Руханият • 19 Мамыр, 2020

Сынаққа сағы сынбаған жан

466 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бір адамның бойында осыншалықты қажыр-қайрат, өмірге деген ынтызар құштарлық болады екен-ау. Боркемік болып жаралса баяғыда тағдырдың салған ісіне көніп, бордай тозар еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сан сынақ басына түссе де, берілмей-ақ келеді.

Сынаққа сағы сынбаған жан

Өтпелі кезеңнің өкпек желі­мен алысты. Алыса жүріп егін егіп, мал бақты, сауда жасады. Тоқ­саныншы жылдардың басын­дағы өлшеммен тәп-тәуір қа­ражат жинаған. Омбы қаласында оқитын жалғыз ұлы Әсетке үй әперемін деп бар­ғанында тағы да қырсық шалды. Содан бері бір айнал­дырған тағдыр шыр айналдырумен келеді. Тұла бойы құ­рыштан құйылғандай, жігері мықты, жүйкесі берік Рамазан Хасенов не көрмеді?!

Омбының шетінде қарақшы­лар соққыға жығып, есінен тан­дырып, қойнындағы пәтер ала­мын деп жинаған бар қаржысын үптеп кеткенімен қоймай, темір жол бекетінің алдындағы жол үстіне көлденең тастап кетіп, екі аяғын бірдей салмағы мың батпан пойыз қырқып түскенде де жалаулы жасыл дүниеден, аппақ әлемнен үмітін үзбеген.

Маңдайына басқан жалғыз ұлын Шоқан Уәлиханов атын­дағы Көкшетау мемлекеттік уни­вер­ситетінде оқып жүрген кезінде қас қарая әлдекімдер соқ­қыға жығып, тонап кеткен. Қал­та­сындағы тиын-тебенін сыпырып алыпты. Жанын жалдап бір шеті Мәскеуге дейін емдетуге апарғанда да қиындықтан беті қайтпаған. Тапқан-таянғанын түгел жұмсаған. Бір анализінің өзі үш мың доллар. Әйтсе де, жанындай жақсы көретін жал­ғыз ұлы Әсет, мектепті үздік оқыған озат оқушы, жоғары оқу орнында білім сайысында заман­дас­тарынан оқ бойы озық жүретін бозбала ем қонбай, қайт­пас сапарға аттанды. Бұл қай­ғыны жүрегім көтере алмас деп қорыққан. Көтерді.

Бой жетіп таралып өсіп қал­ған қызын Омбы қаласының көшесінде машина қағып, ажал құшты. Қара аспан айналып түскендей болды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен, шыбын жаны шырылдап, дүние тегіс қараңғы тартқандай. Көз алдын көлегейлеген шымқай қараңғыдан иненің жасуындай жарық көрінеді. Сол жарық азапты болса да, қасіреті көп болса да жарық дүниеге деген махаббат сәулесі екен ғой. Өксіте жүріп өрге сүйреді.  

Кейін Қызылтудан Зерендіге қоныс аударған. Ескі елес ес жидырмаған соң. Қайғының қара бұлты сыпырылар деген. Зерендіде шағын шеберхана салды. Өзі тәрізді міскіндердің арбаларын тегін жөндеп беру үшін. «Күн астында жүргенмен күрсінуге себеп көп» демекші, өмірде оқыс жай аз ба? Бір Зе­ренді ауданының өзінде 1850 мү­ге­дек бар екен. Мүгедектер ар­ба­с­ы­мен жүретіндерге қиын-ақ. Мо­йынтірегі осал ма, немене, тез істен шығып қала береді. Өзі тәрізді міскіндердің қол ар­­ба­­ларын тегін жөндеп беріп жүрді.

Осыдан үш жыл бұрын тағы бір иманды істі қолға алған. Ауданның шалғай ауылдарынан орталықта әлдебір құжат мәселелерін шешуге, дәрігерге қаралуға келетін мүгедектер аз емес. Қонақ үйде жату олар үшін тым қымбат. Әрі Зерендіге еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтар да аз емес. Олардың арасында да өзі тәрізді өмір өкпелеткен адамдар бар. Солар келгенде қол арбамен көтерілер жолы бар, ішінде бар жағдайы жасалған үй салып қоймақшы болды. Жер телімі де берілген. Аудандық жер, сәулет бөлімі өлшеп-кесіп, мәслихат құптап, әкімдік рұқсат еткен. Тек әдемі ойдың оңынан оралмауына аудандық прокуратура­ның рұқсатты теріске шығарған шешімі ғана себеп болды. Үй саламын деп жылдық өсімі 6 па­йызбен бес жылға несие алған. Ол екі арада құрылыс материалдары да қымбаттап кетті. Енді не істерін білмей дал.

Жер мәселесі бірінші топ­тағы мүгедек Рамазан Қазбек­ұлы үшін қара жердің өзіндей ауыр болды. Әлдебір учаскелік инспектор жер менікі деп таласқан. Екеуі сотқа жүгінді. Әділдік жеңді. Түпкі ие Рамазан Қазбекұлы болып танылды. Шындығында солай еді.

– Бірақ алты ай бойы азапқа түсірген осы мәселе сотта қа­ралған кезде тиісті төлемдерін төлеу үшін 210 000 теңге қара­жа­тым шығын болды,–дейді Рамазан Қазбекұлы, – әр тиыны санаулы адам емеспіз бе, бірақ, ақшасынан бұрын он екі мүшесі сау адамның жала жауып, тізе батырмақ болғаны жаныма батып кетті.

Өзі әупірімдеп күнелте жүріп мүгедек спортшыларды әрқи­лы сайыс­тарға жібереді екен, де­меу­ші болып. Олар жалғыз-жа­рым жол жүре алмайды, қасы­­на серік қосады. Серігінің жол шы­ғынын да өзі көтереді. Үй-күйі жоқ үш мүгедекті өз үйін­де ұзақ жыл паналатыпты. Інісін­дей болған Рамазан Жахин есімді азамат үйленіп, бөлек шығыпты.

– Тағдырдың талқысын көп көрген адамдар ғой, аяймын, – дейді өзі.

Ал өзгенің өмірін жеңіл­дет­сем деп өзегіндегі бар қайра­тын сығымдап жұмсап, жанын жал­дап, тағдырмен жекпе-жек шы­ғып, сан алуан теперішке мойы­май келе жатқан өзін аяр жан бар ма?! 

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы