Экономика • 26 Мамыр, 2020

Ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн га алқапқа егіледі

240 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу барысы және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге дизель отынын жеткізу туралы баяндады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 млн га алқапқа егіледі

2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,5 млн га алаңға егу жоспарланған, бұл 2019 жылғы деңгейден 238 мың га көп.

2020 жылға арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымы

С. Омаров атап өткендей, импортты алмастыру үшін және жоғары рентабельді дақылдар пайдасына егіс алаңдарының құрылымын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылады.

Осылайша, осы жылы майлы дақылдардың алаңы 122,2 мың гектарға, көкөніс дақылдарының – 10 мың гектарға, бақша дақылдарының – 1,5 мың гектарға, картоп – 7,8 мың гектарға, азықтық дақылдардың – 308,6 мың гектарға, қант қызылшасының алаңы 2,4 мың гектарға ұлғаяды.

«Бұл ішкі нарықты өніммен қамтамасыз етуге және өңдеуші кәсіпорындар үшін шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

 

Көктемгі егін жұмыстарының барысы

Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы дақылдары республиканың барлық аймақтарында егіліп жатыр. Атап айтқанда, дәнді және дәнді–бұршақты дақылдар 9,6 млн гектарға немесе жоспарланған алаңның 65%-ына, майлы дақылдар 2,3 млн гектарға (76%), көкөніс-бақша дақылдары мен картоп – 400 мың гектарға (85%), қант қызылшасы 20,5 мың гектарға (93%), мақта – 118 мың гектарға (100%), көпжылдық шөптер 352 мың гектарға (100%) егілді. 

Бұл ретте, оңтүстік өңірдегі облыстарда, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау облыстарында егіс жұмыстары аяқталуға жақын. Қазгидрометтің болжамына сәйкес мамырдың үшінші онкүндігі жаңбырлы болады деп күтілуде, әсіресе бұл Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарына қатысты.

«Осыған байланысты себуді оңтайлы мерзімде аяқтау үшін әрбір жаймашуақ күнді барынша жемісті пайдалану, тұрып қалуды болдырмау және мүмкін болған жағдайда, агрегаттардың екі ауысымдық жұмысын ұйымдастыру арқылы өнімділікті арттыру шараларын қабылдау қажет», — деді С. Омаров.

 

Тұқыммен қамтамасыз ету 

2020 жылдың астығына республика бойынша егіс науқанын жүргізу үшін 2,5 млн тонна тұқым дайындалды, бұл тұқымдық материалға деген қажеттілікті толық қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні барлық тұқымдар тексерілді, олар 100% кондицияға сәйкес келеді.

Жоғары репродукциялы тұқымдар 99% құрайды, оның ішінде 1-2 санатты егіс стандартына 1,2 млн тонна кондициялық тұқым, 3-санатына 400 мың тонна сәйкес келеді. Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарына осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. 

Минералды тыңайтқыштармен және өсімдік қорғау құралдарымен қамтамасыз ету

С. Омаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін жоғарылатуға әсер ететін факторлардың бірі — минералды тыңайтқыштарды ғылыми ұсыныстарға сәйкес енгізу. Бірақ, өкінішке орай, бүгінде 2,5 млн тонна қажеттілік кезінде республикада шамамен 500 мың тонна минералдық тыңайтқыштар салынды.

«Тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту мақсатында 2020 жылы 26,2 млрд теңге сомасында субсидия қарастырылған, бұл ретте осы жылы республикалық бюджеттен бөлінген 23,3 млрд теңгеге қоса 2,8 млрд теңге қосымша қаражат бөлінді, бұл шамамен 522 мың тонна минералды тыңайтқыштарды сатып алуды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 120 мың тоннаға артық», — деді С. Омаров.

26 мамырдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 395 мың тонна тыңайтқыш (жоспардың 76%-ы) жеткізілді, өңірлердегі сақтау қоймаларында қосымша шамамен 31,8 мың тонна тыңайтқыш бар. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасатын болады.

Тыңайтқыштарды енгізудің жоспарға сай серпіні Қызылорда облысында байқалады, онда енгізілетін минералды тыңайтқыштардың көлемі ғылыми негізделген норманың 93%-ын, Солтүстік Қазақстанда 36%-ды және Түркістан облысында 27% құрайды.

«Басқа облыстарда тыңайтқыш қолданудың төмен деңгейі байқалады, осыған байланысты барлық облыс әкімдіктеріне осы жағдайға ерекше көңіл бөлуді және жоғары өнім алу үшін тыңайтқыштарды сатып алу көлемін арттыруды ұсынамыз», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

2018 жылы тыңайтқыштарға субсидия алу үшін агрохимиялық картограммалардың болуы туралы талап енгізілген болатын. Шаруалар тарапынан білдірілген көптеген өтініштер есепке алынып, бұл талап 2021 жылға дейін кейінге қалдырылды.

«Біз шаруалардың дайындалуы үшін және топырақтың нақты агрохимиялық жай-күйін ескере отырып тыңайтқыштар қажет болған жерде ғана енгізілуі үшін уақыт (2 жыл) бердік», — деді С. Омаров.

Осы уақыт ішінде топыраққа агрохимиялық талдау жүргізу бойынша қызмет көрсететін, қазіргі заманғы жоғары технологиялық жабдықтары бар жаңа аккредиттелген зертханалар ашылды. 

С. Омаров зерттеу жүргізу үшін уақыттың жеткілікті болғанын, осыған байланысты облыстардың әкімдіктері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында 2021 жылы және одан кейінгі жылдары субсидия алу үшін топырақты агрохимиялық зерттеп-қарау қажеттігі туралы тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет екенін атап өтті.

Жергілікті облыстар бюджеттерінде пестицидтерді субсидиялауға 2020 жылға 37 млрд теңге көзделген, бұл шамамен 16,6 млн литр пестицидті субсидиялауға мүмкіндік береді.

Алғашқы рет гербицидтер ғана емес, сонымен қатар фунгицидтер мен инсектицидтер де субсидияланатын болады. Жалпы бұл егістіктің фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету

Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ақпан-маусым айлары мезгіліне 395 мың тонна дизель отыны бөлінді.

26 мамырдағы жағдай бойынша бекітілген Кестеге сәйкес 314 мың тонна немесе барлық көлемнің 80%-ын жеткізу бойынша шарттар жасалды, оның ішінде өңірлерге 259 мың тонна (65%) тиеп-жөнелтілді. 

 

Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы

Ауыл шаруашылығы құралымдарында көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының қажетті саны бар.

Жыл сайын машина-трактор паркін жаңарту бойынша және егіс техникасының заманауи түрлерін сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіледі. 

Министрлік облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, карантиндік режимнің қолданылу уақытында сервистік қызметтердің, сондай-ақ жөндеу бригадаларының кедергісіз қозғалуына қатысты барлық мәселелерді пысықтаған.

Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді. Қаражат республиканың 2,4 мың ауыл шаруашылығы өндірушісіне беріліп, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бағытталды. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінді.

26 мамырдағы жағдай бойынша 19,1 млрд теңгеге 331 өтінім қабылданды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыру жұмыстары басталды. 

24,5 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, оған бидай, арпа, майлы дақылдар және қарақұмық сияқты дақылдар сатып алынатын болады. Қазіргі уақытта 21,5 млрд теңгеге өтінім қабылданды.

Қамтамасыз ету ретінде екінші деңгейдегі банктердің де, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың да кепілдіктері қабылданады. Бұл фермерлердің өтімді кепілдерінің жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Көктемгі дала жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін қолда бар барлық ресурстар мен құралдар пайдаланылуда, бұл көзделген жұмыстарды оңтайлы аграрлық мерзімде аяқтауға алғышарттар туғызады», — деді С. Омаров сөзін түйіндеп.

Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде Мемлекет басшысының көктемгі егіс жұмыстарын арзандатылған бағамен дизель отынымен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп «Облыстарды МӨЗ-ге 2020 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша бекіту кестесі» бекітілгенін атап өтті. Бүгінде жоспардың 63%-ы немесе 245 мың тонна өңірлерге төмен бағамен жеткізілді.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бүгінгі күні литрі 165 теңгеден дизель отынын сатып алуда.

«Қосымша 62 мың тоннаға ұсыныс түсті. Біз оны қабылдадық. Қосымша 20 мың тонна жөнелтілді. Қалған жеткізілімдер бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі. Біздің тарапымыздан ешқандай кедергі жоқ», — деді Н. Ноғаев.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов ауылдық жерлерде коммерциялық емес кооперативтер құру жобасының нәтижелері туралы айтып берді. Жобаның мақсаты — кооперация есебінен жеке қосалқы шаруашылықтардың табысын арттыру.

«Бұл – шағын жоба. Өткен жылдың қыркүйек айында Ақмола облысы Ақкөл ауданында іске асырыла бастады. Алғашқы нәтижелер бар. Атап айтқанда, бордақыланған өгізшелерден түскен түсім аулалық бордақылауға қарағанда 35-40%-ға жоғары болды. Жоба шағын болғанымен, едәуір жұмыс жүргізілді. Жоба айтарлықтай нәтижелі болды», — деп А. Есімов, ауыл шаруашылығы министрі мен Ақмола облысының әкіміне осы жобаны одан әрі дамыту үшін назарға алу туралы айтты.

Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр жалпы егіс науқаны оңтайлы жылдамдықпен жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тұқыммен, техникамен, отынмен қамтамасыз ету проблемасы жоқ. Карантин кезеңінде фермерлердің сервистік серіктестігі және жабдықтардың тасымалдану мәселелері шұғыл түрде шешілді. Р. Скляр әкімдерге дизель отынын уақытында жеткізуді ғана емес, оның сапасының жақсы болуын да қатаң бақылауда ұстау қажет екенін атап өтті.