Орамжапырақты қазақтың көп тұтына қоймайтынын жақсы білетін шаруаның көздегені солтүстіктегі көрші орыс еліне жеткізу болатын. Ерте пісетін көкөністердің жолына коронавирус та кедергі болды. Облыс әкімі Ө.Шөкеев Үкімет алдында көкөніске қатысты мәселе көтерген соң диқандарға блок-бекеттерден өту бойынша жеңілдіктер жасалған. Жол ашылғанымен көршілердің табиғи дәруменге деген тәбетінің деңгейі беймәлім еді. Жағдайдың былтырғыдай болмайтынын болжаған кей диқан алқаптағы өнімін тегін беруге дайын екенін де жария етті. Қайырымдылық ұйымдары арқылы өңірлерге жөнелтіп жатқандар да табылуда. Мысалы, Жетісай ауданынан 250 тоннаға жуық қырыққабат «Дегдар» қайырымдылық қоры арқылы еліміздегі барлық балалар үйіне және тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратылды. Мақтааралдықтарға қиын тұста көмек қолын созған азаматтарға алғыспен жауап қатуды азаматтық парызы санаған кәсіпкер Қанат Маратұлы 600 тонна қырыққабатты гуманитарлық көмекті алып келген өңірлердің жүк көліктеріне тегін тиеп беріп жіберді. Ал келесі бір кәсіпкер Хусейн Бабуров диқандардан 500 тонна орамжапырақ сатып алуға келісті. Сөйтіп, 200 тонна өнімді жүк көліктеріне тиеп, Беларуське жөнелтті. Арнайы жүк көліктеріне тиелген қырыққабатты бұл еліне жеткізуге 5 күн кетеді екен. Ол жақтағы қоймаға түскен қазақстандық өнімді саудагерлер өзге қалаларға жөнелтеді.
Диқандар үшін бұл да үлкен демеу. Өйткені шаруа орамжапырақты тұтынуға дайын күйіне жеткізумен қатар көкөніс тиейтін трактор, жұмысшыларға төленетін жалақыны есептегенде әр гектарға шамамен 1 млн теңге жұмсайды екен. Шетелге шығатын жүк көліктерінің шығыны тағы бар. Қырыққабатты тазалап, жүк көлігіне қалайтын жұмысшылардың күндік жалақысы 3000-7000 теңге аралығында. Қысқасы, шаруалар үшін былтырғыға қарағанда түсетін кіріс аз. Дегенмен, диқандар бүгінгі жағдайда «барға қанағат» деп отыр.
Қанағатшыл шаруалардың енді бір тобы жұмсаған шығынын өтеп алу үмітін үзген емес. Жүк көліктерінің шекарадан еш кедергісіз өтуіне тиісті органдар мүмкіндік жасаған соң тауарларын тиеп жолға шыққандар қатары артты. Алайда алыс-жақын шетелге шығуы тиіс диқандардың алдынан тағы бір кедергі шықты. Бұл жолы олардың тауары Шымкентте тұралап қалды. Отандық жеміс-жидекті Ресей, Беларусь және Шығыс Еуропаға тасымалдаушылар Шымкенттен фитосанитарлық сертификат алуы тиіс болған. Онсыз шекара аса алмайды. Сол құжат берілмей, 100-ге тарта жүк тасымалдаушы көліктер қала шетінде бірнеше тәулік қаңтарылып тұрып қалды. Ақылы тұрақтарда тәуліктеп тұруға мәжбүр болған жүргізушілер тонналап артылған қырыққабат, пияз, болгар бұрышы мен қызылша тез бұзылатынын айтып дабыл көтерді.
Тауар бұзылмауы үшін жүк көлігінің тоңазытқышын үздіксіз қосуға тура келеді. Ал тоңазытқышыңыздың тетігі тегін айналмайды, тәуліктеп істеуі қымбатқа түсетіні және мәлім. «Тауар бұзылса, таза тақырға отырамыз» деп жанайқайын ақпарат құралдары арқылы жеткізген жүргізушілерді де түсінуге болады. Бұл орайда сертификат беруі тиіс аумақтық инспекцияның айтар өз уәжі де бар. Инспектор аз, сертификат рәсімдейтін тиісті база, яғни министрліктегі комитетпен байланысты компьютерлік бағдарлама біршама уақыт қосылмай қалған. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын инспекция қызметкерлері сертификат беру мәселесі шешілгенше тауар бұзылмайтынын айтып, жүргізушілерді сабырға да шақырған. Алайда тонналаған тауардың тағдыры жүргізушілерді дабыл қағуға мәжбүр етті.
Шаруалардың аманатын арқалаған жүргізушілердің жанайқайы Ауыл шаруашылығы министрлігіне де жеткен. Осы мәселеге қатысты ақпарат таратқан министрліктің баспасөз қызметі биылғы жылдың бірінші тоқсанында Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторлары өсімдік өнімдерінің экспорты үшін 10,0 мыңнан астам фитосанитарлық сертификаттар, оның ішінде ерте піскен қырыққабатқа 2,5 мың сертификат бергенін мәлімдеді. Фермерлердің жаппай үндеуіне байланысты Шымкент және Түркістан аумақтық инспекциясы үстемелі жұмыс режіміне көшкенін де жеткізді. Қырыққабатты экспорттауға қажетті құжаттар Түркістан облысы мен Шымкент қаласының барлық аумақтық инспекцияларында беріледі. Министрлік мәліметінше, мамыр айында олар 2,7 мыңнан астам өтініш қабылдаған. Осы айда мамандар 2,7 мың фитосанитарлық және 164 карантиндік сертификаттар беріпті. Бұл дегеніңіз, өсімдіктердің карантиндік тексеруін жүргізетін әр мемлекеттік инспектор күн сайын фермерлердің 40-қа жуық өтінішін өңдегенін білдіреді. Яғни бұл сәуір айымен салыстырғанда орташа есеппен 2,5 есе көп. Қырыққабат өндірушілердің барлық сұраныстарын қанағаттандыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті Шымкент қаласының аумақтық инспекциясына қосымша жұмыс уақытын енгізді. Сонымен қатар өтініштердің күрт артуына және оңтүстікке фитосанитарлық сертификаттардың берілуін жеделдетуге байланысты басқа өңірлерден қызметкерлер көмекке келген. «Фитосанитарлық сертификаттарды беруден дәлелді бас тарту Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіледі, өтініш берілген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Жалпы, фитосанитарлық сертификат беру процесі үш негізгі кезеңнен тұрады: ББАЖ порталына түскен өтінімдерді тіркеу және тексеру, оның ішінде өтінімде көрсетілген ақпарат пен деректердің толықтығы мен дұрыстығын тексеру; карантиндік фитосанитарлық жағдайды белгілеу және карантинге жатқызылған өнімдерді физикалық тексеру, сондай-ақ тексеру жүргізу үшін өсімдіктер карантині жөніндегі инспектордың карантинге жатқызылған өнімді сақтауы және қоймаға баруы; карантиндік фитосанитарлық бақылау және қадағалау туралы актіні БААЖ-да ресімдеу, фитосанитарлық сертификатты тіркеу немесе оны беруден дәлелді бас тарту», делінген министрлік мәлімдемесінде. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде көрсетілген шағымдарға сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Шымкент қаласындағы аумақтық инспекцияның жұмысын тексеруді қолға алған.
Бүгінгі жағдайды білмек болып Шымкент қаласы бойынша аумақтық инспекция басшысы Әбдібақыт Мақұлбаевқа хабарласқан едік. «Мамырдың 18-20 күндері өтінім өте көп келіп түсті. Яғни 160-190 көлік келді. Олардың құжатын рәсімдеуде 4 инспектор жұмыс істеді. Бұрын мұншама өтінім түспейтін. Негізі жүргізушілер фитосанитарлық сертификатты сол өнім өскен жерден алуы тиіс еді. Көкөніс тиелген Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш аудандарында облыстық инспекция қарап, фитосертификат беруі керек еді. Олай болмаған. Бәрі Шымкенттен аламыз деп жолға шыққан. Осылайша 100-ден астам көлік жиналып қалды. Өтінім көбейіп, үлгермей қалдық. Онымен тұрмай 4 инспектор ғана қызмет көрсетеді. Қырсық шалғанда база дұрыс істемей іркіліс болды. Қазір жағдай тұрақты», дейді Әбдібақыт Мақұлбаев. Инспекторлардың аздығы, штатты көбейту мәселесі былтырдан бері көтеріліп те келеді екен. Алайда әлі күнге дейін шешімін таппаған. Жоғарыда айтылғандай, шымкенттік инспекторларға Тараз, Қызылорда қалаларынан әріптестері уақытша көмекке келген. Бүгінде 9 инспектор қызмет көрсетуде. Нәтижесінде, жағдай тұрақтанып, фитосанитарлық сертификат алған көліктер көп кідірмей жолға шығуда.
Айтпақшы, қырыққабат өніміне қатысты Қазақстанның алғашқы Премьер-министрі, қазір омарташылар одағының төрағасы болып отырған Сергей Терещенко да пікір білдірген еді. Қазақстан Баспасөз клубының Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөнінде өткен онлайн-брифингте Сергей Терещенко «Төтенше жағдай кезінде бұзылып кеткен 300 мың тонна қырыққабатты көму үшін Үкімет 2 млрд теңге жұмсады» деген ақпарат айтқан. Әлеуметтік желілерде пікірталас тудырған осы ақпаратқа қатысты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы түсініктеме берді.
Әкімдіктің ресми жауабына сенсек, әлгі 300 мың тонна қырыққабат түгел бүлініп кетпеген және Үкіметтен расымен де 2 млрд теңгеге жуық қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Бірақ ауыл шаруашылығы басқармасы ол қаражат басқа мақсатқа жұмсалатынын айтып отыр. «Түркістан облысында ағымдағы жылы 8 мың гектар жерге ерте пісетін қырыққабат дақылы егіліп, 300 мың тонна өнім жиналды. Бүгінгі таңда 150 мың тонна қырыққабат сатылды», деп хабарлайды басқарма. Сол 150 мың тонна өнімнің 104 мың тоннасы ішкі нарыққа сатылса, 46 мың тонна қырыққабат Ресей, Беларусь және Қырғызстанға экспортталған. «Ал қалған 150 мың тонна қырыққабатты Үкімет тапсырмасына сәйкес республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың тұрақтандыру қорлары арқылы сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар қырыққабат еккен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге екінші өнім егу үшін 0,01% несие беру мақсатында, Үкіметтік Қордан 1 600,0 млн теңге қаржы бөлу қарастырылуда», - дейді басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов.
Түркістан облысы