Аймақтар • 19 Мамыр, 2020

Солтүстік Қазақстан облысы музейлері «Халықаралық музей күнін» атап өтті

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

СҚО музейлері «Халықаралық музей күнін» атап өтті. Соның ішінде Қызылжардағы ең басты да маңызды музей – «Абылай хан резиденциясы» музей кешені де бар. Карантин режіміне бейімділік танытқан бұл музей қазір өз жәдігерлерінің көрмесін онлайн режімде таныстыруда. Облыста бірінші рет көшбасшы музей экскурсияны қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде жүргізуді бастады.

Солтүстік Қазақстан облысы музейлері «Халықаралық музей күнін» атап өтті

Музей күні директордың орынбасары Әсемгүл Қыдыбекова өздерінің жаңа жобаларының жоспарларымен таныстырды және ұжым мүшелерін мерекелерімен құттықтады. Оның айтуына қарағанда ағылшын тілінде жүргізілетін экскурсиялар арқылы шетелдіктердің Абылай ханның өмірі мен ісіне деген қызығушылықтары арта түсуге тиіс. Қазір Солтүстік Қазақстан университетінде оқитын шетелдік жастар біршама көп, оның үстіне қала қонақтары да карантиннен кейін көбейері сөзсіз.

Облыстық полиция мұражайы да кәсіптік мерекесін ерекше тәртіпте атап өтті. Бұл күні бетперде киген көрермендерге полиция әулеттерінің ұрпақтары өздерінің аталары мен әкелері тапсырған экспонаттардың тарихы туралы баяндап берді. Солардың бірі, Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Бахтияр Есімов бір отбасыдан шыққан үшінші ұрпақ. Оның атасы Ғазиз Есімов 1951 жылы 21 маусым күні қызметтік міндетін атқару кезінде қайтыс болыпты. Ол демалыс саябағында қызға шабуыл жасаған бұзақыларды ұстау кезінде мойнынан пышақ жарақатын алған. Небәрі 25 жаста болған оның есімі әріптестерінің есінде мәңгіге қалып, 2016 жылы СҚО ПД әкімшілік ғимаратының жанында ашылған жас қызметкерлердің аллеясына оның есімі берілген екен. Ал Б.Есімовтың әкесі полиция майоры шенінде отставкаға шыққан. Енді Бахтияр оның да жеке заттарын музейге өткізбек.

СҚО ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаев музей қорын сақтаушыларды жылы құттықтап, қызметкерлердің патриоттық сезімдерін арттырудағы қажырлы еңбектеріне алғыс білдірді. Музей басшысы Любовь Осинская ПД музейінің жетістіктері, ІІМ жүйесіндегі үздіктердің бірі атануы жеке құрамның қосқан зор үлесі екендігін атап өтті. Полицейлер мен ардагерлердің туыстары экспонаттар жайлы өз ойларын ортаға салды.

Солтүстік Қазақстан облысы