Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Қарағанды облысы: COVID-19 жұқтырғандардың саны 300 адамға жетті

148 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Карантин босаңсығанға жұрт коронавирус кетті деп ойлап жүрген шығар. Мүлде олай емес. Індет өзінің шарықтау шегіне жетіп, енді құлдырайтын шығар десек, бұл пәлекет басқа шауып, төске өрлеп барады.

Қарағанды облысы: COVID-19 жұқтырғандардың саны 300 адамға жетті

Кеше ғана жеті адам жазылып шықты деп қуанып отыр едік, бүгін облыс әкімінің баспасөз қызметі Қарағанды облысында тағы да 13 адамға COVID-19 пандемиясының жұққанын хабарлады.

Ауырғандардың басым бөлігі Теміртау қаласынан. 1963, 1978, 1981, 1992 жылдары дүниеге келген төрт ер адам, 1976, 1983, 1993 жылдары туған үш әйел және алты жастағы бала дертке шалдықты.

ПТР-зерттеу диагнозын растаған пациенттер қатарында төрт қарағандылық бар. Олар 1967, 1976 жылдары туған екі ер адам, 1990 жылғы  әйел және бір жастағы бала. Сондай-ақ Саран қаласында тұратын 1963 жылғы әйел де инфекциялық ауруханаға жатқызылды.

Қазіргі уақытта науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Оларға қатысты бекітілген хаттамаға сәйкес емдеу жүргізіледі.

20 мамырдағы жағдай бойынша, Қарағанды облысында 300 адамның КВИ жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Оның ішінде үш пациент пандемиядан  қайтыс болды және 163 адам жазылып, үй карантиніне шығарылды.