Қоғам • 26 Мамыр, 2020

Баспанамен қамтуға басымдық берілмек

465 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Eurasian Resources Group (ERG) құрамындағы бірқатар кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген қызметкерлер бастапқы жарнасыз баспана ала алады. Еуразиялық Топ пен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арасында осындай келісімшартқа қол қойылды.

Баспанамен қамтуға басымдық берілмек

Аталған бағдарлама аясында ERG-дің Тұрғын үй бағдарламасы бойынша қызметкерлер Павлодар, Ақсу, Екібастұз бен Қарағанды қалаларында салынған үйлерден баспаналы болуға мүмкіндік туып отыр.

– ERG үшін әлеуметтік қамсыз­дандыру, соның ішінде қызмет­кер­лерімізге, біздің туған қала­ла­ры­мыздың тұрғындарына деген қам­қор­лық назардан тыс қалмайды, ̶ дейді Еуразиялық Топтың басқарма төрағасы Серік Шахажанов.

Бағдарлама шарттарына сай, егер тұр­ғын үй әлі салынып бітпеген болса, қызметкер «ТҮҚЖБ» АҚ-ында де­позит ашып, қазірден бастап өзі қа­лайтын баспананың 30%-ын жинайды. Ал үй пайдалануға берілген болса, бірден баспаналы болып, үш жыл бойы өзінің депозитінде пәтерінің 30% көлемінде бастапқы жарна жи­нақ­тауы керек. Депозитіне 30% жи­нал­ған сәттен бастап, ол пәтердің мен­шік иесі атанбақ. Оның үстіне, бұл сомаға сыйақы мен мемлекеттік сый­ақы қатар қосылады. Қызметкер депозитте бас­пана алуға қажетті қара­жат­тың 30%-ын жинаған соң, қал­ған соманы несие­ге ала алады. Жинақ пәтер құнының
50%-ына жеткенде, берешектің үстемесі төмендейді. Несие 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі.

– ТҮҚЖБ бүгінде қызметкерлері Қазақстандағы 60 000 отбасын асырап отырған алып компаниялар тобымен тығыз әріптестік орнатқанына қуанышты. Осы орайда, біз ERG қызметкерлері тек бұл бағдарламамен шектелмей, бастапқы және бұрын қолданыста болған баспананы сатып алуда «Нұрлы Жер», «Өз үйім», «5-10-20» сынды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқа да бағдарламаларын белсенді пайдаланады деген үміттеміз. ERG қызметкерлеріне барынша сапалы қызмет көрсетіп, алғашқы күннен біздің видеобанкімізді, интернет-банк пен ТҮҚЖБ24 қосымшаларын пайдалана бастауды ұсынамыз, – деді ТҮҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

ERG-дің Тұрғын үй бағдарла­ма­сы­ның арқасында 2006 жылдан бері Ақтөбе облысы (Ақтөбе мен Хромтау қ.), Қарағанды облысы (Қарағанды қ.), Қостанай облысы (Рудный қ.) және Павлодар облысындағы (Павлодар, Ақсу мен Екібастұз қ.) 3 мыңға тарта қызметкер баспанамен қамтамасыз етілді.

Айта кетерлігі, Eurasian Resources Group-тың құрамына «Қазақстан алю­минийі» АҚ, «Қазақстан электро­лиз зауыты» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ, «Қазхром»ТҰК» АҚ, Ақсу фер­ро­қо­рытпа зауыты мен «ЕЭК» АҚ «Шығыс» кіреді.