Қарапайым халықты қауіпті індеттен құтқару, оларды қолдау мақсатында көпшілік қолдан келген көмектерін де ұйымдастырған еді. Тіпті жомарт жандардың қолдауымен карантин кезінде көпшілікке азық-түлік таратылып, тұрғындар қажетті тауарлармен де қамтылуда. Мұның бәрі де халқымыздың қайырымдылық қағидаттарына берік, көмек қолын созуға бейім екенін көрсетеді.
Көпшілікті коронавирус індетінен қорғау жұмысына тараздық қыз-келіншектер де өзіндік үлесін қосқан болатын. Тараздық 30 қыз-келіншек медициналық маска тігуге тегін атсалысып, нәтижесінде олар 10 мыңға жуық бетперде тіккен. Олар қала тұрғындарына тегін таратылып берілген еді. Бұл сынақ та халқымыздың әрдайым бірлікте екенін көрсетті. Қыз-келіншектердің бұл бастамасын көне шаһар тұрғындары да қуана қолдаған болатын. Еңбек ескеріліп, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып, төтенше жағдай кезінде тегін медициналық маска тігуге атсалысқан аруларға алғыс білдірді. Әкімнің Алғыс хатын қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова әрбір қыз-келіншектің үйіне барып, табыстады. Ал тараздық нәзік жандылар қала әкіміне ризашылығын білдіре келіп, осындай қиын кезеңде көпшілікке қолдан келген көмегін беру әрбір азаматтың борышы екенін жеткізді.
Жамбыл облысы