Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Алматы облысы: Көксу қант зауытының жұмысы жанданады

230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Алматы облысының Ақсу және Көксу аудандарындағы екі қант зауыты маусымдық жұмысты сәтті өткізіп, 51 000 тонна таза қант өндірген болатын.

Алматы облысы: Көксу қант зауытының жұмысы жанданады

Биыл зауыттардың мүмкіндігін одан әрі арттырып, дайын өнім көлемін 58 000 тоннаға дейін жеткізу жоспарда тұр. Қант өндірісіне қажетті тәтті түбір егістігінің көлемі де көбейіп, 16 100 гектарды құрады.

Қазір зауыттарды жаңа жұмыс маусымына дайындау жүріп жатыр. Мәселен, Көксу қант зауытындағы жаңғырту жұмысы 20-сәуірде басталыпты. Өндірістің 8 цехында 170 адам өңдеу желісінің негізгі тораптарына ағымдағы жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарына қызу кіріскен екен. Барлық шаруа қыркүйек айына дейін толықтай тиянақталып, зауыт биылғы тәтті түбір өнімін қабылдауға сақадай-сай болмақшы.

- Жалпы қант қызылшасын қабылдау пункттері мен зауыттың ішкі жөндеу жұмысы 15 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс. Ол үшін қаржылық мүмкіндіктер де, еңбек ресурстары да жеткілікті. Қазір 170 адам жұмыспен қамтылды. Олар өндірістік тораптарды ағымдағы жөндеуден өткізеді. Сол сияқты осы маусымда зауыт қамыстан қант өңдейтін жаңа желінің құрылысын аяқтап, іске қоспақ, - дейді Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.

Айтпақшы, өткен жылы осы Көксу қант зауытын 260 000 тонна шикізат өңдеп, 32 мың тонна қант алған. Ал биыл өңдейтін қызылша көлемін 285 мың тоннаға дейін арттырып, таза қант өндірісін 38 мың тоннаға жеткізуді мақсат етіп отыр.