Рас, бұрын да дәл мұндай болмағанмен, қаржылық һәм экономикалық дағдарыстар еңсерілді. Әлем елдерінің экономикасына орасан шығын келтірген қауіпті індеттен кейін экономиканы сауықтырудың қандай жолы бар? Қай салаға басымдық берілуге тиіс? Бір анығы бұрынғыша шикізаттық ресурстарға иек артудың жөні жоқ. Өйткені соңғы екі ай еліміз үшін оңайға соқпады. Жұмыс орындары қысқарып, кейбір жобаларды іске асыру тоқтатылды. Солардың қатарында Атырау облысындағы келешек кеңею жобасы бар. Бұл – Теңіз кенішінде инвестордың қаржысымен қолға алынған жоба. Оны іске асыруға «Теңізшевройл» ЖШС 37 млрд АҚШ долларына жуық қаржы бөлген еді. Оның 12 млрд АҚШ доллары қазақстандық қамтудың үлесіне тиетіні жоспарланған болатын.
Алайда, кен орнында қауіпті індеттің тіркелуіне байланысты бұл жоба аясындағы құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Кен орнынан қазақстандық 17 мың жұмысшы тұрғылықты мекен-жайына жіберілді.
Екіншіден, әлемдік нарықта мұнай бағасы біресе төмендеп, енді бірде көтеріліп, әлі де тұрақтар емес. «Қара алтын» бағасының бұлай құбылуы ел қазынасына түсетін түсімнің кемуіне ықпал етеді. Мәселен, мұнай бағасының төмендеуінен Атырау облысының бюджетіне 59 миллиард теңгенің түспей қалуы мүмкін екені белгілі болып отыр. Міне, осының бәрі шикізаттық ресурстарға арқа сүйей бермей, өзге салаларды қарқынды өркендетуге бет бұрғызары даусыз. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі экономиканы жандандыратын жаңа реформалар қажеттігін алға тартты.
Демек, Мемлекет басшысы атаған салаларды одан әрі өркендетуге бел буу үшін әр деңгейдегі әкімдер мен іс басында жүрген өзге лауазым иелері тарапынан бір серпіліс қажет-ақ. Бейнелеп айтқанда, бұйығылықтың бұғауын сілкіп тастап, бұлқынысқа басымдық бере алар ма? Дәл осы сауалды көлденең тартуымыздың себебі бар. Алдымен айтарымыз, елімізде төтенше жағдайдан кейін экономиканы жандандыру, сондай-ақ жұмыс орындарын ашу мәселесі көлденең тартылды. Осыған орай Атырауда «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын» жандандыру бағытында жасақталған іс-шаралар жоспары қолға алынды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланың айтуынша, бұл жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Бұл бағдарлама шеңберінде 63 жоба қолға алынып, 7 113 жұмыс орнын ашу жоспарланыпты. Жаңадан ашылатын жұмыс орындарының 50 пайызы, яғни 3 557-сі жұмыспен қамту орталықтарының жолдамаларымен жұмыссыздарға ұсынылады. Әр жобаны іске асыру барысында бөлінген қаражаттың 90 пайызы тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді отандық өндірушілерден сатып алуға жұмсалмақ.
– Басты мақсат – аймақтағы жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу. Қосымша жұмыс орындарын ашып, оларды барынша тұрақты жұмыс орындарына айналдыру арқылы әр отбасының табыс көзін қамтамасыз ету керек, – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов. – Осы мақсатта биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында 35 млрд 308 млн теңге бөлінді.
Әкімнің пікірінше, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жұмыстарды өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырғандар бар. Енді бөлінген қаражатты мақсатты және уақтылы игеру қажет.
Бөлінген қаражат әрине, аз емес. Тек оның мақсатты жұмсалып, жұмыс сапалы атқарылса ғана жемісі көрінеді. Өйткені жоғарыда аталған жобаның бәрі күрделі жөндеу жұмыстарымен байланысты болып отыр. Бірақ ілуде бір рет өкпек жел соқса, мектептер мен мәдениет үйлерінің шатыры қалбалақтап «ұша» жөнелетіні бар. Дегенмен бұл жобалар өңірдегі құрылыс индустриясы секілді экономиканың өзге саласына серпін береді деген үміт бар.
Әрине, Атырауда өзге салаларда жұмыс тапқысы келетін мамандар көп. Елімізде төтенше жағдайдан кейін өнеркәсіп, құрылыс, көлік салаларында 19,5 мың бос жұмыс орны анықталыпты. Дәл осы салаларға Атырау облысынан 1,5 мың түйіндеме берілген. Ал өндірістік жабдықтар операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілері болғысы келетіндер 869 түйіндемесін ұсынып отыр.
Атырауда әсіресе, ауыл тұрғындарының табыс көзіне айналатын саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Соңғы жылдары бұл салада тұрғындарды жұмысқа тартып, тың технологияны енгізіп отырғандар бар. Мәселен, «АтырауАгроӨнімдері», «Сарайшық», «Дастан», «Феникс», «Достан ата», «Нұрлы дала» агрофирмасы» секілді шаруа қожалықтары жұмысын жетілдіріп, егінді де егіп, малды да өсіріп отыр.
Ал былтырдан бері Құрманғазы ауданында бройлер етін өндіретін құс фабрикасының жұмысы жандана бастады. Осы кезге дейін жалпы көлемі 30 тоннадан асатын өнімнің төрт партиясы тұтынушыға жіберіліпті. Аудан орталығынан бес шақырым қашықтағы «Бұйырғын» аталатын жерде жұмысын бастаған жаңа жобаны жергілікті екі кәсіпкер қаржыландырды. Олар 2018 жылдан бері құс фабрикасының жобасына 300 млн теңге инвестиция салды. Жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана, үш өндірістік нысан бой көтерді. Енді төртінші нысанның құрылысы салынып жатыр.
– Құс жемін Уфадан аламыз. Төтенше жағдайға байланысты елді мекендерге өнім жеткізу қиындаған еді. Бірақ бұл мәселе жергілікті биліктің қолдауымен оң шешімін тапты. Біз қазір 500-600 грамм салмақ құрайтын балапан өсіруді жолға қойдық. Сондай-ақ салмағы 1,5 килолық тауық және 3,5 кило болатын бройлер етін өндіруді жандандырдық, – дейді «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Гүлнар Омарғалиева.
Қазір құс фабрикасында вахталық ауысыммен жергілікті 43 адам жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан жобаға салынған инвестициялық қаржының 25 пайызы көлемінде субсидия беріліп жатыр. Сондай-ақ агросекторды қаржыландыру жүйесімен жылдық өсімі 8 пайызды құрайтын несие алыпты. Жоба құрылтайшылары өз қаражаты есебінен газ және электр желілерін жүргізіпті. Әзірге суды көлікпен тасиды. Сол себептен, енді су құбырын тарту көзделіп отыр.
Әрине, мұнымен өзге өңірлердегідей Атырауда азық-түлік белдеуі құрылды деуге ертелеу болар. Бұрын бұл белдеуді Махамбет ауданынан құру мәселесі қозғалып еді. Алайда осы кезге дейін ешкім өңірде бұл мәселе толық шешімін таба қоймады.
Азық-түлік белдеуі бір ауданның аумағымен шектелмей, өзгелерінде де құрылса артық етпейтіні даусыз. Ал ауыл шаруашылығы тауарларын сапалы өндіретін құрылымдардың білікті мамандарға зәрулігі әлі де жойылған жоқ. Осы салаға да қажет мамандарды кәсіби тұрғыдан қайта даярласа қайтеді? Сонда бәріне бірдей мұнай-газ өнеркәсібінде жұмыс табылмайтын ауыл жастарының ауыл шаруашылығы саласына қызығушылығы оянар еді. Сондай-ақ әр ауданда бой көтеріп жатқан мектептер мен балабақшалар, елді мекендерді бір-бірімен жалғайтын жол құрылысын салуда өзге елдің арзанқол жұмысшыларынан гөрі өз ісін жауапкершілікпен атқаратын отандық мамандардың бәсі басым екені дау туғызбас. Өйткені әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының сапалы болуына жауапкершілікті көрші елден келген гастербайтерлер емес, алдымен өз отандастарымыз жете сезінетіні анық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайдың аяқталуына орай жасаған мәлімдемесінің негізгі түйіні осыған саятыны даусыз. Жалпы, Мемлекет басшысы мәлімдемелерінде әр азаматқа тың серпілістің қажеттігін ұдайы айтып келеді. Демек, жаңаша ойлаудың, түйінді мәселені тарқату жолдарына жаңа көзқараспен қараудың, ең бастысы, бұйығылықтан бұлқынысты басым түсірудің оңтайлы сәті келіп тұр.
Атырау облысы