жыл. Кезінде дүлей күштің қолымен көтеріліс жанышталды, бірақ ұрпақтың рухы қайрала түскен болатын.

 

Граф Кутайсов:

«Адам шошырлық аласапыран...»

Патша өкіметінің 1868 жыл­ғы «Далалық облыстарды бас­қару жөніндегі ережесі», яғни «Уақытша ереже» Маңғыстау хал­қына 1870 жылы келіп, асыра сілтеумен қолға алына бас­тады. Жоғарыдан екі жылдың – 1869-1870 жылдардың түтін салығын бір-ақ жинауға пәр­мен болып, қарулы жасақ ха­лықтың қиналғанына қарамай салықты зорлықпен жинап алуға ұмтылды. 1870 жылы наурызда – дәл Көрісу мерекесінің ерте­сіне Маңғыстау приставы под­пол­ковник Рукин казак-орыс отря­дын, жергілікті бір-жар би-шонжарларды ертіп салықты жи­науға белсене кіріспек оймен өзі бас болып халық арасына аттанады. Зорлыққа көну, бейкүнә ел-жұртын талатып-тонату – намыс­ты ерлерге сын. Досан Тәжиев, Иса Тіленбаев бастаған, Дихан Өтепов, Сүгір Шабаев, Шүрен Иманов, Алғи Жалмағанбетов сынды ерлер қостаған батырлар патша өкіметінің жоғары шен­ді приставы мен ол бастаған қа­рулы отрядқа қарсы шығады. Ел арасында айрықша беделді, сөй­лесе аузы дуалы, сөзі өтімді Иса мен Досанның соңынан жігіт­тердің еруі қиындық тудырмайды. Оларды көтерілісшілерге қо­сылуға біріншіден, қиын кезде тақымға қылбұрау салған зор­лықтың ашуы шыдатпаса, екіншіден, елі сүйген ерлер­ге деген сенім жетелейді. Кө­те­рілістің негізгі басшылары Иса Тіленбайұлы – айтулы шешен, арқалы би, ерен батыр болуы­мен бірге, адуынды­ ақын, саңлақ сейіс-атбегі. 1829 жылы дүниеге келген, жастайынан-ақ ел арасында ерекше қабілетімен танылған Исаның Адай арасындағы зор беделі пат­ша өкіметі адамдарының на­за­рына ілініп, онымен тіл та­бысуға ұмтылды. Ал билігіне, ше­шендігіне қардер жұрттың жү­гінгендігіне ел арасындағы ес­теліктер, ақындығына артында қалған өлең жолдары дәлел. 1835 жылы Бозашы түбегінде өмірге келген, орда бұзар отыз жас­тан өте бере атқа қонған До­сан Тәжіұлы болса – қайтпас ер, намысты тұлға. Кек жолында кескілеспей беріспейтін кескекті жігіт.

Әп дегеннен тегеурінді қар­сылыққа тап болған Рукин отря­ды шегінеді, ал әу баста 400-500 адам болып басталған көте­рі­лісшілер қатары әп-сәтте мыңға же­тіп, бірте-бірте қалыңдап он мыңға дейін жетеді. Үшауыз жерінде Адай сарбаздары қырық жауынгері мен Рукиннің көзін жояды, яғни дала жағдайында соғыс жүргізуде тактикадан ма­қрұм, қаруына сенген әупірім әс­кербасы қоршауда қалып, әбден ты­ғырыққа тіреліп пұшайман болады да анталаған қазақ жі­гіттерінің қолына түсуден қор­қып өзін-өзі атады. Бұл – ер үшін, әсіресе күллі сарбаздың тағ­дырына жауапты, ұрыс қимыл­дарын ұйымдастыруды жолға қоюшы жоғары шенді әскербасы үшін масқара өлім. Ол ерліктен, өжет­тіктен емес, мәжбүрліктен, қор­қыныштан өлуге мәжбүр болады.

Қиян-кескі шайқас өтіп, Ру­кин қасындағы жергілікті шон­жарлар Қосым Мырзабаев сы­ты­лып шығып, Бәйменбет Маяев оққа ұшқан жер ел ара­сында «орыс қырылған» деп аталды, алай­да кейін және бү­гін көр­шінің көңі­ліне қа­рап кібір­тік­теумен Үшауыз деген атау­ға қайта ие. Қосым мен Бәй­мен­беттің тағдыры, соңғысы­ның кім­­нің қолынан оққа ұшқан­дығы,Үшауызда садақа берген Қа­бақтың әрекеттері сынды тұс­­­тар бұл көтерілістің ашыл­ма­ған беттері, қалай болғанда да ерлердің елді аман сақтап қалу жолындағы жанкешті тірлігі, тіп­ті кей жағдайда түсінбестікке ұрын­­дырып жататын алас-қа­пас әрекеттерінің өзін ел мүд­десі тұр­ғысынан түсінуге тал­пы­на­мыз.

Бәленің басы Рукинде емес, отар­шыл патша өкіметінде екен­дігін түсінген көтерілісшілер атал­­ған өкіметтің Маңғыстаудағы ма­ңызды күштеріне, құры­лыс­тарына шабуылдап, күйре­теді. Бұл туралы барлық жазба дерек­те «1870 жылы сәуір айын­да көтерілісшілер Форт­ты қоршайды. Армян база­рын талқандап, саудагер­лер мен өндіріс иелерін тұтқын­дай­ды, Николаевск стансасын өртеп, армян слабодкасы мен Қарағантүптегі Маякты қира­тады» деп келтіріледі. Көте­рілісшілердің екпіні дем берген ба­лықшылар мен жұмысшылар өз қанаушыларына қарсы көте­ріліп, қайықтарын қолды етеді. Ал бұл су көліктерінен кіші флотилия құрып, Александров портын қоршауды жоспарлайды. Бұл порт патша өкіметінің берік соғыс қамалдарының бірі, яғни стратегиялық мәнге ие нысан бо­латын. Куәгерлердің айтуын­ша небәрі ауыл арасындағы 36 білтелі мылтықпен, кейін Үш­ауызда қы­рылған патшалық жауын­гер­лердің 40 шақты мылтығымен ғана қаруланған, солай бола тұра Маңғыстау түбегін түгел шарпып, қанатын кеңге жайып бара жатқан бе­ті қатты көтеріліс келешекке Маң­ғыстау, Каспий теңізі арқылы Хиуа жорығы сынды түрлі саяси жорықтар жоспар­лап, ірі жобаларды қолға алуды көздеп отырған патша өкіметін сескендірмей қойған жоқ. Көтерілісті жаншу үшін Кавказдан зеңбіректерін сүйреткен жазалаушы отрядты төгеді, көтерілісшілер шегіне жүріп ұрыс салады. Ызаланған өкімет Маңғыстаудың кең даласына ойқастай ат ойнатып жүріп жазалаушы отрядқа мысын бас­тырмаған көтерілісшілердің со­ңына шам алып түсті деуге болады. 1870 жылдың соңына та­ман Маңғыстау даласы қару­лы әскерге лық толады. Орын­бор, Жайық бетінің казактарынан құралған және замана­уи қарулармен құр­санған мық­ты әскері бар, патшалық Ресей­дің ең мықты бекінісі санала­тын Маңғыстаудағы Форт-Алек­сан­дровск қамалын қорша­ған да­лалықтардың дабылынан қо­рыққан өкімет шұғыл шара қол­данып, Кавказ армиясымен қоса, Орал, Орынбор өңіріндегі казак әскерилерін үдере атқа қондырып, Маңғыстау жеріне кіргізеді.

Мықты тылы, әскери-эконо­микалық базасы жоқ, соғыс жос­пары жоқ, іс-әрекеті күнделікті оқиғаларға қарай бағыт алып ұйым­дастырылып отырған қа­ра­пайым ауыл азаматтарынан­ құ­ралған көтерілісшілердің же­рі тарылады, өйткені қарулы жасақ оларды өкпеден сығып тұс-тұстан қоршауға ала бастайды. Ал қаруына сенген отаршыл өкі­мет ерлердің артында қалған ел-жұртын белгілі уақытқа дейін Кавказдан келген әскери өкі­метке басқартып, аталған жасақтың сұсымен, қаруының күшімен езгілей түседі. Алты мың отбасыны Орал облысына қосса, тоғыз мың отбасыдан салық күшпен өндіріледі. Бірақ көтерілістен соң «Уақытша ере­жедегі» заңға өзгеріс енгізіліп, салық тек ақшалай емес, малмен өтеуге де келісіледі. Де­мек көтеріліс жеңіліске ұшыра­ғанымен, ішінара қол жеткізген жетістіктері де аз емес. Оның үс­тіне көтерілістен кейінгі жылдары Маңғыстау приставының «Бізге әуелден де берілмеген адайлар 1870 жылғы көтерілістен кейін тіпті бағынудан кетті. Біз Маңғыстауда аяғымыздан тік басып, өзімізді оның қожасымыз дей алмадық» деген жазба қал­дырған. Демек қаруын қоқаңдата одыраңдап келген озбырды орнына қойып, тәубесіне түсіру – көтерілістің ең басты жеңісі.

1872-1873 жылдары Маңғыс­таудың Үсіртінде, Хорезм бетін­де жүрген Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлы бастаған он мың жасақ көтерілісші Хиуа бетіне өтеді. Бұл қадамдары олар­­ды қу­­ғындаудан құтқара ал­май­ды. Хиуаға жорық жасауға әрі «бүлікшілерді» қолға түсіруді мақсат еткен патша жасағы даланы кезіп қазақтарды іздеуін жалғастыра береді. Ал Адай жа­сақтары жазалаушы жасақты сыртынан аңдып, тұтқиылдан шабуыл жасауын тоқтатпайды. Хиуа ханының өздерін күш са­нағанмен ішін бермей, қажетті жеріне пай­да­ланғысы келгендігін, сондай-ақ Хиуа хандығының патша өкі­метінің қарулы отрядына қар­сы қайрат таныта алмайтынын білген Адай сарбаздары орыс әскері мен Хиуа әскері арасында есіл ерлерді қырып алудан сақтанып, көтерілісшілер қолын таратуға ұйғарымға келеді.

Патша өкіметінің көтеріліс­ші­лерді кешіру туралы жылымық сөзіне орай Иса жанашырларының ақылға шақырып, көндіруімен елге оралып, болыстық қызмет атқарады. 30 жылдың үстінде болыс болып еліне қызмет еткен Иса 1909 жылы өмірден өтіп, Алаторпадағы «Сарықыз» қауы­мына жерленеді.

Елге қайтпай Исадан бөлініп қалып, 1873 жылы Хиуаға басып кірген орыс әскерлеріне, генерал Кауфман әскеріне жанындағы 200-ге тарта сарбазымен қарсы тұрған Досан батыр Хиуа жеңіл­ген соң елге оралады. Қолға түс­пей іздеуші жасақты әбден титықтатқан Досан батырдың 1874 жылы Сам құмында отырған үйін Орал казак әскерінің есаулы, жоғары құрамдағы офицер шенді Аничкиннің әскері қамап, кескілескен айқас барысында киіз үйін төңкеріп тастап, берілмеген жаралы батырды әзер тұтқындайды. Түрмеде азаптың неше түрін көрсе де бас имеген, райынан қайтпаған, тіпті қарулас досы, ағайыны Орақ терезені жақтауымен жұлып алып қашуға мүмкіндік жасағанда да «Досанға жараспайды» деп камерада қалып қойған ер 1876 жылы ақпанда абақтыда екі жыл жатып ажал құшады. Абақтыдағылар туыс­тарына марқұмның мүрдесін әзер береді – ағайыны ақын Сәт­тіғұлдың әкесі Жанғабыл бас­таған азаматтар батырдың денесін туған жері Бозашыға жеткізіп, Қаратөбе қауымына ару­лап жерлейді.

Көтеріліс тарихы, ұйымдасуы мен өрбуі, бетпе-бет кездесулер кезіндегі оқиғалар мен ерен ер­ліктер, көтерілісшілердің әрбі­рінің оқиға кезіндегі және одан кейінгі тағдыры ауыр әрі ұзақ, мың қатпарлы, миллион шытырманды. Оны зерттеу – тарихшылардың ісі, ал мақалада тәптіштеп жаза беруге газет бетінің көтере бермейтіні бар. Бірақ найза және қылышпен ғана қаруланған көтерілісшілердің екпінінен қорыққан Кавказдан көмекке келген граф Кутайсовтың құзырлы орындарға: «Өлке тү­гелімен көтерілген, қарусыз бір адам жоқ» деп үрейлене хабарлап, «олармен алғаш кездескенде тіпті шошып кеттім. Бірде-біреуі қаншама атсаң да құламайды. Шауып келеді, шауып келеді. Өлісі қайсы, тірісі қайсы адам айы­рып болар емес. Адам шошыр­лық аласапыран. Мұндай қар­баласта әскердің бас-аяғын жинап ұстаудың өзі қиын», деп мәлімдеген екен. Алдында алапат қаруы, қа­сында құрсанған мың сан сар­базы, артында арқасүйер алып өкіметі бар графтың бұл үрейлі байбаламы әрі уайымға салына жанұшырған жазбасы кө­терілістің қаншалықты қар­қын­ды, қорқынышты болғанын көр­сетіп-ақ тұр.

 

Батырлар Отан тарихынан орын алуы тиіс

Ел ішінде «Исатай мен Ма­хамбеттің Маңғыстаудағы сы­ңары» атанған Иса мен До­сан, олардың қаруластары – ер­лік­тің ерен үлгілері. Өкінішке қа­рай көтеріліс тарихы да, оның қаһармандары да жеткілікті дең­гейде зерттелмей әрі насихатталмай келеді. «Маңғыстау» га­зетінде І.Шыртановқа берген сұхбатында Ә.Кекілбайұлының айтуынша, 1977 жылы басылған М.Тұрсынованың «Казахи Ман­гышлака во второй половине XIX века» кітабында көтеріліс туралы нақты деректер келтірілген. Бір­қатар ғалым-зерттеушілердің, тарихшылардың еңбегіне арқау болғаны рас, бірақ көтерілісті толық таныту-талдау бәрібір кемшін. Ал ел арасында көтеріліс туралы айтушыларға Ақтан, Бала Ораз, Қалнияз, Қашаған, Сәттіғұл ақындардың жырлары, Досан батырға арнаулары негізгі өзек болды. Сондай-ақ журналист марқұм Сайын Әділханов пен өлкетанушы-журналист Әбіл­қайыр Спанның біраз тер төгіп, қалам тербеуі аталған оқиға туралы ақпараттарды там-тұмдап молайта түсті. Ә.Спан Б.Қаратаевтың қолжазбаларына қол жеткізіп, біраз мәліметті сол құжаттан аударумен қа­тар, 90-шы жылдардың бас ке­зінде көтеріліс болып өткен жер­лер­мен жүріп өтіп, көзі тірі кө­некөздермен тілдесіп үлгерді. Ел арасынан Иса бидің бірқатар көшелі билігі, келісті сөздері жинақталды, «Хиуаға кетерде», «Оязға барарда», «Болыс болып жүргенде», «Күйкеннің сонадайдан көрінгені-ай», өзге де өлеңдері хатталды. Иса батыр бейнесі жан-жақты таныла түсті. Иса – күрделі тұлға, Әбекеңше айт­сақ, «Досан – героикалық, Иса – трагедиялық тағдыр иесі». Тағы да Әбекеңнің тәмсіліне сүйенсек, «...отаршылдардың өз қолдарынан қаза тапқандары тек И.Тайманов пен Д.Тәжиев қана, М.Өтемісов пен Ж.Нұрмұхам­бетов өкімет жұмсаған ауыл арасы жандайшаптарының қо­лы­нан мерт болыпты. Сырым Датов, Кенесары мен Наурызбай Қа­­сымовтар ел ауып, жер ауып кет­кен жерлерінде отаршылдық құ­рығынан құтыла алмай, құр­бан болыпты. Ал бастарын тауға да ұрған, тасқа да ұрған Есет Көтібаровты, Тайшық, Ах­мет, Садық Кенесариндерді, Иса Тілен­баевты құтыларға жер қал­дыр­май, өздері келіп мойын­сұ­нуға мәжбүр етіпті. Бұл патша отаршылдығының ендігәрі мұн­дай көтерілістен әбден күдер үзу­ үшін жасалған әккі саясаты еді». Яғни Маңғыстауда аталған көте­ріліске адамы қатыспаған отбасы кемде-кем. Тұтас елді қы­рып жібе­ре алмаған патша өкіметі өзі­нің зымиян саясатын, әккі әді­сін осылай қолдануға мәжбүр бол­ған.

Досан батырға қатысты мә­лімет­тер оның бірбеткей, тура мінезді, айтқанынан қайтпай­тын мәрттігін таныта түседі. Иса­­мен бірге елге қайтпай, аз ға­­на қолымен жау тылында қа­луы, сондай-ақ Ораққа қосы­лып түр­меден қашпай қалып қоюы – оның сертіне соңына дейін тұра­тын табандылығын көр­сетеді. Жазу­шы Ә.Кекілбайдың: «Ол – тәуел­сіздік тарихында ең құрметті орын иемденуге лайықты есім. Ол бастаған көтеріліс тек бір өлкенің ға­на емес, күллі ұлты­мыз­дың тағ­дырында өшпес із қалдыр­ды»,  деп бағалауы да терең мәнді аңғар­тады.

Иса мен Досанның қан­ды- көй­лек қарулас достары Орақ Байдалыұлы, Алғи Жалма­ған­бетов, Дихан Өтепов, Өтеген Итем­­генов, Әлімбай Сәтімбаев, Тілеуберген Орақов, Қарасай Мың­баев, Күмісбек Мүлкібаев, Демесін Жиенбаев және өзгелер, Досан батырдың туыстары Жа­рас пен Жаманбала, батырдың ұл­дары Шолтан мен Табан, сон­дай-ақ Қ.Мырзабаев, Б.Маяев, Ғ.Қалбыұлы, Қ.Ермағанбетов – әрқайсысы бір-бір тарих, қым-қуыт тағдыр иелері. Олардың әр­қайсысы туралы кешенді зерттеу керек-ақ, шағын мақалада оқи­ғаның бас-аяғына еркін ену және батырлардың образын толық сипаттай суреттеу мүмкін емес.

Биыл Маңғыстауда ерен ерлер ел қамы үшін ат ойнатқан көте­рілістің 150 жылдығы ата­лып өтілмек. Бұған дейін көте­рілістің қос басшысына Ақ Кетік қаласынан ескерткіш орнатылған болса, Шетпе кентінен Д.Тәжі­ұлына ескерткіш қойылған еді. Сондай-ақ үзеңгілес екі ерд­ің­ мәңгілік мекендерінен мен­мұн­­далаған күмбез-кесене бой көте­ріп, рухтарына ас бе­ріліп, Құран бағышталды. Көте­ріліс, оның басшылары ақын­дардың қаламына қанат бітіріп, жырына өзек болды.

Ел азаттығы жолында еңіреген ерлердің ерлігі де, есімі де қа­лай ұлықтауға да лайық. Ә.Кекіл­бай­ұлы: «...оқиға мен оның орталық тұлғалары жаңа тарихи санамызда айрықша мазмұнға ие болмақ», деп басып айтып, шұқып көрсетсе де, біз бұл деңгейден әлі көріне алмай келеміз...

 

Маңғыстау облысы