Таным • 31 Мамыр, 2020

Қайраткерге лайық құрмет көрсетсек

581 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл ғұмырын Түркістан халқ­ы­ның теңдігі мен тәуелсіздігіне арнаған қайраткер Мұстафа Шоқай­дың туғаны­на 130 жыл толады. Шүкір делік, азат­тықтың алғашқы жылдарынан-ақ түр­кінің түгелдігін көксеп өткен, осы идеяны өмірінің мәніне айналдырған тұлға туралы аз жазылған жоқ.

Қайраткерге лайық құрмет көрсетсек

Сонау 1991 жылы «Қазақ әде­биеті» газетіне жазушы Әнуар Әлімжановтың «Мұс­тафа Шоқай... Ол кім?» ат­ты ма­қаласынан бастап Түркіс­тан халқының теңдігі үшін кү­рес­кен Мұстафаның болмысын айшықтайтын дүниелер бас­па жүзін көрді. Тарих ғы­лым­­дарының докторлары Кө­шім Есмағамбетов, Мәмбет Қой­гелдиев, Дархан Қыдырәлі мен сая­си ғылымдар докторы Әбді­жәлел Бәкірдің шоқайтану бағытындағы еңбектері елдің көз алдында. Сырда туып, бар ғұмы­ры сыртта өткен қайраткердің тарт­ысқа толы өмірін зерттеп-зерделеуде шетелдік ғалым­дар­дың да үлесі аз емес. Ал елі­­нің еркіндігі үшін ­күрес­кен оның есімін өзі туып-­өс­кен жер­де жаң­ғыртудың алғаш­қы қадам­дары қа­лай басталып еді?

 Түркістан мемлекетінің басшысы деп тануымыз керек

Азаттықтың алғашқы жылдарында мерзімді баспасөзде Алаш қайраткерлері жайлы ма­қалалар жиі жарияланып, ел ұзақ жыл есімдерін айтуға тыйым са­лынған тұлғалар еңбегі мен өмірі жайлы кеңірек біле түсті. Әрине бұл жұрттың бәріне ұнай қой­ған жоқ. Әсіресе көп жылдар ақиқатты тұмшалап, осы қай­раткерлер есімін қаралауға «үлкен үлес» қосып келгендер бұған бірден қарсы шықты. Сон­дайлардың бір тобы туған жерінде Мұстафа Шоқай рухына арналып өткізілетін шараларды болдырмауға барын салды. Облыс басшыларының атына хат жазып, қайраткер туралы жалаға толы мақалаларын жергілікті ба­сы­лымдарға жариялауға ық­пал жасауын сұрап, жанталаса бастады. Баяғының ізімен біт­пейтін қаралауды қайта бық­сытқан олардың бұл әрекеті аза­маттардың аяулы есімін ақтап алуға деген талпынысты тоқтата алған жоқ. Осы ниетте баспасөз беттерінде біршама материалдар жарық көрді. Мұстафа Шоқайдың әзіз есімін ел есіне алғаш салғандардың қата­рында Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің қызметкері Әмірхан Бәкірұлы да бар еді.

Полковник шенімен зейнет­керлікке шыққан Әмірхан Бәкір­ұлы қазір Мұстафа Шоқай жайлы бірнеше кітаптың авторы. Бір туын­дысы 2006 жылы түрік тілінде жарық көрді.

– Біз Мұстафаның Түркістан автономиясын басқарғанын, сонымен қатар Алашорда өкіметін құруға да белсене атсалысып, оның Сыртқы істер министрі қыз­метін атқарғанына аса мән бермей жүрген сияқтымыз. Осыдан да Франциядағы бейітінің басына қойылған ескерткішке оның Түр­кістан республикасының басшысы екендігін жаза алмадық. Ал «Түркістан легионы» кеңестік идео­логия ойдан шығарған жала. Шын­туайтына келгенде легион­ Мұстафа Шоқай өмірден озып­ кет­­­кесін құрылған жоқ па?! Шо­­­­қай­тануға алғаш із салған ға­лым Көшім Есмағамбетовтің зерт­теуінде 1948 жылы КСРО Мем­ле­кеттік қауіпсіздік комитеті өзі­нің Берлиндегі 4-оперативтік сек­­торының 2-бөліміне «М.Шо­­қайды әшкерелеуші материал­дар» табу жөнінде құпия түрде сұрау салғаны айтылады. Осы тапсырма бойынша жаңа­ғы құ­рылым «Берлиннің СВ опе­ра­тивтік анық­тамалық картотека­сында ондай мағлұмат жоқ» деп жауап бер­ген. Осы құжат бұл ұйым­­ға Мұс­та­фа­ның ешқандай қатысы болма­ғанының басты дәлелі, – дейді Әмір­хан Бәкірұлы.

Осыдан 5 жыл бұрын қайрат­кер­дің туғанына 125 жыл толуына орай Нұр-Сұлтан мен Алматыда Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнату жөнінде ұсыныс айтылған. Алайда оның жүзеге асуы әзірге екіталай болып тұр. Қызылорда қаласында еңселі ескерткіш бой көтеріп, шаһардың орталығына қойылды.

– Қазір Мұстафа Шоқай есі­мін ұлықтау шараларының бар­лығы дерлік қоғамдық негіз­де ұйым­дастырылып келеді. Сон­дықтан да облыстық мәсли­хат арқылы Үкіметке қайраткер ме­рей­тойын лайықты атап өту жө­нінде ұсыныс берген жөн. Менің білуімде Ұлттық қауіп­сіздік ко­митетінде Шоқай­дың үстінен қыл­­мыстық іс қоз­ғал­ғаны туралы еш­бір құжат жоқ. Тоқсаныншы жыл­дары Жазу­шылар одағы бас­қармасынан түскен сауалға орай Бас про­куратура «М.Шо­қай жөнінде қыл­мыстық іс қоз­ғалмаған. Сол себепті оның іс-әрекетінде неміс фашистеріне қыз­мет етті деуге негіз жоқ» деген жауап берген. Оған қайбір жы­лы Өскеменде қайраткер есі­мін қаралаушыларға шыққан сот үкімін қосыңыз. Міне, осы­ның бәрі Алаштың ар­да­гер ұлының атақ-абыройын әлі де айтылып қалатын жаладан толық ақтап алуымызға негіз бола ала­ды. Сонымен қатар Мұс­тафа­ның Бер­­линде жат­қан сүйегін Түр­кістан қала­сын­да­ғы Қожа Ах­мет Ясауи кесе­не­сі­нің жанына жер­леу тура­лы ұсыныс айтылып жүр. Оған қосарым, Мұстафаға Қазақстанның азаматтығын бер­ге­німіз дұрыс.

Негізі тұлғаға деген құрметтің көрінісі өзінің туған жерінен бас­тау алғаны жөн. Сондықтан да қала­дағы жаңадан салынған ша­ғын аудандардың бірінен «Тәуел­сіздік аллеясы» ашылып, оған елдің азаттығы жолында жан қиған асылдарымыздың мүсін­дерін қойғанымыз дұрыс. Қазіргі еңселі ескерткіші тәуір жасалған. Бірақ тұрған орны Алаштың ардақты ұлына лайықты емес. Қалалық әкімдікке қарама-қар­сы қуыста кезінде осы ғи­ма­рат­­­та қызмет еткен обком хат­­шыларының бірінің мүсіні тұр­ғаны дұрыс сияқты. Ұлттың ұлына құрметімізді көрсетеміз десек, ескерткішті ол орыннан көшіргеніміз жөн, – дейді отстав­кадағы полковник.

 Оның атынан әлі де үркетіндер бар

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары-ақ Мұстафа Шоқай тура­лы жазыла бастады. Сол тұс­та Қызылорда облысын бас­қа­рып тұрған Сейілбек Шау­хамановтың бастамасымен қор да құрылды. Туған ауылы мен аудан орталығында ескерт­кіші бой көтеріп, оның есімі ұзақ жылғы негізсіз жаладан аршыл­ғандай болып еді. Бірақ қысқа ғұмырында түркінің түгелдігін көксеп өткен тұлғаның атынан әлі де үркетіндер бар екен. Осы­дан біраз жыл бұрын елордадағы бір мектепке Мұстафа Шоқай­дың атын беруге қалалық мәсли­хаттың кейбір депутаттары қарсы шығып, ұсыныс аяқсыз қалды. Ұзақ жыл «Мұстафа Шоқай» қо­рын басқарып келген елге белгілі азамат Базарбай Атабаев Алаш ардағы жайлы ақиқаттан көрі алыпқашпа сөзге сенетіндер әлі бар екендігін айтады.

– Қор 1992 жылы құрылып, біраз бастамаға мұрындық бол­ды. Көптеген ғылыми шара­лар­ өткіздік. Ауыл мен аудан­да, Фран­­­циядағы аллеяға ес­керт­кіш­тер орнаттық. Әлі де жасала­тын ша­руа көп. Бірақ ол үшін халық­тың ықыласынан бөлек билік­тің де қолдауы керек, – дейді Базар­бай Асанбайұлы.

Базарбай ағаның әкесі Асан­­бай да Мұстафаның туы­сы бол­ғандығы үшін жазаға кесіл­ген­дердің бірі. 1949 жылы Ота­нын сат­қан адам ретінде сотталып, Қа­рағанды түрмесінде көз жұ­мыпты. Соғыста контузия алып, жауға тұтқынға түскен ол ел­ге аман-есен оралып, төрт жыл­­дан кейін сотталып кете барды. Оны көр­сеткен де өзге емес, өз ағайын­­д­ары.

Бұл да қазақтың қайраткер ұлының басына түскен замана зардабының қандай болғандығын аңғартса керек.

 «Халық жауының» тұқымы дегенді естіп өстік

Мұстафаның туыстары ара­сын­да кезіндегі қудалаудан аман қалғ­аны кемде-кем. Торғай дат­қадан Шоқай, Шоқайдан Сыздық, Мұстафа, Нұртаза туады. Інісі Нұртаза мен Торғай датқаның тағы бір ұлы Қалымбеттің Мыр­зеке атты ұлы 1937 жылдың ая­ғында Шымкентте атылып кете­ді. Қазір Нұртазадан тараған ұрпақ­тар Түркістан облысында тұрып жатыр. Шоқаймен бірге туған Әліш, Қалымбет, Оспандардың балалары арасында отыз жетінің оқпанынан аман шыққаны аз. Қайраткердің туған ағасы Сыз­дық­тың екі ұлы Мүсілім мен Ер­ғали Екінші дүниежүзілік со­ғыста қаза табады. Осы күні Қы­зыл­орда облысында Сыздық, Әліш, Қалымбеттен тараған ұр­пақтар бар.

– Біздің бар өміріміз қорқы­ныш пен қудалауда өтті. Әліштің ба­лалары Өзбекстан асып кетіп, елге тек алпысыншы жылдары орал­ды. Кешегі күнге дейін «Жау­­дың тұқымы» деген жаланы естіп келдік. Мұстафа әке­мізден кейін үлкендер біздің білім іздеп, оқуымызды қолдай көр­меді. Осылайша ауыл арасынан ұзай алмадық. Әйтпесе Әліш әкеміз осы төңіректе алғаш мектеп ашқандардың бірі еді, – дейді Қалымбеттің Кенжеғұл атты баласының ұлы Әбдірайым ақсақал.

Әбдірайым Қалымбетов 1966 жылы әскерге алынып, Кос­­тро­маға түседі. Бір күні ка­зар­­­мадағы сарбаздарды жинап алып, жаңадан шыққан көр­­кем фильм көрсетіпті. «Өзбек­фильм» кинос­тудиясы шығарған соғыс кезіндегі барлаушылар ту­ралы сол фильмнің атауы «Жиы­р­ма алтыншыны ат­па­ңыз­дар» еді. Көппен бірге эк­ран алдына жайғаса бергенде басты кейіпкердің аузынан Мұстафа Шоқайдың есімін естіп қалып, қимылсыз қалғаны да есте. Кинотуындыда Мұстафа не­міс­­термен сөз байласқан жан ретінде баяндалатын еді. Әс­кер­ге енді алынған жас жігіт сеанс біт­кенше зорға шыдады, ата­­­­сы­ның есімін жаладан аршып алу­ға дәрмен­сіздігіне күйінген еді сол жолы.

– Нұртаза атамның жоғары оқу орнын бітірген ұлы Мадиярды жұмысынан шығарып, көп қиын­­­дық тарттырыпты. Тіпті біз мектеп бітірген сексенінші жыл­­дар­дың ортасына дейін кей­біреу­лердің бізге алакөздене қа­­рай­тынын сезетінбіз, – дейді Сыз­дық Шоқайұлының шөбересі Раиса Ерғалиева.

Раиса Даниярқызы осыдан біраз бұрын өзінің Сыздықтың шөбересі екендігін сот арқылы дәлелдеген. Енді Сыздық пен Мұстафаның бірге туғандығын дәлелдейтін құжат жинауға бел буып отыр. «Ара-тұра Мұстафа атамның атын қаралағысы келгендер бой көрсетіп қалады. Он­дайларды сотқа тікелей ұрпағы ға­на бере алады екен. Сол үшін сот жағалап жүрмін», дейді ол.

Сыр бойындағы Наршоқыда туып, әлем жұртшылығына қа­білет-қарымын мойындатқан Мұс­­тафа түркі халықтарының бір­­­тұтастығы жолында басын бәй­­г­еге тікті. Оның бейнесіне қа­зір­гі уақыт биігінен қарап, есі­мін ұлық­­тау, рухына құрмет көр­сету бізге парыз.

Тек сол құрметіміз қайраткер тұлғасына лайық болса екен.

 

Қызылорда