Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының хабарлауынша, бюджеттен бөлінген қаржыдан 1,7 млрд теңге стационарларға, 3,7 млрд теңге консультациялық-диагностикалық» қызметтер көрсететін емханаларға бағытталған. Осы медициналық ұйымдарда емделушілер ПТР-тестен тегін өтеді. Атап айтқанда, COVID-19-ға күдікті провизорлық стационарға жатқызылғандар, ЖРВИ және пневмония симптомдары бар азаматтар, коронавирус жұқтырғандармен жақын байланыста болған адамдар, стационарға жоспарлы емдеуге жатқызылатын пациенттер, тыныс алу органдарының, эндокриндік және жүрек-қан тамыр жүйелерінің ауруларымен динамикалық бақылаудағы 50 жастан асқан пациенттер, шетелден келгендер, коронавирустың алдын алу шараларына тартылған Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері тегін тапсыра алады.
Ал өңірлердегі тестілердің қажетті санын жергілікті атқарушы органдар айқындайтын болады. Бүгінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры COVID-19-ға зерттеу жүргізетін 600-ден астам медициналық ұйымдармен келісімшарттар жасаған.
Тегін тестілеуді Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығы» да жүргізді. Ал бұл санаттағыларға үй карантиніндегілермен байланыста болғандар, арнайы жасақтар (респираторлық симптомдары бар және жұқтыру қаупі жоғары медицина қызметкерлері; эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын мемлекеттік органдардың қызметкерлері; қарттар үйлеріндегі, интернаттық және өзге де мамандандырылған ұйымдардағы адамдар) және әскерге шақырылушылар жатады.