Бүгін, 30 қыркүйек күні Қызылорда облыстық прокуратурасында кезекті алқа мәжілісі болып өтті. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында облыстық салық департаменті мен оның аумақтық басқармаларының 2012 жылғы және 2013 жылдың бірінші жартысындағы жұмыстарының жайы талқыланды. Онда бірінші болып облыстық прокуратураның басқарма бастығы Ғалым Едігеевтің баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы өзінің сөзінде осы орайда салада орын алған бірқатар кемлшіліктерді атап көрсетті. Айталық, бүгінгі күні облыс орталығындағы 776 жер учаскелерінің иелері өткен жылғы жер салығын төлемегені белгілі болып отыр. Двигательдерінің көлемі 4000 текше сантиметрден асатын 640 автокөлік иелерінің тұрғылықты мекен-жайлары анықталмағандықтан, олардан 2008 жылдан бері 17,8 млн. теңгенің салығы бюджет кірісіне кірмеген екен.
Отырыста салық органдары жүргізген тексерулердің сапасы да қаралды. Оған байланысты айтылған сындар жеткілікті. Мысалы, тексерумен қамтылған мерзімде соттарда салық органдарының жалпы сомасы 19,5 млрд. теңгені құрайтын 26 хабарламаның күшін жою жөнінде азаматтық істер қаралса, оның 6,8 млрд. теңгені құрайтын 8 хабарламаның ғана күші жойылған. Көрсетілген мәселелермен қатар, алқада салық органдарының қызметіндегі басқа да кемшіліктері атап өтіліп, мемлекеттік бюджетті толтыру, мемлекет мүдделерін қорғау, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарының бұзылуына жол бермеу және қызметті оңтайландыру мәселелері талқыланды.
Екінші мәселе орай сөз алған облыстық салық департементі басшысының орынбасары Әділбек Бекішов кемшіліктерді жою бағытында атқарылып отырған жұмыстарға тоқталды. Алқа отырысы нәтижесінде салық органдарының басшыларына салықтық төлемдердің толық түсуін қамтамасыз ету, мемлекеттік органдармен өзара байланысты арттыру, міндетті зейнетақы төлемдері бойынша қалыптасқан қарыздарды өтеу, қызметкерлердің білім деңгейін арттыру сияқты ұсынымдар жасалды.
Алқа мәжілісін облыс прокурорының орынбасары Нариман Мақұлбеков қорытындылады.
Құрыш Нұрымбет.