Әдебиет • 22 Мамыр, 2020

Толстой тәмсілі

556 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өз заманында Толстой ақсақал: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті көркем нәрселерге бару да бірте-бірте тыйылуы мүмкін. Мақалалық дүниелермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін» деген екен. Бұл пайымның айтылғанына да, міне ғасырдан да ұзақ уақыт өтіпті. Әу баста бұны оқыған жұрт «Құдай сақтасындап», алғаусыз кәдік келтіргенмен, Толстой тәмсілі алысқа кетпепті.

Толстой тәмсілі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Бүгінгі сөз өнерінің һәм творчество адамының хал-қадірін бәріміз біліп, көріп жүрміз. Әде­биетте бұрынғыдай «алтын ғасыр­лық» көңіл күй болмаса да азды-көпті тәуір шығармалар жазылып жүр. Жалпы, әр замандағы әдебиеттің дамып, қарыштауына, әрине жазушы талантынан бөлек, сол қоғамның түрлі факторлары әсер етуі заңды құбылыс. Мәсе­лен, биліктің әдебиетке, халықтың сөз өнеріне көзқарасы, автор мен оқырман талғамы, аударма мәселесі, тағысын тағылар. Аталған осы факторлардың әде­биетке айтарлықтай әсері тиіп жат­қандығынан болар, қайбір жылдары айтыла бастаған «қазақ әдебиеті құлдырау кезе­ңінде» деген пікір әлі жалғасып келеді. Біз бұл ойды толықтай қол­дамаймыз: десек те бүгінгі қазақ әдебиетінің қарқыны ас­панға жете қойған жоқ, бірақ тіршіліксіз емес. Әлқисса.

Данышпан Толстой сонда­ қа­зір­­гідей технологияның оза шап­қан заман боларын һәм адам­зат рухани кедейленіп, кі­тап оқудың, творчествоның, әде­биеттің ескіліктің жұрнағына ай­налып, артта қаларын іші біліп айтса керек. Том-том роман туралы сөз қозғамаймыз, өйткені қазір оқырман қысқа әңгімелердің өзін әупіріммен оқиды. (Былайша айтқанда, қазір оқу – ең қиын жұмыс). Бірақ бұл жазушыларға да сылтау емес. Шығармашылық қуат жетсе, «Анна Каренинадай» 800 беттік (майда шрифтпен 800 бет, ал қазіргі шығып жатқан кітаптардың көлеміне салса, 1000-ның үстіне барады) көлемді роман неге жазбасқа?! Бәлки, жазылар...

Қоғамда қанша жазушы болса, сонша оқырман қалды. Бұл бүгінгі әдебиеттің ауа райына қатысты айтылған дәл сөз. Адамдардың жазуға, творчествоға қызығуы тіп­тен әлсірегенін осыдан байқай­мыз. (Оқырманның азаюы әлемде де өзекті мәселеге айналса да, Батыспен салыстырғанда қазақ әдебиетінде творчестволық жетістіктер әлдеқайда аз. Бірақ біз өзімізді ешкіммен салыстырмаймыз!) Мәселен, қазір бізге кітап оқығанның бәрі сұлу һәм қадірлі. Кітап о бастан мәдениеттің бас­тауы саналғандықтан, кітап оқу – мәдениеттің белгісі һәм кітап оқыған адам әрқашан мә­де­ниетті (деп сенеміз!). Ха­лық­­тың көп бөлігі оқудан алыс­тап, кенеттен біреу роман оқып отырған замандасын көре қалса, іш­тей таңғалатын дәрежеге жеткен­діктен, бүгін­де оқу – сирек кез­десетін қасиеттер­дің қата­ры­на жатады. (Мұндағы халық дегеніміз – газет-журнал­да істейтін сіз бен біз, яки әдеби ортадағы ағайын емес, жазуға мүлде қатысы жоқ, бас­қа салалардағы қалалық һәм ауыл­дық жұрт). Енді қарапайым кітап оқудың ахуалы осындай болғанда көркем әдебиеттің ау-жайын бағамдай беріңіз. Толстой ақсақал біздің бұл халімізді де тап басып танып айтыпты. Бұдан бөлек публицистік сарыны басым жазбалардың көркем әдебиетке таңылып жүргені һәм бұл үрдістің белең алып бара жатқаны тағы бар.

 

Сонымен...

Толстой айтқан тәмсілді қадари-халімізше тәпсірлегендей болдық. (Бет-жүзіне қалқып шығып тұрған ақиқат тәпсірлеуге де келмес, сірә...) Бүгінгі әңгімеміз қазақ әдебиетін әманда жоқтап жүретіндердің мақамына салынбаса керек-ті. Жазушылықтың қоғамда қадірі азайған уақытта творчествомен айналысып, заманауи қазақ прозасын жасап жүрген авторлар, байқасақ, соңғы кезде көбейіп келеді. Әрине классикалық шығарма әлі туған жоқ, десек те өзіндік стилі қалыптасқан жас прозаиктер тілі жұтаң демесеңіз, ауыр тақырыптарға барып-ақ жүр. Чеховтың қысқалық концепциясын ұстанған бүгінгі авторлар алдағы уақытта қазақ прозасындағы жақсылықтардан үміт күттіреді. Лайым, солай болсын дейміз.

Сөзіміздің соңын ала күні кеше ғана тырнақалды жинағы жарық көрген жас жазушы Есбол Нұрахметпен аз-кем әңгімелесуді жөн көрдік. Толстойдың тәмсілі тура келген мына заманда неге басқа сала емес, нақ жазушылыққа келгенін сұрағымыз келді.

 

Том-том романдар әлі жазылады

– Есбол, алдымен тұңғыш кітабың құтты болсын дейміз. Қазір кез келген мамандықты игеруге, тіпті шетелде оқуға да мүмкіндіктер бар. Неліктен жазушылықты таңдадың? Неге нейрохирург немесе экономист болмадың? Бүгінгідей оқырман азайған қоғамда дегенім ғой...

– Бала кезімде ең әуелі ғалым болғым келді: заттардың, материяның мәнін зерттегім келетін. Сол үшін де математика мен физиканы жақсы оқыдым. Бұған қоса әдебиет те қатты қызықтырды. Үнемі кітап оқып, оны қиялдап жүретін едік. Ауылда тәжірибе жасап, ғылыммен айналысуға мүмкіндік аз болды. Ал қалам мен қағаз әрқашан жеткілікті еді. Сол себептен жаза бастадым: өлең жаздым, Әуезовке еліктеп, шағын әңгімелер жаздым. Кейін Алматыға келген соң, мен оқыған мектепте, мүмкін тұтас білім жүйесі солай, баланы ғылымға баулитын, оның ішінде нақты жаратылыстық ғылымға үйрететін мүмкіндік атымен жоқ болды. Қазір де солай. Ал интернет пен орыс тілін университеттің соңғы курс­тарында бір-ақ меңгердік. Оның үстіне 2000-2015 жылдар – қазақ қоғамындағы әлдебір, мүмкін ұлттық ояну жылдары болды. Сол толқынның да әсері ме екен: көп сөйлегіміз, ақыл айтқымыз келіп тұратын болды. Солай-ақ жазушы боп кеткен секілдімін.

– «Тарақандар» деген әңгімең осы жылғы Оскар сый­лығын алған «Паразиттер» филь­міне аз-кем ұқсай­тындай...

– Аздап ұқсастық бар секілді. Әсіресе шығарманың атмосферасы жағынан. Бірақ бұл туралы оқырман айтсын, сыншылар айтсын. Менің қосарым: әлемде айтылмаған тың ой жоқ, егер тың ой айтылса, ол өткенде айтылған ескі ойдың жаңа түсіндірмесі. Себебі уақыт өткенмен адам бол­мысы өзгерген жоқ. Екінші жағынан, ортақ уақыт белдеуінде өмір сүріп жатқан екі халықтың ортақ түсініктері мен ортақ болмысы болуы заңдылық. Мен өз көргенімді жаздым, ол өз көргенін түсірді.

– Бүгінгі әңгімеміздің өзегі Толстойдың мына сөзі болды: «Келешекте жазушылар біз сияқты том-том шығармалар жазбауы мүмкін. Тіпті көркем нәрселерге бару да бірте-бірте тыйы­луы мүмкін. Мақалалық дүние­лермен шектеліп, соны әдебиет деп есептеп, сондай бағытқа ауып кетуі мүмкін». Толс­тойдың айтқан келешегіне тура келіп тұрғандаймыз. Қа­лай ойлайсың?

– Меніңше, әлі де сондай алып томдар жазылады. Және оны оқитын оқырман да жоғалмайды. Азаюы мүмкін. Бірақ дәл қазір ол кезең емес.

– Ақиқатында, Толстой сөзі­нің расқа айналмағанын біз де қалаймыз. Бірақ осы тұста реалист болу керек секілді...

– Иә, десек те мақала типтес дүниелерін әдебиет санап жүрген жазармандар аз емес. Және олар қатты оқылады. Соның өзінде таза әдебиет пен мақаланың арасын ажырата білетін есті оқырман әлі де жетерлік деп білемін.

– Есті оқырман көбейе берсін дейміз. Әңгімеңе рахмет.