Осы тұста қала ортасындағы жайлы жерге қолбасшы Әмір ибн Ас мешіт құрылысын жүргізе бастайды. Ол жер бұрын ұлты яһуди адамның иелігінде болған екен. Жерінен айырылған адам әділдік іздеп Мединадағы мүміндер әміршісі Омар ибн Хаттабқа келеді.
Бұл кезде мұсылмандардың тасы өрге домалап, халифаның атағы жеп жарып тұрған заман. Шағымданушы қалаға келіп, әуелі патша ордасын іздейді. Ешқандай сарай жоқ. «Жарты әлемді жаулап алған мұсылмандар әміршісінің сарайы болмауы мүмкін емес». Осылай әрі-сәрі күйге түскен жойт бауыр жолай ұшырасқан бір мұсылманнан.
– Патшаның сарайы қайда?- деп сұрайды. Ана адам «Мәдинада патша сарайы болған емес» деп жолаушыға таңдана қарап жөніне кетеді. Мән-жайды дұрыс түсіндіре алмаған болармын деп топшылаған жолаушы келесі біреуден:
– Халифа Омардың үйі қайда, - деп сұрайды. Ана кісі алыстан келген қонақты жетелеп әкеліп, жұпыны қара балшық тамды нұсқап «Міне, мынау халифаның үйі» дейді де ол да жөніне кетеді. «Әлем әміршісі мұндай үйде тұруы мүмкін бе?». Әбден есі шыққан яһуди имене басып табалдырық атайды. Қызметші құлдан «Халифа Омардың үйі осы ма?» деп сұрайды.
– Қош келіпсіз қонағым, патшамыз Омардың үйі осы. Не шаруамен келдіңіз?
– Әділдік іздеп келдім.
– Олай болса күтіңіз, болмаса ол кісі анау бір шеттегі құрма бағында ағаш отырғызып жүр, барып жолығуыңзға болады.
«Атақшы патша қара жұмыс істейтін болғаны ма?». Таңданыс пен толғанысқа шырмалған жойт бауыр бақшаға келеді. Адам көрінбейді. Тек аласа ағаштың түбінде үстіне жыртық шекпен киген бір адам демалып отыр. Қасына барады.
– Мен мүміндер әміршісі Омарды іздеп жүр едім...
– Іздеген адамыңыз менмін шаруаңызды айтыңыз?
Мысырлық қонақ мұсылмандар әскерінің басшысы Әмір ибн Ас өзіне әділетсіздік жасағанын, иелігіндегі жеріне келісімін алмай мешіт тұрғызып жатқанын айтып шағымданады. Омар ойланып отырып, «саған хат жазып берем соны Ибн Асқа бер» дейді. Жөпелдемеде қағаз табыла қойсын ба, Омар топыраққа көміліп жатқан қойдың қуарған жауырынын алып оған екі ауыз сөз жазып қонақтың қолына ұстатады.
Оқиғаның мән-жайын әлі түсінбеген шағымданушы «бұлардың мені мазақ етуін қарашы, әділдік сұрап келсем, қолыма қу жауырын ұстатып қоя берді», - деп неше рет жауырынды лақтырып жіберуге оқталады да, сабыр сақтайды. Сөйтіп, жауырын-хатты алып Ибн Асқа келеді. Қолбасшы ат үстінде салынып жатқан мешітің қасында тұр екен. Оған жауырынды ұстатады да хатты оған Омар бергенін айтады. Хаттағы екі сөзді оқыған Әмірдің түсі бұзылып, есінен танып аттан ауып түседі. Есін жиған соң мысырлықтан кешірім сұрап, аяқталуға шақ қалған мешітті дереу бұзыңдар деп жарлық береді. «Жеріңізді босатып берейін тек ренжімеңіз», - дейді Ибн Ас.
–Тоқта, Ибн Ас бауырым, сен маған мынаны түсіндір әуелі, қолыңдағы жауырында сен талып қалатындай не сөз жазылған, - дейді мысырлық. Әмір ибн Ас әуелі Алладан кешірім сұрап алып, айтқаны:
–Ертеде ислам келмей тұрғанда Омар екеуміз парсылар еліне барып, араб жылқыларын сатушы едік. Бір жолы патшаның туысқаны біздің аттарымызды алдап алып, ақшасын бермей қойды. Осылай қатты қиналып тұрғанымызда біз жатқан қонақ үйдің иесі мән-жайды біліп «Сендер Мушауран патшаға жолығыңдар. Ол кісі әр сәрсенбі күні адамдарды қабылдайды, барып шағым айтыңдар, ол әділетті адам», - деді. Сәрсенбіде тілмаш жалдап патшаға барып мән-жайды баяндадық. Патша бізге бір уыс ақша ұстатып шығарып салды. Әділдігі осы ма деп қатты қапаландық. Берген ақшасы үпі-тәпі жолымызға ғана жететін еді. Біздің жайға қаныққан қонақ үйдің иесі «мұнда бір гәп бар, күтіңдер келесі сәрсенбіде сендерді өзім бастап барам» деді. Бардық. Барлық шындық бүкпесіз айтылды. Патша басын шайқады. Сөйтсек алдыңғы тілмәшіміз «мына екі араб еліне жете алмай ақша сұрайды», - деп өтірік айтқан екен. Бұл да сол жылқылардан үлесі бар адам екен. Машаруан дереу ана екеуін тергеуге алып, бізді бір апта сарайында қонақ етіп, ақшамызды артығымен беріп шығарып салды. Кетерімізде екеумізге бір шарт қойды. Бірің шығыс, екіншің батыс қақпадан шығыңдар. Сөйтсек, батыс қақпада әлгі бізден жылқы тартып алған туысының, шығыс қақпада алаяқ тілмаштың басы ілулі тұр екен...
Осыны айтып Әмір ибн Ас үнсіз тұнжырап отырып қалады. Тыңдап отырған яһуди бауыр «бұл оқиғамен мына хаттың қандай байланысы бар», - деп сұрайды.
– Әрине, үлкен байланысы бар, - дейді Әмір хатта «Мен Мушаураннан да әділмін», - деп жазылған екен.
Осыдан соң оқиға барысын түсінген мысырлық иелігіндегі жерге салынып жатқан мешітті бұздырмай, өзі де мұсылмандықты қабылдаған екен, - делінген бізге жеткен руаятта.
Мешіт бұзылмай толық салынады. Кейін мұсылмандар оны «Әмір ибн Ас» мешіті атап кетті. Бұл құлшылық үйі Африка құрлығында бой көтерген алғашқы мешіт ретінде тарихта қалып, аман-есен бүгінге жетіп отыр (суретте).