Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтың мәліметіне сүйенер болсақ, қазір бұл стационарда 211 науқас ем қабылдауда. Олардың арасындағы 55 адамда қауіпті індеттің жеңіл түрі көрініс беріпті. Ал 156 науқаста бұл індет симптомсыз өтуде.
– Инфекциялық стационарда жұмыс істеуге №2 облыстық аурухананың 25 қызметкері жұмылдырылды. Олар –3 дәрігер, 16 орта және 6 кіші медицина қызметкері. Бұған қоса тағы қосымша 1 терапевт, 1 инфекционист пен 8 кіші медициналық қызметкер қажет, - деп ақпарат таратты өңірлік жедел штаб. –Сонымен бірге, стационарда жұмыс істеуге ТШО клиникасының 32 дәрігері мен 30 орта медициналық қызметкері тартылды.
– Қазіргі уақытта стационарларда науқастармен байланыста болған 2000-нан астам адам карантинде жатыр. Эпидемиологтар науқастарды оқшаулау жұмыстарын жүргізуде. Карантиндік шаралар уақытында енгізілмей, блокпосттар дұрыс орнатылмаған кезде, эпидемиологиялық жағдай бақылаудан шығып, инфекция облыс орталығына таралуы мүмкін еді, - деп хабарлады жедел штабтан.
«ПТШО» вахталық кентінің аумағында анализдерді жинап, өңдеумен Ұлттық сараптама орталығының Атырау облысы бойынша филиалы, «Олимп» және облыстық обаға қарсы күрес станциясының мобилді зертханасы айналысып жатыр. Енді кен орнында республикалық Ұлттық сараптама орталығының зертханасының мамандары да іске кіріседі.