Таным • 20 Мамыр, 2020

Алапат аштық, сұм соғыс өмірін қиды қаншаның...

1096 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

«Мен ішпеген у бар ма?» деп Абай хакім айтқандай, қазақ ішпеген у бар ма? Өзінің топырағын басып жүрсе де өзгеге тоналды, қынадай қырылып, азшылыққа ұрынды. Осы сөздерімізге тұздық болатын қолымыздағы Талас Омарбековтің «Ашаршылық», Көшім Есмағамбетовтің «Түркіс­тандық әскери тұтқындар» («Арыс» баспасы шығарған) кітап­тары еді. «Ашаршылық» – жүз бет­ке жете қоймайтын шағын дүние. Бірақ онда қамтылған қасі­реттің салмағы қорғасындай зілмауыр. «Сайрай жөнелетін» сандар мен жер бетіндегі тозақ отына шарпылғандардың сөзі үрейіңді ұшырады. Халықты жұттан бұрын жұтату үшін кәсі­бін жойып, нәсібінен айырған екен. Мұндай арамза тәсілді бір замандары мұхиттың арғы жағын­­дағы америкалық байырғы үндістерге ашкөзденіп барған басқын­шылар­дың қолданғаны тарихтан мәлім.

Алапат аштық, сұм соғыс өмірін қиды қаншаның...

Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбай, EQ

Зымияндық пен жасалған сондай сойқан іс халықтың қабырғасын қа­қыратып, есін аударып бара жатқанда ұлтым құрдымға кетіп барады деп, шыбын жандары шырқырап, ата та­рихқа «Алтаудың хаты» болып енген: Ғарифолла Ысқақов, Ілияс Қабылов, Жүсіпбек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Оразалы Жандосов (Ораз Жандосовтың інісі), Ғаббас Тоғжанов Сталинге хат жазып, ақиқатты алдына тартады. 4 млн 800 мың адамды қамтып отырған 826 мың қазақ шаруашылығынан 1932 жылы 450 мыңы қалып, 2 млн 25 мың қазақтың қалт-құлт еткен тірлігінен хабардар етеді. Қазақ ша­руашылығының бәрі бірдей көшіп жүрмеген, 120 мың қожалық өз сатымен отырықшылдықта өмір сүріп келгенін нақты дәйектермен алдына тартады. Мысалы, сол тұста атажұртымызда 5 млн 873 адам болса, оның 4,5 млн астамы өз бауырларымыз екен. 40 млн малдан бар қалғаны – 4 млн. Биліктің сойылын сүйреген жандайшаптар мұны халықтың өзінен көріп, жала жауып, «жыртқыш» деу­ге дейін барған.

Ауылдағы қазақ халқының саны – 1930-1933 жылдардағы ашаршылықта 3 млн 379,5 мың адамға азайған. Бұл арада аштықтан көз жұмғандар мен шетелдерге жан сауғалап қашқандарды да қоса есептегенін еске сала кетелік. Жазықсыз халықтың қынадай қырылуына шолақ белсенділердің, өзге де шаш ал десе, басқа жүгіретіндердің қосқан «үлесі» болмай қоймаған. Жалпы, ол кезде ауылдың тірегі негізінен өз бауырларымыз болғаны мәлім. Қаладағы жұртымыз 8 пайызды ғана құраған.

Осындай азалы қазақ қасіретінің ақи­қатын алғаш жария етіп, мәселе етіп көтерген Тұрар Рысқұлов еншісінде екені мәлім. Сталинге белгілі болғаннан кейін – себебі айтылып, салдары айқындала бастайды. Қазақтың табиғатына мүлде келмейтін тірлікті күштеп таңып, күн көріп отырған кәсібінің берекесін ұшырып, өрісін тарылтып, қонысынан аударып, кедейді байға қарсы қойып, әп-әдемі құрылған кооперативтердің тас-талқанын шығарып, зорлықпен колхоздар ұйымдастырып, жасанды түрде елді индустрияландыру идеясын тықпалап, қазақ шаруаларының өнімін тартып алып тақырда қалдыру – бұл ұлтты естен тандыру болғаны кітапта шы­найы деректермен баяндалған. Ондай сұмдықтарға жоғарыдан жел соқса бо­ранға жалғастырып жіберетін өзіміздің шолақ белсенділердің де септескеніне дәйектер молынан келтірілген.

Әсіресе Ә.Бөкейханов бастаған ұлт арыс­тары мен орыс оқымыстысы С.Шве­цов ұсынған қазақ қожалықтарын сақтай отырып, дәстүрлі ұлттық кәсібінен бір­тіндеп жаңа кәсіпке бейімдеу жөнін­дегі ұсыныстардың да аяқ астында қал­ғанын көрсететін байламдар көп ойға қал­дырады. Саңлақтармен санасқанда, жел қуып желікпегенде миллиондаған күнәсіз жан жарық дүниенің сәулесін сіміріп, Жер-Ананың бір түйір дәнін тіске басып, бардың дәмін татып, жер басып жүрер еді-ау, артына ұрпақ қалдырар еді дейсің. Бірақ бейкүнә жұртты ниеті қараулар бау­дай түсірді.

Малы мен жанынан, дәстүрлі ұлттық кәсібінен айырып, кең даласындағы қа­зынасына қасқырдай тиіп, титықтатқан тоталитарлық зорлық-зомбылықтың залалын айтудай айтқанына, тобырлық түйсіксіз санадан аулақ, ойы озық зиялылар бұған іштей де, сырттай да қарсылық танытқанына кітапты парақтап отырғанда көз жеткізесің. Кәсібінен айыру халықты қал­жыратпай қойсын ба, тіршілігін біржола тындырып, қайыршылық халге түсіпті.Тіпті қисапсыз қырғынға ұшы­ратыпты.

Сөзіміз құрғақ болмас үшін дәйек­­ке жүгінелік. Ол дәйекті қазақ жақсы­лары ғана емес, өзге ұлт өкілдері де таз­дың басын тырнағандай етіп айт­қан. Мысалы, профессор Вернер: «Қа­зіргі қазақ қожалығы қоршаған таби­ғатқа бейімделгені сондай, оған то­лық сәйкес келеді, сондықтан да қа­зіргі жағдайда ол ең өнімді ретінде ба­ғалануға тиіс», десе тағы бір профессор Швецов: «Қазақстандағы көшпелі тұр­мысты құртып жіберу далалық мал шаруашылығын және қазақтар қо­жалықтарын жойып жіберу ғана емес, даланы сусыз, елсіз жапанға айналдыру да болып шығар еді», депті. Ал қа­зақтың ұлтым деген ұлы тұлғасы Ә.Ермеков: «Қазақ даласының табиғат жағдайын және халықтың тығыздығын ескере келе, өз аяғынан жайылатын мал шаруашылығы байырғы халықтың әлі де ұзақ мерзімдік негізгі кәсібі болып қала береді деп батыл айтуға болады... Сондықтан да мәдениет пен өр­кениеттіліктің мүддесі үшін жуық арада даланы отырықшыл және егінші ету қажет деген ой мен әуестену керек те емес. Швейцарияның, Нормандияның, Аргентинаның және Аустралияның мысалы осыны жақтайды», депті. Сол секілді Е.Тимофеев: «...көшпелі шаруашылық – экономиканың ең жоғарғы жетістігі. Оны құрту керек емес, керісінше, ынталанды­ру және егер мүмкін болса, өркендету ке­рек», дейді. Осының өзінен-ақ қазақ же­рінің қашанда жансақтаудың алтын арқауы болғанын, бола да беретініне кімнің күмәні бар дейсіз. Жүз жылдан кейін де сол қазақ жеріне, заманға қарай қазақ ауылдарын өркендету мәселесі күн тәртібіне батыл қойыла бастады. Бұл асыраушымыз жер екенін аңғартса керек. Мұны бар қазақ түсінсе, жер деп жалаңдағандардан оны қорғай алсақ, әлемде өз орнымыз тағы бір қырынан айқындала берері хақ. Өзге байлықтың жай-жапсары қазірдің өзінде ақырындап айтыла бастады. Ол елдің әлеуетін уа­қытша көтергенмен, экологиясына зиян келтіріп, қасиетті қара топырағын уға бөктіріп бара жатқанын несін жасырамыз.

Тағы қайталап айтамыз, солақай сая­саттың кесірінен қазақ саны 3 млн 379,5 адамға кеміген. Адам тағдыры осылай болғанда сол адамға әл беретін, яғни ішсе тамақ, кисе киім болған мал басы да құрдымға кетіпті. 40 млн-ға жуық малдан 1933 жылы 4 млн ғана қалғанын, ұялған тек тұрмастың керімен үстем күштер өз­дерінен бар пәлені халыққа итере салып, «малды жыртқыштықпен қырудан және кулактар мен байлардың сатып жібе­руінен» іздейді. Биліктің бишігін ұстағандар қашанда өздерін осылайша таза көрінуге тырысатыны несі? Бірақ тарих таразысы теңшей келе, ақ пен қараны ашып көрсетпей қоймайды екен. Оны тәуелсіздік алған жылдар ішінде айқын аңғардық, көзіміз жетті, зұлымдықтың ешкімді аямайтынына құбыла беретін көңіл де біржола иланды.

Бұл кітапта отырықшылықты сылтау етіп қазақ жеріндегі жұртты жүндей түтіп жұтатып, жерді босату ниетінде бол­ғандардың тағы бір төбе шашыңды тік тұрғызатын сұрқай істерінен мағлұмат беретін, яғни сол аштық алапатын көрген, қасіретін бастан кешірген жандардың естеліктері еді. Оқуға ауыр тисе де көз жүгіртіп көрелік.

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы­ның тұрғыны Дәнеткер Шотбаева би­ліктегілердің солақай нұсқауынан көр­ген зорлықтарын айта келіп, «Жұмыс істегендерге қасықтап дән беретін. Колхоз бір килограмм астық берсе, оның жартысын басқарма, белсенділер алып қалатын. Үкімет ешқандай көмек берген жоқ. Үш жыл шөптің басын, жантақтың сөгін, шеңгелдің қоңырауын жедік. Өз баласын өзі суға тастағанды көрдік, ал адам жеді дегенді естігеніміз болмаса, көргеніміз жоқ. Адам өліп жатса қара­майтын, өз басын ғана ойлайтын...» күй­ге жеткенін тілге тиек етсе, бұрынғы Се­мей облысы, Жарма ауданы, Қаратөбе ауы­лының тұрғыны Н.Русанов «1933 жыл­дың көктемінде нағыз ашаршылық бас­талды. Қыстың ортасында, көктемге қарай аштықтан адамдар күнделікті өле бастады. Біздің отбасымыздағы 10 адамнан тек 5-і ғана қыстан аман шықты. Бірнеше айдың ішінде ауыл тұрғындарының жартысына жуығы қаза болды... көбі қалаға кетіп, көздеген жеріне жете алмай, жолда қырылғандар көп болды», дейді. Сол об­лыстың Ақсуат өңірінде тұратын Несіп­жамал Шыныбаева: «Біз бәрін де көрдік, Ұржар толы өлік, тіпті ешкім де көшіп үлгермейтін, жол бойы өлік, қан саситын», десе тағы бір ақсуаттық Жарғатай Рах­метолдинның айтуынша: «30-шы жыл­дары астық жөнді шықпады, мал жоқ, ел нансыз қалды, қарамияның басын қуырып, шай қылды. Қырда сарала тышқан болды, соны асып жеді. Жақан деген кісі қырдан екі тышқан әкеп, соны кешке асып жеген еді. Келесі күні үй-ішімен қырылып қалыпты. Сөйтсе елдің ай­туынша, ол улы тышқан екен. Қырық жылғы тулақты қайнатып та жегендер болды, жібімейді екен... Өліп жатқан адамның тәнін апарып көмген болады, оны таңертең ит жеп қойғанын көресің. Ит пен мысықты жеу өте көп болды», дейді.

Жамбыл облысының М.Райқұлов деген азаматы: «Малды өкімет құртты. Жұт жеті ағайынды дегендей, сол жылдары түрлі ауру да кеңінен етек алды. Әсі­ресе сүзектен жас балалар баудай түсті. Әулиеатаның шаңдақ көшелерінде, әсі­ресе Атшабардың ұн базарында шұбы­рып жүрген аш, жалаңаш адам көптеп кездесетін. Олардың түріне қарау өте қорқынышты еді. Ашаршылықтың осы құрбандарының арасында тепсе темір үзетін жас жігіттер мен қырмызы қыз-ке­лін­шектер де көп еді. Өлім мен өмірді таластырып, жан ұшырып, қалаға жолға шыққандар жол-жөнекей қырылды. Өлгендердің бетін топырақпен жабуға ешкімнің де шамасы келген жоқ. «Аштан өлген адамның моласы жоқ», деп өл­ген­дердің үстінен аттап өтіп жатты. Аш­тықтың қармағына ертерек ілінгендер түтін шыққан үйді аңдитын болды. Есігін ашпағандардың есігін бұзып, терезесін қиратып кіріп, талап жеп кетушілер де көп болды. Қарға, сауысқан, торғайға дейін ештеңе қалған жоқ. Садақпен атып, тұзақпен ұстап, талғажау қылды», десе, маңғыстаулық Жиенбай Ұзақбаев деген ақсақал: «Аштықтан адамдардың отқа тышқан көміп жеп, түлкінің етін жіліктеп, тұздап күн көргендері сол жылдар. «Жаужұмыр жақсы болса ит жемес пе еді» деген сөз бар. Бұл сол бір аштық жылдары шыққан мәтел. Жаужұмыр атты жабайы шөп тамырын талғап жеп, аяқ-қолдары іскендерді көргендердің айтқаны. Әрине сол жаужұмыр екеш жаужұмыр, мондалақ, көсік, жуа да кез келген жерге өсе бермейді. Оны қазып алар қауқар керек еді», дейді.

Міне, кешегі қазақтың көрген қасіреті. Осындайда бүгінгі қазақы тірлікке Ал­ла шарапатын шаша берсін дейсің. Тек өткеннен сабақ алып, тәубемізден жа­ңылмай жүрсек екен.

Осы ащы ақиқатты Мәскеудегі билік қа­лай бұрмалап көрсетті дегенге келсек, олар сол жылдардағы құрғақшылықты сылтау етіп, қолдан жасалғанын бүр­кемелеу үшін бар пәлені байларға жауып, қазақтың құнтсыздығынан деп, сөй­те тұрып, сол ашаршылық жылдары жер­гілікті жердегілердің есептеуінше бір жылда халық саны 971,6 мыңға азай­ғанын көрсетсе, сол ашаршылық ал­қымнан алып тұрғанда қияндағы Мәскеу билігі Қазақстан халқы 960,6 мың адамға көбейгенін «есептеп» шығарып, елдің дамуы ерекше дегенді алға тартыпты. 49 пайыз қазақ халқының жермен жексен болғанын бүгіп қалыпты.

Шағын кітапшада ұлтымыздың ұтыл­ған тұсы, жұтылған жері тайға басқандай көрсетілген. Әр жылы атап өтілетін қу­ғын-сүргін құрбандарын еске алу кү­нінде ғана емес, бұған сәт сайын оралып, ақиқатты анықтау арқылы ұлттың көр­ген қасіретін тарих бетіне түсіру арқылы да кейінгінің танып, біліп жаза баспауына жол ашар едік деген ойдамыз. Төрткүл дүниеге қарап отырсаң осындай қилы кезеңдерін әр жылы атап, куә көне көздерін сөйлетіп, алапаттың ақиқатын айтқызып, оны таспаға түсіріп, кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдыру ісін дәстүрге айналдырған. Оған бір ғана дәлел, холокост қасіретін айтуға болады.

Екінші дүниежүзілік делінетін сұ­ра­пыл соғыс та миллиондаған адамдар­ды жалмады. Соның ішінде концла­гер­лердегі сұмдықты баяндайтын, сөз басында айтқан Көшім Есмағамбетовтің «Түр­­кістандық әскери тұтқындар» кіта­бындағы қатыгездікке толы дерек­тер­ де құйқа тамырыңды шымырлатады. Әсіресе тұт­қынға түскен түркіс­тан­дықтардың үштен екісі опат болған екен. Аталған жинақта неміс тұтқын лагерінен аман қалып, бірақ ста­линдік түрмеде мерт болған  түркі жұр­тының 4500 өкілі, оның ішінде 1500 қазақ­тың асыл аза­маттарының тізімі берілген. Бірден айтайық, бұл тізімдегілер бұрын-соңды еш жерде аталмаған, хабарсыз кеткендер қатарында болғандар. Алғаш рет жарияланып отырғанын назарға сала кетелік.

Бұларға алғаш рет қолұшын берген, жүздескен ұлт арысы Мұстафа Шоқай екені белгілі. Сол тұтқынға түскен қан­дас­тарымыздың бір жапырақ қағазға, не газет қиындысына өз қолдарымен араб, латын, орыс қарпінде жазып, М.Шоқайға ұстатқандардың кейбірінің аты-жөнін атай кетелік: Аты­ғай Бегімұлы, Мәжит Әлжаппарұлы: «Не жұмыс болса да қолымыздан келеді, 4 клас­ты жәдидше оқығанбыз. Ең болмаса тамағымызды асырайтын жерге жібе­ріңіз», дейді. Ал Бекбауыл Әбішұлы (Алматы облысының Жаркент ауданын­да мұғалім болған): «Менің сізден сұ­рай­тыным маған бір жұмыс жағын қа­растырсаңыз», десе, Қайырден Баймағанбетов: «Мен өзім орысша, арабша, латынша жаза, оқи білемін. Ұлтым – қазақ. Орта мектепті бітіріп, мұғалім болып істедім. Жасым – 23-те. Қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын», дейді. Ал Елеусін Ахметұлы (Орал об­лысының Жәнібек ауданынан): «1916 жылы туғанмын. Арабша, латынша және орысша сауаттымын. 13.IX.41», сол секілді Сұлтанұлы, Нұрбайұлы, Аң­шыбайұлы: «Біздер, яғни өзіңіздің бауырлас қазақ балалары, жалынышты сөздерімізді айтып, өтініш етеміз. Осы қазақ арасынан жұмысқа адам алсаңыздар, бізді есіңізге аларсыз. 4-группаданбыз. 14.IX.41», Бекарыстан баласы Әзберген: «Туысқаным, ағай, Мұсеке! Көке, мені алып кет», Қабден Ихсанов, Бияш Төралиев: «Комбайыншымыз, мал бағамыз, қа­ра жұмыстың қандайы да қолымыздан ке­леді», Әмірбек Жанабеков (22 жаста): «Шымкент облысының Сайрам ауданынанмын. Бір қызмет іздестіремін», Сейіт Есмұрзаев (Қызылордадан): «Ініңізбін, көз қырын салыңыз», дейді.

Тұтқындармен бір тілдесіп қалғанда М.Шоқайға Әбсадықов есім­ді азамат: «Мен сіз туралы «Азамат соғысы­ның тарихы» деген кітаптан оқығанмын. Мен Есқараев Сүлеймен мен Жүргенов Темірбектің жақын туысқанымын... Сіз – ұлы есімдісіз және сізбен кездесуді үлкен бақыт деп есептеймін», десе, қазалылық Деменбай Ақшаұлы (жасы 25-те): «Әкем бай болған, 29-жыл сотталған. Кәмпеске болып, содан қайда кеткені белгісіз. Өзім – мал маманымын. «Әкең бай болды», – деп 38 жылы 10 ай түрмеде ұстады. Армия қатарына 1940 жылы алындым» депті.

Тұтқындардың зар мұңы кітаптың өн бойында осылай жалғасып кете береді. М.Шоқайдай ұлт арысының лагерьдегі қандастарымен жүздесіп, осындай мол дерек қалдыруының өзі неге тұрады.

Тұтқынға еріксіз түскендер соғыс біт­кеннен кейін елге жетуге асығады, бірақ Сталиннің «Бізде тұтқындар жоқ, сатқындар бар» деген зұлым сөзі талай азаматтың түрме азабын тартуына әкелді. Тіпті біразы содан сескеніп атажұртына емес, шетке кеткені тарихта мәлім. Елге оралған 19 қазақ РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабымен сотталып кете бар­ды. Олардың қатарында ақын-жа­зушы Хамза Абдуллин, Мәулікеш Қай­балдин, Хакім Тыныбаев, тағы басқалар бар еді. Кітаптағы мына бір деректі де алға тартайық. Қазақ қайда жүрсе де та­лантымен танылған екен. 1944 жыл­дың 10 мамыр күні Аустрия астанасы Вена қаласында Вена опера және ба­лет театрында Қази Қазыбековтің «Ұлы адамның арманы» атты Сырым Дат­ұлына арналған спектаклі қойылады. Сырым рөлінде әнші Мұхамбетқали Батыр­гереев ойнайды. Сахналаған Мәжит Жақ­сылықов болса, музыкасын Вена консер­ваториясында оқып жүрген Ғалым Абсалямов пен «Түркістан легионы» көркемөнер үйірмесінің жетекшісі, айтулы Әйткеш Толғанбаев жазыпты. Мұндай мәліметтерден алар тағылым аз болмаса керек.

Тұтқындарға жасалған зұлымдық­тардан да мысал келтіре кетейік. Алматы облысының Тескенсу ауылының тұрғыны Жанай Қиқымбаев: «Лагерьде неміс айуан­дықтарының бірнеше рет куәсі болдым. Олар жазалаудың ең қатыгез, әккі түрлерін қолданды: ұрды-соқты, адам төзгісіз жағдайда ұстады. Күн сайын адамдар аштықтан, сүзектен өліп жатты. Оларды әрқайсысы биіктігі үш метр, ұзындығы жүз метр шұңқырларда бірге жерледі», десе, көп нәрсеге куә болған Мұс­тафа Шоқайдың да мына бір сөзін келтіре кетелік: «Лагерь тәртібінен сәл-пәл жалтарғаны үшін тұтқындар соққыға жығылды, атып салу да дағдылы жайға айналды», дейді.

М.Шоқай келтірген тағы бір дәйекке көз жіберсек: «Түркістандықтар арасын­да жер аударылғандардың балалары немесе атылып кеткен «буржуйлар мен кулак­тардың» туыстары көп кездеседі. Олар, бұл жас адамдар, кеңес өкіметі үшін және жат отан үшін шынында да соғыспаған болу керек», деп ой түйін­дейді де, Н.Хажиахметұлы әке­сі­нің түрмеде өлг­енін, өзінің 12 жа­сын­да жетім қалғанын айт­қанын, сол сияқты З.Созақбайұлының әкесі болыс ретінде 10 жылға сотталғанын, 21 жастағы А.Әбілдаұлының әкесі сотталып, «болыс баласы» деп көп қор­лық көргенін, жұмыссыз қаңғығанын жеткізіпті. Ә.Сұлтанқұловтың әкесі де қуғынға түскенін, жоғары оқу орнына ауқаттының баласы деп қабылдамағанын айтса, Х.Тұрғамбайұлы әкесі орташа болса да колхозға жолатпай, шеттеткенін жет­кізіпті.

Сонымен шағын екі кітаптағы «қай­мағы» бес батпан қалың қасірет, яғни ұлтымыздың аштық жылдарындағы қызыл қырғынға ұшырауы, сұрапыл соғыста түркі ұлдарының жазықсыз жапа шегіп, тамұқта еріксіз езілгені нақты дәйектермен баяндалған. Екі кітаптың да ұлт тарихына қосары мол.