Орынбордағы тұңғыш музей
Қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан Ресейдің Орынбор қаласындағы тарихи-өлкетану музейінің құжаттарында «Орынбордың губернаторлық тарихи-өлкетану музейі Орынбордың әскери губернаторы, граф Павел Петрович Сухтеленнің жарлығы бойынша 1830 жылдың 24 қарашасында (қазіргі жыл санақ бойынша 6 желтоқсан, – Н.Б.) ашылды», деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Құжатта белгіленгендей, Орынбор музейлерінің қаз тұрып, қалыптасуына Ресейдің сыртқы істер министрлігінің шенеунігі Ф.П.Шангион-Гартинг, философия магистрі Томаш Зан, ксендз М.Зеленко, сондай-ақ «Ұлы орыс тілінің түсіндірме сөздігінің» авторы В.И.Даль еңбек сіңіріпті.
Қазіргі тарихи-өлкетану музейдің ғимараты архитектор Г.Гопиустың жобасы бойынша 1830 жылдары салынған. Алғашқыда А.Еникуцев деген көпестің иелігінде болған, сосын мұнда генерал-губернатордың канцеляриясы орналасқан.
1920 жылы РСФСР құрамында «Қырғыз Автономиялық Социалистік Советтік Республикасы» деп аталған Қазақ Республикасы құрылып, астанасы Орынбор қаласы болғанда, музей Қазақстанның қарамағына берілген, 1924 жылы арадағы шекараның демаркацияланғанына орай, музей қайтадан Ресейге өткен, дегенмен 1925 жылы Қазақ АССР-і құрылып, астана Ақмешітке (Қызылордаға) көшкеннен кейін, 1927 жылы музей жәдігерлерінің 80%-ы Қазақстанға қайтарылған. Астана Алматыға көшірілгенге дейін бас музей Қызылордада болған.
Енді музейдің құрылған уақыты не үшін 1831 жылы деп қалғанына тоқталайық. Музейдің құрылуы, оның әр жылдағы ахуалы, жетекшілері туралы жазған, Орынбор қаласында 1889-1917 жылдары жарық көріп тұрған «Орынбор ғылыми-архивтік комиссиясының еңбектерінің» (бұдан әрі – ОҒАКЕ) жарияланымдарында да «1831 жыл» деген дата кездеседі, бұл жарияланған мақалалардың авторларының әр басқа болғанына да байланысты болуы мүмкін.
Музей іргетасын қалағандар
Губернатор В.А.Перовскийдің алдында Орынбордың генерал-губернаторы болған граф П.П.Сухтелен «Байтақ өлкенің ықшамдалған, бірақ дәл бейнесін әрбір көрерменге және саяхатшыға көрсете алатын музейді Орынбор қаласында ашу жөнінде ниеттенеді. Осындай музейді, анығында, граф Сухтелен ғылымға құштар көптеген адамдардың және табиғатты зерттеген оқымыстылардың жанашырлық жәрдемімен 1830 жылы негіздеді», деп жазады ОҒАКЕ-нің 1913 жылы жарық көрген ХХVIII-інші шығарылымының 49-бетінде. Музей сол уақыттағы 1824-1832 жылдары Г.Генс директорлық еткен Неплюев әскери училищесінің бір залына жайғастырылады.
Сондай-ақ осы беттің аяғында үш сілтеме жасалып, біріншісінде «Русская старина» журналының 1903 жылдың шілдесіндегі санында жарияланған «В.И.Дальдің өмірінен хикаяттар» деген мақалада нақтылық болмағаны жазылған. Біз «Русская старинаны» да парақтап көрдік. Мұнда П.Столпянский деген автор В.И.Дальдің Орынборға 1933 жылы келгенін айта отырып, оған алғашқы музейдің бастамашысы қатарында қарап жаңылысқан, оның зоологиялық музейді ашқанымен шатастырып алған. Екіншісінде ОҒАКЕ архивінің 1830 жылғы 12 қарашадағы шекара істері бөлімінің іс қағазына сілтеме берілген. Демек музейді ашу мәселесі губернатордың жарлығы шыққанға дейін 12 күн бұрын қаралыпты. Үшінші сілтемеде «Бұған байланысты П.Н.-нің анықтамасын мүлде қате деп тану керек» делінген. Мұнда 1930 жылдың қате екендігі айтылып отыр. П.Н. – белгілі шығыстанушы, 1898 жылы Алматыда Жетісу облыстық музейін ашқан Пантусов Николайдың инициалы болса керек.
Граф, генерал Павел Петрович Сухтелен (1788-1833) орыс патшасының пәрменімен 1830 жылдың 21 сәуірінде Орынбор өлкесінің әскери губернаторы болып тағайындалған. Ол Орынборда бастауыш мектептерді ашқан, қазақтардың тұрмысын зерттеген, оны жақсартуға күш жұмсаған.
1830 жылдың ақырғы айларында құрылған тұңғыш өлкетану музейінің «бақылаушы және ұйымдастырушы» деп аталған қызметтің уақытша міндетін әскери губернатордың штатында тұрған сыртқы істер министрлігінің шенеунігі Ф.П.Шангион-Гартинг өз ықтиярымен, еңбек ақысыз мойнына алады. Жаңа жылдан кейін Неплюев әскери училищесінің ғимаратындағы осы музейдің меңгерушісі болып губернатор Сухтеленнің жарлығымен 1831 жылдың 25 қаңтарында философия магистрі Томаш Зан тағайындалады.
Тұңғыш музей жөнінде қалам тербегендер осы жарлыққа және жоғарыда аталған қателіктерге байланысты «Музей 1831 жылы құрылған» деген қателікке бой алдырған. Томаш Зан ақы төленген қызметке тағайындалғанға дейін Ф.П.Шангион-Гартингдің жәрдемшісі болып, бұл да өз ықтиярымен еңбек ақысыз жұмыс істейді.
Ұлты поляк Томаш (Фоме) Зан 1796 жылы Минск губерниясына қарасты (қазіргі Польша) Молодечанский қыстағында дворянның отбасында туған. Вильно университетін бітірген. Мектепте оқып жүргенінде-ақ Томаш өлең жазып, аты әйгіленген. Өзінен екі жас кіші, кейін поляктың атақты ақыны болған Адам Мицкевичке Томаштың өлеңдері қатты әсер еткен. Томаш үш жолдасымен және Адаммен бірігіп,1817 жылдың 1 қазанында филоматтар (ғылым достары) деген астыртын қоғамды құрады, бұл кейін филареттер (Ізгі істі сүюшілердің ғылыми-адамгершілік қоғамы) ұйымын құруға алып келеді. Патша өкіметіне қарсы келешекте, Польшада болған 1830 жылғы көтерілістің өртін тұтатқан бұл ұйымдар әшкереленіп, олардың 20 мүшесін орыс патшасының әмірімен 1824 жылы 14 тамызда Сібірге айдау туралы бұйрық шығарылады. Томаш Зан Орынборға осы жылдың қараша айында жетіп, мұндағы түрмеде бір жыл қамауда болады. Адам Мицкевич 1823 жылы ұсталып, 1824 жылы Польшадан шығарылып жіберілген.
1833 жылы музейде төмендегідей экспонаттар болыпты: геогнозия бойынша – 972 дана, ботаника – 1575, зоология – 443, статистика – 42, нумизматика – 646, археология – 30, шығыстану кітаптары – 5, әртүрлі кітаптар – 35, орыс тіліндегі қолжазбалар – 4, шығыс тіліндегі қолжазбалар – 3, живопись және гравировка – 9, портреттер – 9.
1833 жылы 30 қыркүйекте музейді аралап көрген Воронина деген ханым музейдің бай мазмұнына таңғалған. Оған музейдің кіреберіс залындағы үстелге қойылған топан суға дейінгі жануардың қаңқасы және оның төрт жағындағы өлкедегі азиялық ұлттардың сәнді ұлттық киімдері (арасында қазақтардың қыз-жігіттерінің де) ерекше әсер етіпті.
Зоологиялық музей. В.И.Даль және Исатай Тайманұлы
Әйгілі ғалым, төрт томдық орыс тілінің түсіндірме сөздігінің авторы Владимир Иванович Даль Орынборда қызмет еткен 8 жыл мезгілінде әкімшілік жұмыстарымен қатар қоғамның мәдени өміріне белсенді араласты, түркі халықтарының ауызша әдебиетінің сарынымен әдеби-көркем шығармаларды жазды, сөздігіне орыс тілінің түркі тілдерінен бастау алған сөздерді жинады. Сөздіктен оның жергілікті қазақ, башқұрт, татар тілдерін жақсы білгенін байқауға болады.
В.И.Даль Орынборға губернатор П.Перовскийдің тұсында, 1833 жылдың маусым айында келген болатын. Қаладағы бірден-бір мәдени ошақ – жергілікті өлкетану музейі зерделі ғалымның қызығушылығын тудырған. Бірақ Неплюев училищесінің Г.Т.Генстен кейін болған директоры (1832 жылдан бастап) И.М.Марковпен В.И.Даль жақсы мәміле түзе алған емес. Сондықтан музей жетекшісі Т.Занмен де көп араласпаған. Есесіне, өлкетану музейімен бәсекелесіп В.И.Даль Перовскийдің қолдауымен 1839 жылы сәуір айында Орынбордағы екінші, зоологиялық музейді ұйымдастырады. Оны әмбебап музейге айналдыруды көздейді. Бірақ 1841 жылы Петербургқа қызметке шақырылуы, бұл жоспарын аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеді.
Владимир Иванович Петербургқа аттанарда музейді дін қызметкері, ксендз Михаил Зеленкоға коллекциялардың толық тізімін жасап, губернатордың мөрімен куәландырып, өткізіп береді. М.Зеленко музейді 1860 жылы қайтыс болғанға дейін басқарады. 1881 жылы музей жабылып, мекеме Томаш Зан негіздеп кеткен өлкелік музейге қосылады. Кейін Орынбор ғылыми-архивтік комиссиясының қарамағына алынады.
В.И.Даль Орынбор өлкесінде қызмет істеген кезінде орыс-қазақ қарым-қатынастарының өркендеуіне қолдан келген қолғабысын жасаған, халыққа шын көңілімен медициналық жәрдем көрсеткен, қазақтардың сенімі мен ықыласына ие болған. Ол Жәңгір ханға қарсы көтеріліске шыққан Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының мәселелерін шешуге әрекет еткен. 1837 жылы халықтың кезекті толқуында Исатай батыр Орынбор әскерлік губернаторына: «Біздің өтініштеріміз бен даттануымызды ешкім қабыл алмайды. Біз әрдайым қауіптеніп өмір сүріп жатырмыз. Бүкілхалықтық тексеруді жүргізу үшін бізге әділ шенеунікті жіберіңіз. Әсіресе біздің даттануымыз Даль мырзаның қолына тигенін қалаймыз. Бізге әділетті Дальді жіберіңіз», деп хат жазғаны бекер емес.
1841 жылы В.И.Дальден музейді қабылдап алған М.Зеленко жұмысты жақсы жүргізгенін мына мәліметтен білуге болады. 1854-1862 жылдары Орынбор шекара комиссиясының төрағасы болған В.В.Григорьев ксендз Зеленко 1960 жылдың аяғында дүниеден қайтқанда, 1861 жылы «Северная пчела» газетінің №74 санына «Музейге Зеленко қамқорлық жасаған жылдарды мекеме тарихындағы ең үздік жылдардың қатарына қосуға болады» деп жазған. Зеленко музейдің жұмысын өркендетіп, оны 1845 жылы «Жергілікті табиғат жаратылысының бас музейі» дәрежесіне жеткізген.
Постскриптум орнына
Мақалада Орынборда жұмыс істеген қызметкерлерінің әр алуан ұлттың өкілі екендігін арнайы көрсеттік. Орыс патшалығына жан-тәнімен қызмет еткеніне қарамастан, әрекеттерінде жергілікті тұрғындарға ізет жасағаны, жылулық танытқаны – өздері титулдық ұлттың өкілдері болмағандықтан, олардың жүрек түпкірінде қазақ халқымен мұңдас болғаны айқын аңғарылады.
Бұл мақаланың алғашқы нұсқасы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітіретін жылы жазылған болатын. Міне, содан бері 41 жыл уақыт өтіпті, биыл жыл аяғында музейдің 190 жылдығының жақындауы бұл тақырып бойынша тағы қолыма қалам алғызып отыр.
Мақаланы жазудың алғашқы идеясы Алматыдағы Қазақстанның орталық мемлекеттік музейіне барып, ондағы аса бағалы экспонаттарды көргеннен кейін туындаған. Алғашқы түйткіл ұлттық музейдің шіркеуде орналасқаны болды. Басқа ғимарат жоқ па? Зерттеу барысында қойын кітапшама 100-дей сұрау жазылыпты. Мақала екі бөлімнен тұрды. Біріншісінде – өлкедегі музейлердің сол кездегі хал-жағдайы, екіншісі – тарихы. Кейбір музейлердің альбомдарын және проспекттерін есептемегенде, өлкемізде музейтану ісі бойынша жұмыс, әр жылдардағы бірен-саран жинақтарды айтпағанда, елу жыл бойы мүлде жүргізілмепті. 1930 жылдары Семей қаласынан шығарылып тұрған «Семей округтік музейінің еңбектері» мен 1930 жылы Мәскеудегі Орталық музейдің тапсырмасымен Алматыда жарық көрген «Қазақстанның Орталық музейінің Хабаршысы» музейтанудың қанатын одан әрі қақпаған алғашқы қарлығаштары болып шықты. Сол жылдары тарихшы-археолог А.Адрианов жазған тағы бір жинақ – «Семей музейінің қысқаша тарихи очеркінің» жалғыз данасы Алматыдағы Чернышевский атындағы жасөспірімдер кітапханасында сақтаулы тұрыпты. Республикада музейтану ғылымы мақрұм қалған. Ресейді айтпағанда, көрші Өзбекстанда бұл бағытта едәуір жұмыс істеліпті.
Алматыдағы салалық және 19 облыстың, аудандардың орталықтарындағы, қалалардағы, барлығын қосқанда 300-дей музейдің жұмысын үйлестіретін, 100 мыңнан астам экспонаты бар орталық музейдің, тіпті баспадан шыққан бір жапырақ сипаттама қағазы да болмаған. Ғимараты – анау.
Әрине қазір бәрі өзгерді. Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте және басқа қалаларда музейге арналып, керемет ғимараттар салынып, музейтану ғылымы жанданып келеді.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,
Қырғыз Республикасының үкіметтік «Қырғыз Туы» газетінің жауапты хатшысы,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Бішкек