Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако Князьдігіне ресми сапары барысында екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне ықпал ететін жаңа бағыттағы келісімдерге қол жеткізілді.
Бұл іске екі елдің көшбасшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Альбер ІІ арасындағы сыйластық қарым-қатынастардың да ықпал еткені сөзсіз. Екіжақты келіссөздерден кейін де екі елдің көшбасшылары ұзақ әңгімелесіп, қарым-қатынастарды тереңдете түсудің жаңа бағыттарын талқылады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Монако Князьдігіне ресми сапары барысында екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне ықпал ететін жаңа бағыттағы келісімдерге қол жеткізілді.
Бұл іске екі елдің көшбасшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Альбер ІІ арасындағы сыйластық қарым-қатынастардың да ықпал еткені сөзсіз. Екіжақты келіссөздерден кейін де екі елдің көшбасшылары ұзақ әңгімелесіп, қарым-қатынастарды тереңдете түсудің жаңа бағыттарын талқылады.
Қазақстан Үкіметі мен Монако Князьдігі арасында туризм саласы бойынша ынтымақтастық орнату туралы құжатқа қол қойылғанын бұған дейін айтқан болатынбыз. Жылына 7 миллиондай туристі қабылдап, бюджеттің түсім бөлігінің жартысын осы табыспен толтыратын елдің тәжірибесі – Қазақстан секілді туризм саласын дамытуды енді ғана қолға алып жатқан мемлекет үшін таптырмас қазына. Бұл саланың да былайғы жұрт біле бермейтін көптеген қырлары бар. Соның ішінде қызмет көрсету түрлері мен оның сапасының жоғары болмағы алдымен ауызға оралады. Ал бұл істе монаколықтар ерен табысқа жетіп отырғанын көзіміз көрді. Әсіресе, бақуатты адамдардың ермегіне қажетті дүниелерді (құмар ойындар үйлері), опера, балет, цирк, т.б. өнерлерді де құлпыртып жіберу туристік тартымдылыққа ықпал етері сөзсіз. Әрине, олардың теңізі, жылы климаты бар десек, бізде адам жанын жадыратар таза ауа, кең-байтақ жер бар емес пе? Тек тетігін тап та тиегін ағыт. Ал бұл істе Монаконың тәжірибесі ауадай қажет.
Шағын болса да Еуропадағы мейлінше бай мемлекетпен ынтымақтастықтың тереңдей түсуі енді Қазақстан экономикасына жаңа инвестицияның ағылып келуіне ықпал етері хақ. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бизнес-форум барысында жеті бірдей екіжақты экономикалық құжатқа қол қойылды.
Елбасы Н.Назарбаев пен Альбер ІІ арасындағы келіссөздер аяқталған соң Президентке Князь Сарайы да таныстырылды. Жерорта теңізіне төне қарап, биік тұғырда тұрған бұл сарай Князьдіктің жаны да, жүрегі де екен. Оның тарихы ХІІІ ғасырға кетеді. Генуяның бір қорғаны ретінде биік алаңға салынған ол ХVІІ ғасырда Князьдіктің резиденциясына айналыпты. Бір қызығы, Сарайдың төменгі қабаты туристерге айқара ашылған, ал жоғарғы қабаты Князьдің резиденциясы. Сонымен қатар, оның отбасы да осында тұрады. Бірақ олардың серуендейтін, демалатын бақшаларына шығатын жолдар, әрине, туристер үшін жабық. Биік дуал олардың жеке тірлігін туристерге көрсетпейді. Резиденциядағы қымбат дүниелерден тыс негізгі байлық – картиналар. Олардың бәрі де түпнұсқа күйінде сақталған. Соның ішінде князьдердің өздері мен отбасы мүшелерінің портреттері көп сақталған.
Бұдан бұрын Елбасы Н.Назарбаевқа Монаконың урбанистикалық және қаржылық дамуы туралы лауазымды тұлғалардың баян еткенін (тұсаукесер) жазған болатынбыз. Енді осы тұсаукесер рәсімі өткен Мұхиттану мұражайы туралы айта кетуді жөн көріп отырмыз. Бұл ғимарат та Монаконың атын алысқа шығарып, елге келген қонақтардың, туристердің көрмей кетпейтін жері. Оны қазіргі Князь Альбер ІІ-нің арғы атасы Альбер І 1889 жылы ұйымдастырған. Ол өзі мұхиттануға қатты көңіл бөліп, онда тіршілік ететін барлық жәндіктер мен мақұлықтарды зерттеуге бар пейілін арнаған ғалым адам екен.
Алдымен музей түрінде ғана ұйымдастырылған бұл ғимаратта 1906 жылы мұхит әлемін зерттеу жөніндегі ғылыми-зерттеу институты да ашылған. Сөйтіп, музей мұхиттану жөніндегі әлемде теңдесі жоқ орталық болып отыр.
Осы музейді 1957 жылдан бастап бірнеше жыл атақты мұхиттанушы ғалым Жак Ив Кусто басқарғаны да оның маңызын арттыра түседі. Өзінің мұхиттануға сіңірген зор еңбегін ол осы музейдегі қызметінде жасаған. Ұлыбританияның есептен шығарылған «Калипсо» атты ескі кемесін жалға алып, алғашқы мұхиттық зерттеулерін өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастаған ол музейдің директоры болып тағайындалғанда танымал ғалым болатын. Ж.И.Кустоның атағын әлемге алғаш рет танытқан оның «Дыбыссыз әлемде» атты кітабы болды. Ж.И.Кусто оны Фредерик Дюмамен бірлесіп 1953 жылы шығарған болатын. Осы кітаптың негізінде 1956 жылы түсірілген фильм «Оскар» мен «Пальманың алтын бұтағы» атты ең жоғары, ақшасы ең көп сыйлықтарды жеңіп алған. Ал 1957 жылдан ол, жоғарыда айтқанымыздай, Монаконың Мұхиттану музейіне директор болып тағайындалып, өз зерттеулерін одан әрі жүргізе берген. Қазір музейдің алдындағы көрмеде оның сары түске боялған сүңгуір қайығы да тұр.
Осында жүріп ол, 1973 жылы мұхит жәндіктері мен мақұлықтарын қорғау жөніндегі «Кусто қоғамын» да құрған. Айта кететін жайт, адамның мұхит астында сүңгуіне мүмкіндік беретін алғашқы аквалангты да Ж.И.Кусто 1943 жылы Эмиль Ганьянмен бірлесе отырып, ойлап тапқан. Осы құралдың арқасында адамның су астындағы өмір туралы түсінігі кеңейе түсті. Сонымен бірге, ол – су кірмейтін түсіру камерасы мен су ішінде жарық түсіретін құралдарды да тұңғыш рет қолданған ғалым. Осы тарихтар мен оқиғалар да Елбасына егжей-тегжейлі таныстырылды.
Музейге кіріп келгеннен-ақ мұхитта болатын неше түрлі мақұлықтардың қаңқасына тап боласыз. Соның ішінде алып киттің, акуланың бірнеше түрінің қаңқа сүйектері бар. Ал төмендегі, «Океанариум» атты залға түскеннен ұшы-қиырсыз мұхит суының шөлпілі естіліп, адам мұхиттың түбіне түскендей әсерде қалады. Мұнда мұхит жәндіктері мен мақұлықтарының 4 мыңнан артық түрі бар екен. Алайда, өзімізде де, шағын болса да «Океанариум» болғандықтан, ол бізді соншалықты таңырқата қоймады.
Сөйтіп, Елбасы Н.Назарбаевтың шалғайдағы шағын елге жасаған сапары табысты аяқталды.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.